Конституциядағы жаңа өзгерістер: цифрлық деректеріңіз қалай қорғалады?

Конституциядағы жаңа өзгерістер: цифрлық деректеріңіз қалай қорғалады?

Аян Қайырбаев
Фото: El.kz коллажы

Цифрландыру күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, цифрлық құжаттарды пайдалану, банктік операциялар жасау кезінде азаматтың аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, байланыс ақпараты, биометриялық мәліметтері секілді деректер цифрлық жүйелерде өңделеді. Сондықтан жеке ақпараттың қауіпсіздігі мен оған кімнің қол жеткізе алатыны барған сайын маңызды мәселеге айналып отыр.

Азаматтың деректері кімге тиесілі?

Қазақстанда бұл бағыттағы құқықтық база соңғы уақытта жаңартылып келеді. 2026 жылы дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның ішінде цифрлық объектілердегі деректерді қорғау, азаматтарды өз деректеріне жасалған әрекеттер туралы хабардар ету және үшінші тұлғалардың цифрлық мәліметтерге қол жеткізу тәртібін нақтылау мәселелеріне басымдық берілді. 

Заңнама бойынша дербес деректер – белгілі бір адамды анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтер немесе олардың жиынтығы. Оған тек аты-жөн немесе ЖСН ғана емес, биометриялық және басқа да адамды сәйкестендіруге мүмкіндік беретін ақпараттар жатады. 

Дербес деректерді жинау мен өңдеу кезінде адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заңдылық және деректердің құпиялылығы негізгі қағидаттардың қатарында. Жалпы ереже бойынша деректерді жинау және өңдеу азаматтың немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылады.

Бұл талап азаматтың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі болып саналады.

Азамат өз деректеріне жасалған әрекетті біле алады

Жаңартылған құқықтық тетіктердің маңызды бағыттарының бірі – азаматтың өзінің дербес деректеріне қатысты жүргізілетін әрекеттер туралы хабардар болуы.

Азамат мемлекеттік органдардың және мемлекеттік заңды тұлғалардың цифрлық объектілеріндегі өзінің деректеріне қатысты қол жеткізу, қарау, өзгерту, толықтыру, беру, бұғаттау немесе жою сияқты әрекеттер туралы ақпарат алуға құқылы.

Сондай-ақ оның деректерін жинауға немесе өңдеуге келісімі бар меншік иелері мен операторлар туралы мәлімет ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Яғни цифрлық ортада деректерді қорғау тек «ақпаратты сақтау» ұғымымен шектелмейді. Азаматтың өз мәліметтерінің қалай пайдаланылып жатқанын білуі де маңызды.

Үшінші тұлғалардың қолжетімділігі қалай реттеледі?

Цифрлық құжаттар сервистері кеңейген сайын азаматтың мәліметтерін үшінші тұлғаларға ұсыну мәселесі де өзекті бола түсті.

2026 жылғы 25 маусымда цифрлық құжаттар сервисі арқылы үшінші тұлғалардың цифрлық мәліметтерге қол жеткізу тәртібін белгілейтін арнайы қағидалар бекітілді. Құжат дербес деректерді міндетті түрде қорғау жағдайында цифрлық мәліметтерге қол жеткізуді реттейді және 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді. 

Бұл тетік цифрлық құжаттарды пайдалануды жеңілдетумен қатар, азамат туралы ақпаратқа қол жеткізу кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын көздейді.

Деректер базасы қалай қорғалады?

Қазақстан заңнамасында дербес деректерді қамтитын цифрлық ресурстарды қорғауға да нақты талаптар қойылған. 2026 жылғы өзгерістердің бірі цифрлық объектілердегі дербес деректерді қорғау үшін бүркемелеу және хештеу әдістерін қолдануды көздейді. 

Бұдан бөлек, дербес деректерді жинау және өңдеу олардың қорғалуы қамтамасыз етілген жағдайда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Заңда дербес деректерді қорғау мемлекет кепілдік беретін құқықтық қорғау нысаны ретінде бекітілген. 

Деректерді сақтау бойынша да талап бар: заңда белгіленген жағдайларда дербес деректер Қазақстан Республикасының аумағындағы базада сақталуға тиіс. 

Қауіпсіздік бұзылса не болады?

Цифрлық жүйелердің дамуы киберқауіпсіздік мәселесін де қатар алып келеді. Егер дербес деректердің қауіпсіздігі бұзылса, азаматтарды мұндай жағдай туралы хабардар ету тәртібі заңнамада қарастырылған. Арнайы қағидалар деректер субъектілерін қауіпсіздік бұзылғаны туралы хабардар ету механизмін айқындайды. 

Бұл азаматқа өз деректерінің қауіпке ұшырағанын дер кезінде білуге және қажетті қауіпсіздік шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

Конституциялық құқық пен цифрлық қауіпсіздік

Цифрлық технологиялар дамыған сайын адамның жеке өміріне қол сұқпаушылық, ақпараттың құпиялылығы және дербес деректерді қорғау мәселелерінің маңызы арта береді.

Қазақстандағы жаңа цифрлық реттеу осы талаптарды құқықтық тұрғыдан нақтылауға бағытталған. Азамат үшін басты қағида қарапайым: жеке дерек – жай ғана цифрлық ақпарат емес, адамның құқықтары мен жеке өміріне қатысты маңызды мәлімет.

Сондықтан цифрлық қызметтерді пайдаланғанда азаматтардың өз келісімін қайда беріп отырғанына, қандай ақпарат сұралатынына және оны кім өңдейтініне назар аударуы маңызды. Ал мемлекет пен ұйымдардың міндеті – азаматтың деректерін тек заңда белгіленген негізде пайдаланып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осылайша, цифрлық қоғам жағдайында Конституцияда бекітілген құқықтарды тиімді қорғау тек қағаз жүзіндегі кепілдіктермен шектелмей, деректерді жинаудан бастап оларды сақтау, пайдалану және жоюға дейінгі бүкіл цифрлық процесті қамтитын жүйеге айналып келеді.

Оқи отырыңыз

{