Конституция – елдігіміздің қасиетті кітабына айналған қастерлі құжат

30 Тамыз 2020, 18:09 6028

ҚР Конституция күніне арналған сауалнама

30 тамыз – ҚР Конституциясы күні. Конституция мемлекетіміздің құраушы басты заң, басты кітап болып саналады. Биыл тәуелсіз еліміздің Ата Заңы қабылданғанына ширек ғасыр – 25 жыл толып отыр. Біз осы мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдеріне мынадай бірнеше сауалнама жолдап көрдік.

1. ҚР Конституциясы сіз үшін қандай мән мен маңызға ие?

2. ҚР Конституциясымен толық танысып шыққансыз ба?

3. Заңнамада бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесі туралы ойыңыз қандай?

4. Президент Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы халыққа жолдауында «Заман талабына сай тиімді мемлекет» қалыптастыруда азаматтық қоғамды нығайту үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет деген болатын. ҚХА – азаматтық қоғамның басты институты ретінде осы бір жыл ішінде қандай мақсаттарға қол жеткізді?

5. Конституциялық заңда көзделген ҚХА-ның елдегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету функциясын атқаруға қауқарлы өзге альтернативті ұйымдар бар деуге бола ма?


Шерзод Пулатов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы: 

1. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ҚР Конституциясы – біздің барлық табысымыздың бастауы. Елдігіміздің қасиетті кітабына айналған қастерлі құжат – татулық пен тұрақтылықтың тұғыры» деп атап өткендей, бүгінгі күні жеткен жетістіктеріміздің бәрі осы Ата Заңымыздың негізінде деп білемін. Еліміз аздаған жылдың ішінде ұлттық бірлік, ынтымақтастық пен татулық арқасында зор табысқа кенеліп, демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет орнатып, сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық өркендеу тұрғысынан достас елдер арасында көш бастап келеді. Яғни, мемлекетіміздің дамуына қазіргі қолданыстағы Конституцияның ықпалы өте зор. Бұл көзқарасты барлық өркениетті ел де мойындап отыр. Мен үшін Конституция заңдардың қайнар көзі әрі бастауы болып саналады, сондай-ақ, елдегі әр азаматтың тең құқылы, азат та еркін өмір сүруін қамтамасыз ететін әлеуетті Ата Заң.

2. Иә, әрине, Ата Заңымызбен толық танысқанмын. Өз басым еліміздің әрбір азаматы ҚР Конституциясын жатқа білмесе де, толық оқып зерделеуге міндетті деп санаймын. Сондай-ақ, Ата Заңымызды бұзбай, оның талаптарын орындаса, кеме басын Мәңгілікке Ел қағидасына бұрған ұлы даламыздың шаңырағынан береке кетпей, тұғыры биік, алар асуы мол болатынына кәміл сенемін.

3. Заңнамада ҚХА құқықтық мәртебесі былай көзделеді: Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы ҚР мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыруға, саяси-қоғамдық мәселелерді тұрақтандыруға, мемлекеттік және қоғамның өзге де азаматтық институттарының этносаралық қатынастарға байланысты өзара іс-қимылының тиімділігін жоғарылатуға арналған. Бұл орайда Конституция ҚХА-ның мәртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысынының ұйымдастыру тәртібін нақтылайды.

4. Еліміз биыл ҚХА жиырма бес жылдығын, сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнін де жиырма бесінші рет тойлады. Мұндай айтулы қос мерекенің қатар келуі жай сәйкестік емес, заңдылық. Өйткені маңызды мереке мен ҚХА қызметінің мәні мен мағынасы толық сәйкес келеді. Бұл– жалпыұлттық ынтымақты нығайту, этносаралық қатынастардың тұрақтылығы мен жарасымы, Қазақстан халқының мәдениетаралық диалог пен қоғамдық келісім аясында бірігуі.

Біздің ұстанымымыз: «Елдің татулығы– оның әралуандығында!». Біздің еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін сақтауға және дамытуға жақсы жағдай жасалған. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі алда деп ойлаймын. Мұндай дәрежеге жету жолында бәріміз бірігіп жұмыс жүргізуіміз керек.

5. Мен барлық қазақстандықтар еліміздегі жалпыұлттық бірлік пен татулықты насихаттауға тиіс деп ойлаймын. Өйткені, тәуелсіздіктің тұғырлы болуы, ең алдымен, осы бірлікке байланысты. Сол себепті, ұлтаралық келісім – ең маңызды жетістіктердің бірі және ұлттық мәселелердің ғылыми шешімінің негізі деп білемін.

Әскер Пириев, «Ахысқа» түрік этномәдени орталығының Төрағасы:

1. Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің мемлекетшілдігін жүзеге асыру барысында құнды да маңызды Конституцияны өзіне басты кітап ретінде таңдап, оны жасайды. Қазақстан Республикасы бұл мәселеден тыс қалған жоқ. Тіпті, оған қазақша есім-сой беріп, Ата Заң дейді. Менің ойымша, Ата Заң деген атау бұл кітапқа берілетін ең дұрыс, ең әдемі ат. Неге деген сұраққа жауап берсем, өте көп заң, одан бөлек заңға байланысты түрлі кітаптар бар. Алайда басты заңымыз, бұл Ата Заң – Конституция. Жеке мен үшін, бүкіл құқығымды қорғап, сонымен қатар, маған азамат ретінде беріліп жатқан бар мүмкіншілік осы кітапта жазылған. Тура сол сияқты Қазақстанның кез келген азаматы үшін маңызы зор кітап осы Конституция болып саналады. Сондай-ақ, тәуелсіз және зайырлы мемлекет үшін одан құнды кітап жоқ деп ойлаймын.

2. Конституциямен толық таныстым деп айта алмаймын. ҚР Конституциясы менің студенттік шағымда қабылданған болатын. Тәуелсіз елдің заңы еніп, тарихи сәт туғанда, әрине, қызығушылық болып, бастан-аяқ оқып шыққан едім. Кейін келе енгізілген өзгерістерге байланысты, нақты сол жерлеріне шолу жасап, оқып шығуға тура келді. Жалпы ҚР Конституциясын білемін деп айтуыма болады.

3. Қазақстан халқы Ассамблеясы – әлемде теңдесі жоқ, бір емес бірегей қоғамдық институт. Оған Конституциялық статус берілгенінің өзі үлкен бір әңгіменің басын ашады. Расында сол Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған кезде еліміздің ішінде түсініспеушілік болып, қоғамда әртүрлі пікірлер туындады. Оны бүгін де жоққ шығармаймыз. Яғни, қазір де болып жатыр. Біз 25 жылдың ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қаншалықты керек екенін түсіндік, Қоғам болғаннан кейін түрлі пікірлердің айтылатыны анық, оның бәрі заңдылық. Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының басты жүзеге асыратын мәселесі, ол – қоғамның бірлігін, жалпыұлттық татулықты қалыптастырып, оны ары қарай нығайту. Бүкіл республика аумағында аталған жұмыстар 25 жыл бойы атқарылып келе жатыр. Біз өзіміз этномәдени орталық ретінде көптеген ұқсас іс-шараларға атсалыстық, белсенді болдық. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке өлшеусіз үлесін қосқан ҚХА мүшелері бұл жұмыстың қандай ауқымды, нендей маңызы бар екенін біледі.

Бүгінде аз да болса әлеуметтік желілерден «ҚХА тарату керек» деген пікірлерді көз шалып қалады. Мұны сол азаматтардың жеке ойы деп қана қабылдаймын, сондай-ақ, ҚХА негізгі бағытын түсінбеген және ассамблеяның жұмысымен толық таныс емес кісілер деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы Тәуелсіздік күнінің ертесінде құрылды. Бүгінде 25 жыл бойы жұмыс істеген ұйымның мемлекетіміз үшін өзекті мәселелерді шешуде өзіндік рөлі бар және болашақта да ісін дамыған түрде жалғастыра береді деген сенімдемін. ҚХА – бүкіл әлемге маңыздылығын танытып, тәнті еткен Қазақстандық бренд әрі теңдессіз этносаралық келісім моделі.

4. 2019 жылы Президентіміздің халыққа Жолдауында айтылған мәселелер – бұл заманның талабы. Қазіргі кезбен осыдан 20 жыл немесе 30 жыл бұрынғы уақытты салыстыру мүмкін емес. Бұған үлкен дәлел – биылғы пандемияға қарап заманның және ғаламның қандай өзгерістер алып келетінін көріп отырмыз. Ешқашан балалардың мектепке бармай, үйден шықпай сабақ оқуын елестеткен емеспіз. Мұндай ауқымды, дүнижүзін жайпаған пандемияның болатынын ешкім білген жоқ. Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы, басқа да мемлекеттік органдар, қажет болса қоғамдық бірлестіктер, одан қалса еліміздің әрбір азаматы мемлекетте ғана әлем, әлемде болатын өзгерістерге дайын болу керек екенін бізге дәлелдеп берді.

Біз бұл жылды әлі қорытындылаған жоқпыз. Алдымызда атқарған жұмысымызға есеп беретін біраз уақыт бар. Сонда да біршама маңызды шаруалар айтылуға тиіс. Ол, ең алдымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының пандемия кезінде карантин жағдайына да қарамай өз ісін жалғастыру беруі. Өтуі керек іс-шара, жиындардың ешқайсысы онлайн формат мүмкіндігінің арқасында кейінге қалдырылған жоқ. Басқа да жоспарлы жұмыстарын ҚХА бар мүмкіндігін пайдалана отырып атқарды. Жоғарыда атап өткенімдей, барлық алға қойылған мақсаттың орындалуы туралы айту ертерек, оның бәрін жыл соңында біле жатасыздар.

5. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі қызметі – проблеманы болдырмау. Дегенмен, оны толық болдырмау қиын мәселе. Әлемнің ең дамыған мемлекеттерінде де әртүрлі қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық институттар, тіпті, мемлекеттік органдар да қанша алдын алғанмен пролемалар туындаған, сондай-ақ, дәл қазір де бар және болашақта да болуы мүмкін. Біз соны ұмытпуымыз керек.

Ал ол мәселелерді шешуге құқық қорғау органдары мен басқа да жауапты органдар, қоғамдық бірлестіктер, жергілікті әкімшіліктегі түрлі кеңестер, ақсақалдар алқасы сияқты ұйымдардың бәрі атсалысады. Мұнда сол мәселенің түріне қарап шешімін іздеу керек. Бір адамды емханаға апарған кезде, дәрігер оның диагнозын қойғаннан кейін ғана емін тағайынтыны сияқты, проблемаларды шешу бағытында да оның себебін білгеннен кейін ғана нақты іс жүзеге асырылады.

Әрине, этносаралық кикілжің бүкіл әлемде болатын нәрсе. Алайда екі азаматтың арасындағы өзара ұрыс-керісті, бірден этносаралық деңгейге көтеру дұрыс емес. Тұрмыстық кикілжің бол қалса, оны сондай даулы мәселеге айналдыру түсінігін түбегейлі өзгерту керек деп ойлаймын. Ал альнернативті ұйымдарға келсек, қажет болған жағдайда жоғарыда санамалап өткен ұйымдардың бәрі соған жатады. Яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясы сияқты әр ұйымның өзіндік маңызды функциясы бар.

Міне, осы сұрақтарға жауап іздеуімізге бірден-бір себепкер ҚР Конституциясы. Ата Заңымыз қазіргідей берік әрі тұғырлы болғанда біз өздігімізден ештеңені көктен алмаймыз. Бәріміз осы елдің азаматы болғандықтан, заң бәрімізге ортақ. Мұның барлығы Конституциямызда нақты шегеленіп жазылған. Ендеше, келген Ата Заңымыздың 25 жылдығы құтты болсын демекпін!

(Суреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан алынды)
Назерке Чакирбаева
Бөлісу: