Конвергенттілік – технология заманының талабы

26 Қазан 2020, 16:33 4936

Ақпараттық және компьютерлік технологиялардың дамуы коммуникациялық процестердің деңгейі мен сипатын және қазіргі адамның ойлау қабілетін түбегейлі өзгертті. XX ғасырда адамзат жасаған өнертабыстармен жаңалықтардың арқасында жер шарының әр бұрышындағы адамдар арасындағы қашықтық бірнеше минуттан секундқа дейін қысқарды. Бұқаралық ақпарат құралдары – бұл тек дәстүрлі басылымдар, телевизия және радио ғана емес, сонымен қатар, әр жыл сайын дамып келе жатқан, бүгінгі таңдағы заман ағымына сай әлеуметтік өмірде ерекше орын алатын Интернет желісі. Жалпы адамзат  өркениетіндегі ақпарат көзі күн сайын виртуалды жүйеге ауысып келе жатқаны мәлім. Ғаламтор кейде теледидар мен радионың, газет пен журналдың орнын басып, өзіндік маңызды рөл көрсеткені құпия емес. Әлемде технологияның жетілуі күннен-күнге компьютер мониторларына, ноутбуктерге, ұялы телефон бетіне үңіліп отырған аудитория санының өсуіне әкелуде.  


Интернетті әйелдер көп қолданады

TNS Web Index мәліметтері бойынша, интернет — Қазақстандағы дамып келе жатқан бірден-бір медиа арна. Елде 77% халық ғаламтор сегментінің тұрақты тұтынушысы болып табылады. Яғни әлем бойынша Қазақстан интернет пайдаланушылар рейтингісінде 36 орынға жайғасты. 2016 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша Қазнеттің домендік сыйымдылығы 3,5% - ға, яғни 127235 доменге дейін өскен. Орта есеппен алғанда, 14 пен 54 жас аралығындағы азаматтар жүйелі түрде онлайн ресурстадын пайдаланып келеді. Интернетті пайдаланатын әйелдердің үлес салмағы - 52,2%-ды құрайды. Ерлер аудиториясының ең көп сегменті — 18-24 жас аралығында тек 13,5%-ды құрайды. Осылайша, Қазақстанның "орташа" интернет пайдаланушысы жас шамасы 25-тен жоғары әйел адамдар деген қорытынды шығарылады.

Кез келген өсіп келе жатқан интернет нарықтағы сияқты  Қазақстандағы пайдаланушылардың 67,5 пайызы ірі қалалардың тұрғындары. Бірақ өңірлік компаниялар алдағы екі жылда жарнама әлеуетінің қарқынды өсуін ескеруі керек, өйткені шағын елді мекендерде интернеттің ену өсімі жылына шамамен 40%-ды құрайды.

Атап кеткен жөн, қазір әртүрлі форматтағы семинарлар мен тренингтерге, форумдар мен жиналыс, мастер-класстарға сұраныс қазақ аудиториясында арта түсуде. Көп бөлігі психология, діни, бизнес және онлайн қаражат табу бағыттары бойынша медиа тренингтерге қатысып, сол бойынша ақпарат көздерінен мәлімет іздестіріп отырады.

Қызмет түрі бойынша ең көп пайдаланушылардың жартысын жұмысшылар мен қызметшілер тобы құрайды. Интернет-медиа арналар оқырмандардың қызығушылықтарын ескере отырып, өздерінің тақырыптық бағыттарын түрлі тақырыптар, кейде тіпті белгілі бір қызмет түрлері бойынша белгілейді. Ал жеке компаниялар интернет-сайттары өздерінің сатып алушыларымен тікелей кері байланыс орнатуға мүдделілік білдіреді.  

TNS медиа тұтыну нарығын талдау деректеріне сүйенер болсақ,  интернетті адамдардың көпгілігінің әдетте электрондық поштамен жұмыс істеу, қандай да бір ақпаратты іздеу немесе жаңалықтар оқу, көру үшін қолданатынын байқаймыз. Сондай-ақ, интернет пайдаланушылардың 54 пайызы интернет арналардан фильмдер қараса, 43 пайызы музыка тыңдайды екен.

Шымкенттіктердің әлжеліде белсенділігі төмен

Халықаралық SimilarWeb рейтингісінің әлеуметтік желілер бойынша - Инстаграм, Вконтакте, Твиттер, Facebook, іздеу жүйелері бойынша - Google, Яндекс, порталдар бойынша Mail.ru және YouTube видеохостингінің жиі пайдаланылатын ақпараттық алаңдар екенін абйқауға болады. Қазақстандықтар жиі қолданатын таңдаулы сайттарының үздік ондығында Aliexpress Қытай сауда алаңы – 8 орында, Kolesa.kz жергілікті автопорталы – 9 орында жайғасқан. Ал Instagram әлеуметтік желісінің рейтингі өзге әлжеләлердің басып озып, фото және бейне контент алмасу қызметі бойынша  рейтингтің көшін бастайды.

Бүгінде интернеттің қазақстандықтардың күнделікті тұрмысына енгені соншалық, қазір тіпті еңбектеген бала да, еңкейген кәрі де қолы қалт ете қалса, телефонына немесе ноутбукк шұқшия қалады.  Шын мәнінде бүгінде барлық  тұрмыстық сервистердің барлығы да интернет арқылы қашықтықтан жүзеге асырылады. Бұл уақыт, қаражат үнемдеуде қазақстандықтардың жұмысын жеңілдетіп, көңілінен шыққаны да ақиқат. Мәселен, қазір қарапайым поезға немесе самолетке билет сатып алудан бастап коммуналдық төлем, айыппұл төлеуге дейін интернет банкинг арқылы жүргізіледі. Заманауи технологияның жетістігі мен ғажабы да осында.  

Сондай-ақ, интернет желісі  табысты сауда-саттық алаңына айналды. Елімізде онлайн-сатылымдар үлесі бөлшек сауданың жалпы нарығы бойынша 1%-ын құрағанына қарамастан, электрондық коммерция көлемі шамамен $1,5 млрд.құрап, жыл сайын 25%-ға артып келеді. Алайда, сатып алулар негізінен шетелде жүзеге асырылады — ұлттық дүкендердің үлесі небәрі 10%-ды ғана құрайды. Бұл олқылықтың әлі де болса орны толады деп сенеміз.

Тағы бір қызықты дерекке назар аударыңыз: Қазақстан халқының 70%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Тағы да сол, ерлерге қарағанда, әйел адамдар әлжеліде жиі және ұзақ отырады. Сондай-ақ, ауылдықтарға қарағанда, қала тұрғындары әлеуметтік желіде белсендірек. Бір қызығы, отбасылы адамдар әлжеліден көп отырмайды. Неге екені айтпаса да түсінікті.

Қазақстандықтардың әлеуметтік желідегі белсенділігін сарапқа салар болсақ, ел аумағы бойынша әлжеліні пайдалануышылардың басым бөлігі – нұрсұлтандықтар екен, ал ең аз пайдаланатындар – шырайлы Шымкент тұрғындары.

Қазақстандағы интернет әлеуетін әлі толық ашпаған үлкен мүмкіндіктер арнасы болып есептеледі. Сондай-ақ, сарапшылар оның дағдарыс жағдайында бизнесті жүргізу үшін оңтайлы аумақ бола алатындығын және маркетингтік коммуникациялардың тиімді құралы ретінде пайдаланылуы керек екенін айтады. 

Қазақтілді интернет-арналарда «сары басылымның» сарыны көп

Бүгінде журналистиканың ғана емес, жаңа мамандық иелері интернет-блогерлердің айы оңынан туған заман. Алайда, қандай уақытта болмасын, қолына қалам ұстаған адам оқырман алдындағы жауапкершілігін ұмытпауы керек. Себебі, оқырмандар мен интернет қолданушылардың ойын қалыптастыруда қандай да бір түрткі болатын өздері тарататын ақпараттарына жауапты. Біздер, тілшілер жазатын мақаламыз бен шығаратын сюжеттеріміз ел әлеуметін көтеріп, олардың сауаттылығын арттырып, мәдениетін нығайтуымыз шарт. Өкінішке орай, қазір қазақ тілінде мәлімет алатын аудиториядан орыс тіліндегі аудитория әлдеқайда мықтырақ, сауатты және өз ойын нақты жеткізе алады. Себебі, қазақ тіліндегі оқырмандардың жарты бөлігін той-думан, шоу-бизнес өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі былай айтқанда «сары басылым» қызықтыратыны мәлім.

Заманауи журналистика және бұқаралық ақпарат құралдары үздіксіз трансформация тарихындағы айтарлықтай құнды дүниеге жатады. Д.Мак- Куэйлдің идеясы бойынша БАҚ үш бірдей күшті біріктіріп отыр. Олар: экономика, саясат және технология. Тәжірибе жүзінде аталған осы үш негізгі фактор қарқындылық дәрежесі әртүрлі кезеңдерде массмедиа дамуына шешуші әсер ететіні анық. Алайда, соңғы он жылдықта масс - медиа қызметіне цифрлық технологиялардың енуі бұқаралық ақпарат құралдары мен конвергенттік ортаны белсенді қалыптастыруына аса зор мән берілді.

Жаңа замандағы журналистика тек технологияның даму ағынына ғана емес, қазіргі жастардың қызығушылығына сай дүние жасау арқылы да көзге түсіп келеді. Мәселен, еліміздегі бірқатар телеарналар өздерінің сапалы контенттерін құру арқылы тек офлайн емес, сонымен қоса онлайн форматта да ақпарат таратып, көрермендер мен интернет пайдаланушыларды елде және әлемде орын алған соңғы жаңалықтардан хабардар етеді. Оны біз отандық ақпарат агенттіктердің сайттарына қарап та, әлеуметтік белсенділіктерін бақылап та анық айта аламыз. «Atameken Business» телеарнасы мәлімет таратуда шетелдік әріптестері кеңінен қолданатын жаңа форматты қолдана отырып, интернет жүйесінде жаңашылдық енгізуде. Мысалы, олар елде сирек кездесетін жолды таңдау арқылы ел назарын өздеріне аудартты. «Abc», «Cnn» сияқты ірі телекомпаниялар әлеуметтік желілері мен сайттарына оқиға орнынан тікелей байланысқа шығып, ең керек деген маңызды ақпараттарды беру арқылы жоғары рейтингтерін сақтап қалып отыр.

Қазақстандық онлайн БАҚ айтарлықтай дәрежеде дамуда. Қазақ тіліндегі әртүрлі сайттар мен порталдар саны өсуде, оның мемлекеттік тілге әкелер пайдасы орасан зор. Қазір интернет жүйеде өз актуалдылығыңды жоғалтып алмас үшін барынша интерактивті, жаңа идеяларға бай болуың шарт. Ақпаратты анағұрлым оперативті әрі нақты зерттелген мәліметтермен ғана жұмыс істеп неғұрлым жаңа форматтағы ақпараттарды таратқан жөн. Міне осы жолда қазақтілді контент жасаушы интернет порталдар мен ақпарат агенттіктері үлкен жұмыстар атқаруда.

Қазақша контенттің қалыптасуы мен даму бағыттары

Сәл тарихқа шегініс жасайық. Елдегі интернет жүйе алғаш рет 1994 жылдың қыркүйек айынан жұмыс жасай бастады. Осыған сәйкес елдегі ғаламдық желі сегменті «Казнет» атауына ие болды. Ол 2011 жылдың 30 қарашасында өз логотипін қолдана бастады. Қазақстандық интернет сегменттің жаңа белгісі ретінде қостанайлық суретші Юрия Новоселованың үлгісі таңдалынып алынды. Сол жылы Қазақстанның ең ірі телекоммуникациялық компанияларының бірі – «Қазақтелеком» АҚ-ы құрылды. Одан әрі қазақ тілінде алғашқы сайттар пайда бола бастады. Олардың қатарында жоғары оқу орнының ресурстарына онлайн жүйе де іске қосылды. Нақтырақ айтсақ, ҚазМУ-нің электронды картасы жасақталды. Интернет арқылы тұрақты радиотрансляция жүзеге асырылды.

Қазнеттегі медиа порталдардың дамуындағы тағы бір мәселе - біздің сайттардың нақтылай таралмауында. Пайдаланушылардың көпшілігін шын мәнінде назарға лайық ресурс тарататын сайттар мен порталдардан хабарсыз екені анық. Респонденттердің 86 пайызы Қазнетте де теледидар сияқты бірегейліктің жоқтығына сенімді.

Бұл жағдайда қазақ контентінің толыққанды дамуына кедергі келтіретін бірқатар себептер бар: біріншіден, бұл ресейлік ресурстар тарапынан басым бәсекелестік, екіншіден, ақпараттық - коммуникациялық технологиялар мәселелерінде халықтың төмен сауаттылығы, үшіншіден, интернет- тарифтердің қол жетімсіздігі және қазақстандық ресурстардың инвестициялық тартымдылығының төмен дәрежесі.

Алайда, ақпарат нарығында Қазнеттің көптеген ресурстарын тұтыну деңгейі өсуде. Тұтынушыға тек мәтіндік форматтағы ақпаратты ғана емес, сондай-ақ бейнені пайдалануға, сондай-ақ үлкен көлемді файлдарды жүктеуге мүмкіндік берілген.

Пайдаланушылар санының көбеюі көптеген баспа басылымдары мен телеарналардың ғаламторға шығуы арқасында орын алып отыр.

XXI ғасыр бүкіл ғаламды интернет желісі жайлаған кезең болды. Бүгінде біздің    жоғары       технология мен          иновациялық        идеялардың, жобалардың кеңінен қолданылуы мен дамуы ақпаратты тарату мен алуды қажетті етіп отыр.

Әлемдік интернет бұқаралық ақпарат құралы ретінде Қазақстанда XX ғасырдың соңында танымалдыққа кеңінен ие бола қоймады. Сол кезеңдегі виртуалды кеңістікті игерілген аумақ ретінде қарастырауға болады. XXI ғасырдан бастап елдегі интернет жүйелі дамуға түсті.

Қазір әлеуметтік  желілер кеңінен қолданысқа ие болып отыр. Ол тек ойын- сауықтық форматта емес, сондай- ақ ақпарат көзі мен жаңалықтар айдыны болып отыр. Онымен қоса, аудитория көбейген сайын келетін кіріс те бірнеше есе өсіп, табыстың молаятыны сөзсіз.

Блогер деген кім?

Журналистер жаңалық тарату технологияның дамуына байланысты өзгермейді, ол жастардың көзқарасы бойынша өзгеріске ұшырайды. Ал жастар әлеуметтік желіде өздерінің уақыттарының көп бөлігін өткізеді. Қазіргі таңдағы трендке айналған әлеуметтік желілерге: Инстаграм, Твиттер, Фейсбук, Ютуб және Телеграм желілері кіріп отыр.

Соңғы кездері Қазақстанда блог жазу дамып келе жатыр. Желілік журналистиканың бұл саласында журналист-блогерлер мен әртүрлі салада қызмет ететін блогерлер саны өсуде. Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер, мемлекеттік жұмысшылар, үйбикелері, зейнет жасындағы қариялар, студенттер мен оқушылар да бар. Сонымен қоса шекарадан асып, алыс-жақын шет елдердегі блогерлер бірігіп, қызықты жобалар мен қоғамдық топтар құрып жатыр.

Блог жазу үшін қысқа мәтіндер мен жинақы ой қажет. Оның ерекшелігі- қаралымның шексіздігінде, оқырманның алуандылығында. Блокингте байланыс онлайн түрінде жүргізіледі. Оны электрондық пошта, жаңалықтар желісі, веб-форумдар мен онлайн чаттар құрайды. Сондай-ақ, дербес сайттар және блог авторының жеке жазбалары мен қолданушылардың қалдырған ой- пікірлері бар.

Алғашқы блогтың авторы Тим Бернерс-Ли. Тим Бернерс Ли өз жеке парақашасын 1992 жылдан бастап жүргізді. Блогында ол жаңалықтар мен ой- пікірлерін жариялап, оқырмандарымен бөлісіп отырған. 1996 жылы блог жазу танымалдылыққа кеңінен ие болды.

Бүгінгі таңда ғаламтордағы бұл атақты сала жазбаларының қарапайымдылығымен және кең алуандылығымен, оларды еркін түрде әрі оңай енгізілуімен ерекшеленеді. Қолданушылар қарапайым жолмен веб-жүйеге өздері туралы жеке мәліметтерді енгізу арқылы тіркелгеннен кейін, өз блог жинақтамасын жаңа жазбалармен толтыра алады. Жүйе жаңа енгізілген жаңалықтарды лентаның ең жоғарғы бетіне енгізіп, пайдаланушы серверді жаңартқан кезде бірден енді салынған ақпараттарды оқи алатын мүмкіндік тудыртады.

«Блог» терминін Йорн Баргер 1997 жылдың 17 желтоқсанында енгізген. Араға екі жыл салып, Pyra Labs компаниясының өкілі Эван Уильямс бұл терминді зат есім және етістік ретінде қолданғаннан соң, әлемдік тарихта «блоггер» сөзі қалып қойды.

Әлеуметтік желілер топтасудың құралы

Аудиторияның көп бөлігі онлайн әлеуметтік желілерге қарай бет алуда. Өйткені, бұл ресурстардан әртүрлі типтегі мағлұматтар мен ақпараттарға қол жеткізуге болады. Бұл кәдімгі телевизия, радио мен басылымдарға қарағанда, анағұрлым тиімдірек. Блогосфера идеяны дамытып, саяси көзқарастарды білдіруге ашық сөз майданы, жеке кәсіптің проблемаларын шешіп, дамытуға көп үлесін тигізеді. Сондай-ақ, кез-келген әлеуметтің өзекті мәселелерін қозғауға, олардың шешімін табуға көмектеседі. Мысалы, қазір әлеуметтік желілер арқылы белгілі бір тұлғалар Интернет қолданушыларды ауыр сырқаттанып жатқан балғындарға көмек ретінде қол ұшын беріп, қажетті сумманы жинап беруге шақырып жатады. Осылайша, телевизия мен радио бере алмайтын, таратуға мүмкіндігі жоқ мәліметтер мен жаңалықтарды интернетте кеңінен таратуға болады.

Әлеуметтік желілерде адамдардың ақпарат алмасуы жаңалықтың жан-жақты болып, әртүрлі деңгейде зерттеліп, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына, оның өсуіне үлкен әсерін тигізбек. Мәселен, краудфандинг саласы енгеннен бастап интернет жұмысы едәуір жоғары сатыға шыққанын байқаймыз. Яғни, ғаламтордағы желі арқылы жақсылық жасауға ниетті бірнеше топ, қарапайым жандардан жиналған қауымдастық белгілі бір адамдардың мұқтаждылығына немесе ұйымға өз еркімен ақшалай не басқа ресурстарды бөліп көмектесе алады. Ол әртүрлі мақсатта жүзеге асуы мүмкін: дүлей апаттардан зардап шеккендерге, жанкүйерлерге көмек ретінде, саяси ұйымдарға қолдау көрсетуге, стартап шағын компанияларды қаржыландыру үшін, шағын бизнесті дамыту мақсатында, тәуелсіз бағдарламалық жүйені құрастыруға, бірлескен инвестициядан түсетін пайдаларды қолдануға мүмкіндік береді.

Болашақта интернет әлемінде бұдан өзге тағы да ерекше функцияларды енгізіп, адамдар өмір сүруіне одан әрі қолайлы жағдайлар жасалуы мүмкін. Бұл қолданушылардың бір- біріне көмектесуге де өз әсерін бермек.

Кемшіл тұстарына келер болсақ, адам баласының виртуал әлемге толықтай бас сұғып, реалити тарапты ұмытып кетуі аса қорқынышты жағдайларға әкеп соқтыруы да мүмкін.

Журналист пен блогердің айырмашылығы неде?

Блогосфера терминінен кейін құрылатын жаңа сөз «ноосфера». Барлық блогтардың бір қауымдастық ретінде және әлеуметтік желі ретінде қарастыратын жиынтықты құрайтын блог жүйесі жаңашылдық пен «ноо саланың» бір көрінісі, айғағы екені рас. Блогерлер бірі-бірімен тығыз байланыс орнатып, қолдау көрсетіп, серіктестік құру арқылы белгілі бір өздеріне тән субмәдениттің негізін қалап отыр. Әртүрлі веб- сайттар мен интернет- форумдар арқылы бұл сала да динамикалық бүкіл әлемдік ақпаратты тұтастықты құрайды.

Мәселе сайттың, материалдардың мазмұны ретінде емес, әзірлеушілер өз өнімін қалай береді, сонда. Блогерлердің танымалдығын қалай түсіндіруге болады және оларды неге жаңа медиа журналистері деп санайды? Өйткені, егер сырттан қарайтын болсақ, дәстүрлі және жаңа БАҚ арасындағы басты айырмашылық кәсіби журналистер өз ұстанымын фактілерге негіздейді және блоггерлер мен "азаматтық журналистерден" өзгеше, өз идеясын "насихаттайтын" жеке көзқарасын айтуға ұмтылмайды. Бұл жағдайда іздеуге қосымша уақыт кететін бір тақырып бойынша түрлі пікірлерді қайта оқуға тура келеді.

Блог жүргізу тарихына келер болсақ, мамандар әлі күнге дейін алғашқы блогтың шығу датасын, оны кім жасағандығы туралы мәліметтер турасында қызу талқылауға салады. Бірақ жүйенің даму кезеңі өткен ғасырдың 90 жылдарында анық бекітілді. Джастин Холл, Дэйв Вайнер секілді азаматтар ғаламтордағы алғашқы онлайн күнделіктерін жүргізе бастаған жандар. Weblog сөзін алғаш рет 1997 жылы Джорн Бэргер logging thaweb сөйлемшесінен қолданып алған.

Кейіннен blog сөзі арнайы toblog етістігінен алынып, «іс- әрекет жасау, интернет- күнделік құраушы жүйе» ретінде сақталып қалды. Танымалдылық 1999 жылы арнайы Blogger порталының құрылғанынан кейін келді.

Ол тегін, бәріне бірдей қолжетімді, қолданысы өте қарапайым әрі ыңғайлы блогерлік салаға белгілі бір ұшқын сыйлаған сайт болды. Ал сіз бен біздің білуімізше тегін жерде қашанда сұраныс пен қызығушылық көп болады.

Көрсетілген ғаламтор сайтында мәдениет пен жоғарғы технологиялар салаларының даму жолындағы өзгерістер жайында ақпараттар беріліп, осы бағыттағы актуалды мәселелер мен оның шешу жолдары баса назарға алынатын болған. Бұл сайт оқырмандар арасында кеңінен тарап, атақты болды. Бірақ қаржы мәселесі кері айналып өткен, материалдық проблема сайттың әрі қарай дамуына өз кедергісін тигізіп, соңында сайт өз жұмысын тоқтатты. Дегенмен, осындай сайттар алғашқы блокингтің жандануына өз үлестерін айтарлықтай деңгейде қоса білді десек артық айтпағанымыз. Бүгінгі таңда медианың осы түрінің мәнін көрсететін белгілі бір терминді таңдау жөнінде көптеген пікірлер бар екенін атап өту қажет. Атап айтқанда, ресейлік теоретиктердің бір бөлігі желілік журналистика ұғымын ұстанады, ағылшын тілді ғалымдар мен практиктерде on-line терминіне бейімділік немесе кибер-журналистика (on-line or cyber journalism) деген ұғым бар. Бұл бағыттағы отандық зерттеушілер интерактивті немесе интернет-журналистика ұғымын қолданады.


Сабина Кәкімжан
Бөлісу: