Көңілдеріңіз көктемдей көрікті болсын!

6 Наурыз 2017, 15:46 4738

8 наурыз халықаралық әйелдер күні

Бүгінгі жарық дүние, бақытты өмірді аяулы алақанында тербеткен дархан жүректі аналар қандай бақытқа болсын лайық! Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күні мейрамымен баршаңызды құттықтаймыз. Сайтымыздың қымбатты оқырмандарына атаулы мерекеге орай жігіттер арнаулы тілектерін жолдады. Көңілдеріңіз көктемдей көрікті болсын.

Данияр Елеусінов, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Рио Олимпиадасының «Алтын медаль» иегері:

Қазақ қызы дегенде көз алдыма ибалы да, инабатты, шолпысы сыңғыр қаққан, бүрмелі көйлегі, қынамалы бешпеті бар аяулы жан елестейді. Қазір заман өзгерді деп нашар қылыққа бой ұрған қазақ қыздары көбейді. Жігіт ретінде, қазақ қыздарының ағасы ретінде қарындастарыма ізетті, құрметті болуларын өтінемін. Қазақ қыздары біздің болашағымыз, біздің ұлтымыздың анасы. Ендеше осынау мерекеде анама, қарындастарыма, барша қазақстандық қыз-келіншектерге жүздерінің жарқын болуын, бақтарының баянды болуын тілеймін! Біздер, қазақ жігіттері, аяулы аналарымызды, жарымызды, қыздарымызды, қарындастарымызды қорғау жолында тайсалмауымыз керек.

Олжас Жақыпбек, актер:

«Қазақ қызы» журналының аяулы оқырмандарын бүгінгі 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Қыздар – өмірдің қызғалдағы. Біздер, жігіттер, қыз балаларға әрдайым құрметпен қарап, оларды алақанымызға салып аялай білуіміз керек. Қазақ қызы туралы айтқанда, менің есіме өзімнің тағдырлы әжем түседі. Өмірдің ащы бейнетінде талмай, үміті үзілмей, өзінің нәзік болмысы мен сұлулығын жоғалтып алмастан, балаларына тағылымды тәрбие бере білді. Кейінгі қарындастарыма осы әжемнің жігеріндей мұқалмас жігер, қажымас қайрат тілеймін. Қыздарымыз ибалы болса, ұрпағымыз иманды болады. Қазақ халқы бала тәрбиесіне, оның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте мұқият болған. Аяулы аналар мен қызғалдақтай қыздар, сіздер бақытты болуға лайықты жандарсыздар!

Санжар Мәди, актер:

Қымбатты қыздар мен аналар! Сіздерді бүгінгі халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге бақыт, шаттық, қуаныш тілеймін. Мен өзімнің өмір жолымда өнеріммен сіздерге титтей де қуаныш сыйлай алатын болсам, менен асқан бақытты жан болмас еді.  Бұл атаулы күнді отбасымызбен қарсы аламыз. Аяулы анам мен алтын асықтай жарыма ерекше ілтипат көрсетіп, сый-сияпат жасап тұрамын. Жалпы, сегізінші наурыз мерекесінен бөлек, жылдың қалған 364 күнінде қыз-келіншектерімізге сый жасап тұруымыз керек. Өйткені, біздің өміріміздің сәні де, мәні де – қыздар!

Ая Өміртай
Бөлісу: