Алда 15 наурызда өтетін референдумда қазақстандықтар жаңа конституцияға қатысты өз таңдауын жасайды. Бұл – жай ғана дауыс беру емес, елдің болашағын айқындайтын маңызды шешім болмақ. Егер жоба қолдау тапса, Ата заңның басым бөлігі жаңарып, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынас жаңаша сипат алады. Ендеше, құжатта қандай өзгерістер ұсынылып отыр, бірге саралап көрейік.
30 жылда Ата заңға 6 рет түзету енгізілді
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның Ата заңы алты рет өзгертілді. Атап айтқанда, 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары. Ширек ғасырдан астам уақытта елдің басты құқықтық құжатының 55 бабына 1100-ден астам толықтыру мен түзету енгізілген. Бұл – Конституцияның қоғаммен бірге дамып, уақыт талабына бейімделіп отырғанының көрінісі.
Оқи отырыңыз:
Алайда алдағы өзгеріс ауқымы жағынан бұрынғылардан ерекшеленеді. Егер жаңа редакция жалпыхалықтық референдумда қолдау тапса, 77 бап қайта жазылады.
Конституция мәтінінің 84%-ы өзгереді
Президент былтырғы жолдауында конституцияны реформалау жөнінде бастама көтерген еді. Бұған дейін қоғамда Ата заңның кейбір нормалары заман талабына толық сай келмейтіні туралы пікірлер айтылып келгенімен, нақты саяси үдеріс дәл осы жолдаудан кейін қарқын алды.
Қазан айынан бастап Конституцияға қатысты азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау мақсатында e-Otinish және eGov порталдарында «Парламенттік реформа» атты арнайы бөлім ашылды. Бұл алаң арқылы тұрғындар өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар жеті саяси партия мен жетекші саяси институттар да өз ұсыныстарын ортаға салды. Нәтижесінде Парламентаризм институты екі мыңға жуық ұсынысты саралап, жүйелеумен айналысты.
Ұсыныстар бірнеше апта бойы талқыланып, 21 қаңтарда құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия үздіксіз жұмыс жүргізді.
Ата заңға енгізілетін түзетулердің жиынтық жобасы Преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Жобаға «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілген. Бұдан бөлек, төрт бөлімнің атауы өзгертілді. Жалпы өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзету енгізуді көздейді. Бұл қолданыстағы Конституция мәтінінің шамамен 84 пайызы жаңартылатынын көрсетеді.
Жаңа конституция – мемлекет үшін емес, адам үшін жасалған – сенатор
Қазақстан Республикасының жаңа конституция жобасы жекелеген баптарды түзету ғана емес, мемлекеттің даму логикасын қайта айқындайтын тарихи құжат ретінде ұсынылып отыр. Осы орайда Парламент Сенатының депутаты Амангелді Нұғманов құжаттың мазмұнына жан-жақты тоқталды.
Сенатордың айтуынша, Конституция – рәсімдер жинағы емес, ол қоғамды біріктіретін құндылықтық бағдар. Құжат мемлекетті тек басқарушы құрылым ретінде емес, әділет пен жауапкершілікке негізделген қызмет етуші институт ретінде айқындайды.
Ең алдымен, Конституцияның кіріспесіне айрықша мән берілген. Онда ұлттық болмыс, тарихи сабақтастық және мемлекеттіліктің терең тамыры нақты көрсетілген. Ұлы дала өркениетімен байланыс, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығы декларативті ұстаным емес, егемендікті қорғаудың конституциялық тірегіне айналмақ.
Ең бастысы – «Әділетті Қазақстан» құндылықтары және «Заң мен тәртіп» қағидаты кіріспе деңгейінде бекітіледі. Бұл мемлекет енді тек басқарушы емес, әділет пен жауапкершілікке негізделген институт болуы тиіс дегенді білдіреді, – дейді сенатор.
Жобаның бірінші бөлімінде мемлекеттің іргетасы нақты бекітіледі. Қазақстанның президенттік республика екені айқын жазылып, басқару моделіне қатысты екіұштылыққа жол берілмейді. Егемендік, тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және басқару нысаны өзгермейтін қағидаттар ретінде бекітіледі. Ұлттық валюта – теңгенің мәртебесі мен эмиссия құқығының тек Қазақстанға тиесілі екені де конституциялық деңгейде айқындалады.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – халық тек биліктің көзі ғана емес, егемендіктің жалғыз иесі деп нақты бекітілуі. Бұл – биліктің табиғатын түсінудегі принциптік өзгеріс, – деп атап өтті Амангелді Нұғманов.
Екінші бөлім «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп қайта құрылып, құқық пен жауапкершілік арасындағы жаңа теңгерім ұсынылады. Өмір сүру құқығы абсолютті құндылық ретінде танылып, кінәсіздік презумпциясы жалпы конституциялық стандарт ретінде бекітіледі. Жеке өмірге қол сұқпаушылық, дербес деректер мен цифрлық қауіпсіздікке қатысты кепілдіктер кеңейтіледі. Мемлекеттің заңсыз әрекетінен келген зиянды өтеу құқығы нақты айқындалады.
Сонымен қатар азаматтардың табиғатты қорғау, заңды сақтау және қоғам алдындағы жауапкершілігі де көрсетіледі. Бұл – «құқық бар, бірақ міндет жоқ» деген көзқарастан бас тарту. Құқық пен міндет – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар, – деді сенатор.
Саяси жүйеде де елеулі өзгерістер бар. Президенттік институт сақталғанымен, жауапкершілік пен тепе-теңдік күшейтіледі. Президент бір ғана мерзімге сайланады, вице-президент институты енгізіледі, ерікті отставкаға кету құқығы бекітіледі.
Ең бастысы – Құрылтай мен президент арасындағы өзара жауапкершілік тетіктері енгізіледі. Бұл бір билік тармағының екіншісін басып-жаншуына жол бермейді, – деді депутат.
Парламенттің рөлі артып, Құрылтай толық пропорционалды сайлау жүйесі арқылы қалыптасады. Бұл партиялық дамуды, саяси әртүрлілікті және әділ өкілдікті күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар Қазақстан Халық кеңесі енгізіліп, қоғам үнін жеткізетін консультативтік орган ретінде жұмыс істейді. Референдум жалпыхалықтық институтқа айналып, Конституцияға өзгеріс енгізу тек халықтың тікелей еркімен жүзеге асады.
Құқықтық мемлекет қағидаттары да күшейтіледі. Конституциялық соттың мәртебесі артып, ол негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз органға айналады. Адвокатура алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіліп, қорғану құқығының кепілі ретінде айқындалады.
Қорытындылай келе, сенатор жаңа Конституцияны кемел қоғамға арналған құжат деп бағалайды.
Жаңа конституция – қорқып емес, сеніп өмір сүретін қоғамға арналған. Бұл – мемлекет үшін емес, адам үшін жасалған Конституция. Бұл – бүгінгі буынның ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз, – деді Амангелді Нұғманов.
Ол ел азаматтарын тарихи құжатты қолдауға шақырып, «Әділетті Қазақстан заңмен, тәртіппен және халықтың бірлігімен ғана құрылады» деген ұстанымды атап өтті.
Конституциялық реформа: сарапшылар не дейді?
2026 жылғы 21 ақпанда Астанада «Жаңа Конституция: сенім мен дамудың жаңа архитектурасы» атты сараптамалық алаң өтті. Іс-шараны Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен AMANAT партиясының қоғамдық саясат институты бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға Парламент депутаттары, конституциялық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар, академиялық және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Алғысөз сөйлеген мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституцияның мәніне тоқталды.
Конституция – тек ең жоғары заңдық құжат емес, ол – қоғамдық келісім. Жаңа редакция қоғамдағы жаңа сұраныстарды дәл көрсетіп, мүдделер тепе-теңдігін бекітуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Бірінші панельдік сессия саяси трансформация мен билік тармақтары арасындағы теңгерімге арналды. Саясаттанушы Марат Шибутов жаңа жоба ауқымының кең екенін атап өтті.
Бұл – ең көлемді әрі егжей-тегжейлі Негізгі заң. Әңгіме бұрынғы модельді түзету туралы емес, ұзақ мерзімді институционалдық құрылым қалыптастыру жөнінде, – деді сарапшы.
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев конституцияның үстемдігіне назар аударды.
Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады, – деп атап өтті министр.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Парламент жұмысының өзгерістеріне тоқталды.
Бір жағынан, заңдардың сапалы әрі уақтылы қабылдануын қамтамасыз етуіміз керек. Екінші жағынан, саяси бәсекелестікті күшейту маңызды, – деді ол.
Екінші сессия қоғамдық қатысу тетіктеріне арналды. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Құрылтайдың рөліне тоқталды.
Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесі тұрақтылықты қамтамасыз етудің демократиялық тәсілі ретінде енгізіледі, – деді ол.
Ғалым Айгүл Сәдуақасова Қазақстан Халық кеңесінің әлеуетін атап өтті.
Бұл орган қоғамдық диалог пен өңірлік өкілділікті біріктіріп, азаматтардың мүдделерін жүйелі түрде білдіруге мүмкіндік береді, – деді ол.
Үшінші сессия адам құқықтары мен құқық қорғау институттарына арналды. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құқық қорғау стандарттарын конституциялық деңгейде бекітудің маңызын айтты.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева цифрлық қауіпсіздікке тоқталды.
Балалардың 46%-ы интернетті 5-8 жасында қолдана бастайды. Сондықтан дербес деректерді қорғауды күшейту – уақыт талабы, – деді ол.
Сараптамалық алаң жаңа конституция жобасын талқылау барысында кәсіби пікір алмасудың жоғары деңгейде өткенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, құжат елдің институционалдық дамуы мен құқықтық жүйесін жаңа кезеңге шығарады.
Жаңа Конституция – саяси кезеңнің жалғасы
Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің пікірінше, соңғы үш жылда өткен екі референдум Қазақстандағы жаңа саяси кезеңнің басталғанын айқын көрсетті.
Соңғы үш жылда екі референдум өтті. Сарапшылар оны жаңа саяси кезең деп атап жатыр. Бұл басқару моделіне, экономикалық бағытқа, энергетика саласына қатысты шешімдерге әсер етті. Қоғамдық, мемлекеттік жауапкершілікті қайта айқындайтын тарихи шешімдер болды, – дейді ол.
Алғашқы референдум нәтижесінде Конституцияның бірқатар баптары өзгертіліп, суперпрезиденттік басқару үлгісінен бас тарту қадамы жасалды. Президент өкілеттігінің бір мерзіммен шектелуі, билік тармақтарының теңгерімін күшейту, саяси монополияның алдын алу секілді нормалар енгізілді.
Бұл саяси жүйені институционалдық тұрғыдан жаңғыртуға бағытталған нақты қадам деуге болар, – дейді саясаттанушы.
Екінші референдум елдегі атом электр станциясын салу мәселесіне арналды. Бұл жолы саяси модель емес, ұзақмерзімді экономикалық және энергетикалық стратегия талқыланды.
Әлбетте, қолдаушылар да, қарсы болушылар да, қалыс қалғандар да табылды. Ол – заңдылық. Әр адамның өз ойы бар. Дегенмен екі референдумды көрдік, – деп атап өтті Асхат Қасенғали.
Енді үшінші референдум өтпек. Президенттің Жарлығымен 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу бекітілді. Дауыс беруге «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ шығарылады.
Бұл жолы әңгіме жекелеген түзетулер туралы емес, тұтас конституциялық архитектураның тағдыры жайында болмақ, – дейді саясаттанушы.
Асхат Қасенғали жаңа Конституция жобасының әзірлену үдерісін де ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл жолы ашықтық пен қоғамдық қатысу деңгейі жоғары болды.
Арнайы цифрлық платформалар арқылы 5 мыңнан астам ұсыныс түскені айтылды. Комиссия отырыстары тікелей эфирде көрсетілді. Азаматтар өздерін толғандырған баптар бойынша сұрақтарын, ұсыныстарын жолдап жатты. Комиссия мүшелері мәтінге ұсыныстарды кіргізгенін айтуда. Желіде өте қызу талқы болды, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, бұл қоғамның тек бақылаушы емес, құқықтық процестің белсенді қатысушысына айналғанын көрсетеді.
Қоғам саяси-экономикалық сұрақтар бойынша баяғыда-ақ пісіп-жетілген. Жалпы, маңызды сұрақтарды референдум арқылы анықтау тәжірибесі дұрыс, – деп түйіндеді Асхат Қасенғали.
Мемлекеттік биліктің бастауы – халық – журналист
15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдум – ел өміріндегі маңызды саяси кезең. Журналист Жазира Бегалының айтуынша, бұл – тек құқықтық құжатты бекіту емес, қоғамның болашақ даму бағытын айқындайтын тарихи сәт.
Ата Заңның жаңа жобасын қабылдау бойынша жалпыхалықтық референдумның 15 наурызда өтетіні белгілі болды. Жарты жылға жуық күндіз-түні талқыланып, сарапталып, қоғам пікірін ескере отырып жазылған жаңа Конституция бойынша енді халық өз шешімін қабылдайды, – дейді ол.
Жазира Бегалы Қазақстан саяси өзгеріс алдында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа конституцияны әзірлеу процесі бұрынғы тәжірибеден айтарлықтай ерекшеленген.
Бұрын Конституция 12 адамның қатысуымен дайындалса, жаңа заң жобасын әзірлеуге 130 адамнан құрылған комиссия қатысты. Әлеуметтік топтар, қоғамдық бірлестіктер, аймақтардың пікірі ескерілді, – дейді журналист.
Оның сөзінше, жаңа Конституцияның преамбуласы толықтай жаңарып, мазмұндық тұрғыда айқындалған.
Адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің іргетасы ретінде белгіленді. Егемендік пен тәуелсіздік, елдің біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейтін құндылықтар санатына жатқызылды, – дейді ол.
Журналист жаңа редакциядағы маңызды тұжырымдардың бірі – халықтың рөлін нақты айқындау екенін атап өтті.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені тағы да нақты жазылды, – дейді Жазира Бегалы.
Сонымен қатар жаңа Конституцияның басты идеялары ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация бағыттарының белгіленуі ел дамуының жаңа моделін көрсетеді.
Демек, болашаққа апарар жол тек ресурсқа емес, ой мен білімге сүйенетін мемлекет құру. Дегенмен соңғы шешімді еліміздің азаматтары қабылдайды. 15 наурыз – жай ғана күн емес, ел тағдырына қатысты тарихи таңдау күні, – деп түйіндеді журналист.
Жаңа Ата заң қашан күшіне енеді?
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдум 2026 жылғы 15 наурызда өтеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы мәлімдеген еді. Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман дауыс беру тәртібі мен негізгі мерзімдерді жария етті.
Оның айтуынша, дауыс беру 15 наурыз күні таңғы сағат 07:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Орталық референдум комиссиясының референдум қорытындысы туралы ресми хабарламасы дауыс беру өткізілген күннен бастап 7 күннен кешіктірілмей, яғни 21 наурызға дейін БАҚ-та жарияланады, – деді Мұхтар Ерман комиссия отырысында.
Референдумға дайындық науқаны дауыс беру күні белгіленген сәттен бастап 32 күнге созылады. Бұл кезеңде сайлаушылар тізімін нақтылау, учаскелердің жұмысын ұйымдастыру және ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізіледі.
Дауыс беру күні жарияланғаннан кейін әкімдіктер бірден сайлаушылар тізімін қалыптастыруға кіріседі. Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 22 ақпанда, тиісті әкім қол қойған тізімдер референдум учаскелеріне және электронды түрде Орталық референдум комиссиясына жолданады.
Ал 27 ақпаннан бастап, яғни дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, азаматтар учаскелердегі тізімдермен таныса алады. Учаскелік референдум комиссиялары 4 наурызға дейін, яғни дауыс беру күніне 10 күн қалғанда, әрбір азаматқа дауыс беру орны мен уақыты туралы хабарлауға міндетті.
14 наурыз – тыныштық күні. Бұл күні үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
Еске сала кетсек, 2026 жылғы 11 ақпанда Конституциялық комиссия мемлекет басшысына жаңа конституцияның қорытынды жобасын ұсынған болатын. 12 ақпанда жоба ресми түрде жарияланды. Кейін президент 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды.
Егер жаңа конституция референдумда қолдау тапса, құжат 2026 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, референдум – азаматтардың аса маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны. Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы заңдар қабылданып, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе стратегиялық саяси шешімдер бекітіледі. Референдум нәтижелері міндетті құқықтық күшке ие болады.