Конституциялық соттардың Дүниежүзілік V конгресі өтіп жатыр

6 Қазан 2022, 02:20 1025

Конгресс аясында КСДК Бас хатшысы Шнутс Дюрр мырза Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының мәліметтер базасының таныстырылымын өткізді.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми Индонезияда КСДК Хатшылығы мен Индонезия Конституциялық Соты ұйымдастырған "Конституциялық Сот төрелігі және бейбітшілік" тақырыбындағы Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның 5-Конгресіне қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

Конституциялық кеңес баспасөзінің мәліметіне қарағанда, Конгресс жұмысына әлемнің 90-нан астам елінен Конституциялық соттардың және оларға теңестірілген мекемелердің делегациялары қатысты. Іс-шараның ашылу салтанатында Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодо мырза құттықтау сөз сөйледі.

Конгресс конституция мен конституциялық соттардың қоғамдағы әлеуметтік бейбітшілікті қолдаудағы рөлі, адам құқықтарын қорғау және заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған төрт сессиядан тұрды. 

Қ.Мәми "Құқық қолдану" сессиясында модератор болды, онда қоғамдық келісім негізінде жатқан конституциялық ережелерді жүзеге асыру мәселелері қаралды.

Отырысты аша отырып, Қ. Мәми конституционализмді нығайту және құқық үстемдігі қағидаттарын күшейту бейбітшіліктің, келісімнің және мемлекеттің үдемелі дамуының кепілі екенін атап өтті. Конституциялық бақылау органдарының қызметі азаматтық бейбітшілікті бұзудың ықтимал себептері болатын заңнамада және оны қолдану практикасында қайшылықтар мен олқылықтарды анықтаумен байланысты.

Форумға қатысушылар конституциялық әділет органдарының бейбітшілікке, әлеуметтік және өзге де жанжалдарды реттеуге қатысты Конституцияның ережелерін түсіндіруі, сондай-ақ Конституциялық соттардың қызметі мәселелерін талқылады.

119 елдің өкілдерін біріктіретін КСДК Бас Ассамблеясында Бюроның жаңа мүшелері сайланды, оның қызметі туралы есеп және мемлекеттердің қаржылық жарналарының мөлшері бекітілді.

Конгресс аясында КСДК Бас хатшысы Шнутс Дюрр мырза Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясының мәліметтер базасының таныстырылымын өткізді.

Конгресс қорытындысы бойынша адам құқықтары мен демократиялық құндылықтарды қорғау елдегі әлеуметтік бейбітшілікті қамтамасыз етудің қажетті шарты болып табылатыны айтылған Коммюнике қабылданды.  

EL.KZ
Бөлісу: