30.08.2025
09:40
1656
Конституция күні: Ата Заң туралы не білеміз?

Конституция күні: Ата Заң туралы не білеміз?

Бүгін, 30 тамыз – Конституция күні. Бұл – тек мереке ғана емес, ел тарихындағы ең маңызды шешім қабылданған күн. Мемлекетіміздің құқықтық іргетасы қаланып, қоғам дамуының басты бағдарына айналған Ата Заң өмірге келді. Осы орайда El.kz порталы Қазақстанның конституциялық даму кезеңдеріне шолу жасап, тәуелсіз елдің құқықтық жүйесін қалыптастырған маңызды кезеңдерді назарларыңызға ұсынады.

1926 жылғы Қазақ АКСР Конституциясы

Қазақстандағы конституциялық даму кезеңдері ел тарихымен тығыз байланысты. Алғашқы Конституция 1926 жылы 18 ақпанда қабылданды. Бұл құжатта мемлекеттік басқару жүйесі, саяси режим, билік органдарының құрылымы, атқарушы және өкім беруші органдардың қызметі бекітілді. Сондай-ақ сайлау құқығы мен қаржылық негіздер айқындалды. Алайда ол кезеңде Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасының құрамындағы автономиялық республика болып қала берді.

Қазақ КСР 1937 жылғы Конституциясы

Келесі – 1937 жылғы Конституция. Ол 26 наурызда өткен Х Бүкілқазақтар құрылтай кеңесінде қабылданып, 11 бөлімнен және 124 баптан тұрды. Құжатта Қазақ КСР-інің мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асыратыны жазылды. Сонымен бірге республика экономикалық, саяси-қорғаныс салаларында дербес шешім қабылдап, ҚазКСР келісімінсіз аумағы өзгертілмейтіні бекітілді. Сондай-ақ жоғарғы және жергілікті билік органдарының өкілеті, салық салу жүйесі, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың құқығын қорғау тетіктері қарастырылды.

Қазақ КСР-дің 1978 жылғы Конституциясы

1978 жылғы Конституция да елдің саяси-құқықтық өмірінде маңызды орын алды. Ол 20 сәуірде ІХ шақырылған Жоғарғы Кеңестің кезектен тыс VII сессиясында қабылданды. Жаңа құжат кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан және 173 баптан тұрды. Бұл Конституцияға сәйкес, билік жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясына тиесілі болды, бірақ іс жүзінде Қазақ КСР Коммунистік партиясы мемлекеттік басқарудың үстінен бақылау жүргізді. Экономикалық жүйе мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ меншігіне негізделді. Құжатта ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылым, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесі, халық депутаттарының мәртебесі, мемлекеттік жоспарлау институттары, бюджет пен сот жүйесі, прокурорлық қадағалау тетіктері қамтылды.

1990 жылдардың басында бұл Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілді. 1990 жылғы 20 қарашадағы «Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы» Заңға сәйкес, Президент атқарушы және өкім етуші биліктің басшысы болып бекітілді, Министрлер кеңесі Министрлер кабинеті болып өзгертілді. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару енгізіліп, республика атауы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасынан Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. Азаматтық туралы заңдар қабылданып, жаңа құқықтық негіздер қалыптаса бастады.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы     

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрды. Бұл құжатта халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлу принципі айқындалды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болып бекітілді, Президент мемлекет басшысы ретінде танылды. Сондай-ақ Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар құрылды. Бұл Конституция парламенттік республика моделіне негізделген еді.

1995 жылғы Конституция

Алайда уақыт өте келе елдің даму бағытына сәйкес жаңа құқықтық құжат қажет болды. Осылайша 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум арқылы қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Оның мазмұны шетелдердің тәжірибесі ескеріле отырып жасалды: Франциядан президенттік басқару үлгісі, Германиядан құқық пен бостандық жүйесі, АҚШ-тан жеке меншікті қорғау тәжірибесі үлгі ретінде алынып, Қазақстан жағдайына бейімделді.

Жаңа Конституцияда Қазақстан демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет екені анық жазылды. «Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына» деген ұстаным басты қағидаға айналды. Билік үш тармаққа бөлінді: Парламент заң шығару ісін атқарады, Үкімет заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді, ал тәуелсіз соттар азаматтардың құқығын қорғайды. Конституция сөз бостандығына, ар-ождан және дін еркіндігіне, еңбек етуге, демалуға, мемлекеттік басқаруға қатысуға құқық береді.

1993 жылғы нұсқамен салыстырғанда елеулі өзгерістер болды. Президенттік басқару енгізіліп, Президент Конституцияның кепілі ретінде белгіленді. Бұрынғы бір палаталы Жоғарғы Кеңестің орнына екі палаталы Парламент – Мәжіліс пен Сенат құрылды. Мемлекеттік және жекеменшік нысандары бекітіліп, екеуіне де заң жүзінде тең қорғаныс берілді. Азаматтарға алғаш рет жер иелену құқығы берілді (шетел азаматтарына белгілі бір шектеулер сақталды). Жеке меншік тек мемлекеттік қажет үшін және өтемақы төленген жағдайда ғана алынуы мүмкін деп көрсетілді. Сондай-ақ жергілікті кеңестер таратылып, әкімдерді тағайындау құқығы Президентке берілді.

Конституцияға уақыт өте бірнеше мәрте түзетулер енгізілді. 1998 жылы президент өкілеттік мерзімі 7 жылға ұзартылып, кандидаттарға жас шектеуі алынып тасталды, сайлау жүйесіне пропорциялық элемент енгізілді. 2007 жылы мерзім қайтадан 5 жылға қысқарып, Парламенттің рөлі күшейтілді, депутаттар саны артты. 2011 жылы Тұңғыш Президентке «Елбасы» мәртебесі берілді. 2017 жылы билік тармақтары арасындағы өкілеттіктер қайта бөлініп, сот тәуелсіздігі күшейтілді. 2019 жылы ел астанасы Нұр-Сұлтан деп аталды. Ал 2022 жылғы реформаларда Қазақстан президенттік-парламенттік басқару үлгісіне көшіп, Президенттің өкілетіне шектеулер қойылды, партияға мүше болуына тыйым салынды, Елбасы мәртебесі алынып тасталды, Конституциялық сот қайта құрылды, адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді. Сол жылы елорда атауы қайтадан Астана болып бекітілді.

Конституция туралы деректер

1995 жылы қабылданған Конституция тоғыз бөлімнен, 98 баптан тұрады. Олар: I бөлім – Жалпы ережелер, II бөлім – Адам және азамат, III бөлім – Президент, IV бөлім – Парламент, V бөлім – Үкімет, VI бөлім – Конституциялық сот, VII бөлім – Соттар және әділет, Прокуратура, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, VIII бөлім – Жергілікті басқару және өзін-өзі басқару,  IX бөлім – Қорытынды және өтпелі ережелер. Құжат қазақ және орыс тілдерінде қабылданған: қазақша нұсқасы 8 904 сөзден, орысшасы 7 168 сөзден тұрады. Конституция жобасын талқылауға 3 миллионға жуық адам қатысқан. Бүгінгі күнге дейін оған бес рет ірі өзгерістер енгізілді – 1998, 2007, 2011, 2017 және 2022 жылдары.

Мерекеде қазақстандықтар қалай демалады?

2025 жылы Конституция күні сенбіге сәйкес келеді. Осыған байланысты 30 тамыздағы демалыс күн 1 қыркүйекке ауыстырылды. Демек, қазақстандықтар қыркүйектің алғашқы жұмыс күнінде демалады.

Бес күндік жұмыс кестесімен еңбек ететіндер үшін қатарынан үш күн – 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек демалыс болады. Ал алты күндік жұмыс аптасындағылар екі күн – 30 және 31 тамызда демалады.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Конституция күні қалай атап өтілетіні жайлы жазған едік.