Конференция лигасының топтық кезеңіне қазақ клубтары өте ме?

29 Тамыз 2023, 12:15 1344

Соңғы рет Алматының «Қайрат» клубы УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Былтыр бірде-бір командамыз қоңыр күзде еурокубоктағы жорығын жалғастыра алған жоқ. Биыл екі командамыздың мүмкіндігі бар.

Еурокубоктағы сапарын Чемпиондар лигасынан бастаған «Астана» ең болмаса, Конференция лигасының топтық кезеңіне ойнайтын болар деп топшылайтындар көп. Ол үшін Албанияның «Партизани» клубын айналып өтуі тиіс. Елордадағы алғашқы ойын 1:0 есебімен Григорий Бабаян шәкірттерінің пайдасына шешілді. Негізі тағы екі доп соғып еді, төреші офсайд деп есепке алмады.

– Жігіттер алғашқы минуттан қарсыласты қыспаққа алды. Жоғары прессинг жасадық. Көп күш жұмсалды. Бір гол салдық. Екінші таймда да тағы да солай ойнауға тырыстық. «Партизани» футболшыларына бос кеңістік бермедік. Мұндай энергия көп жұмсайтын ойын 65-70 минуттарға дейін жарады. Одан кейін футболшылар шаршай бастады. Ортада, қапталда проблемалар басталды. Соның арқасында қарсыластың 1-2 мәрте қауіп тудырды. Өкініштісі, біздің қаншама өткір шабуылымыз қақпаға кірмей қойды. Енді, қарымта ойында Болгариядағы қателікті қайталамау керек. Дұрыстап дайындалып, топтық кезеңге өтудің жолын жасау керек, – дейді «Астана» бапкері Григорий Бабаян.

 «Астана» (Қазақстан) – «Партизани» (Албания) – 1:0

Гол: Степан Лончар, 41 (1:0):

«Астана»: Йосип Чондрич (Қ),  Ян Вороговский​, Алекса Аманович (Жарко Томашевич, 83), Александр Марочкин, Абзал Бейсебеков (К), ​Камо Оганесян (Михаил Габышев, 65), Степан Лончар, Фабьен Урега, Макс Эбонг (Исламбек Қуат, 65), ​Абат Айымбетов (Марин Томасов, 65), Дембо Дарбо​;

«Партизани»: Пано Чирко (Қ),  Леар Зеколли (Сабит Билалли, 87), Матео Коциян, Элион Сота, Анди Хадрой, Аднард Мехмети (Магетт Гуэй, 59), Валентино Муратадж (К), Аринальд Ррапай, Джельбрим Таипи (Арчанж Бинцука, 59), Теди Цара, Эрос Грезда (Марцелино Прека, 23);

Рефери: Дональд Робертсон (Шотландия).

 Ал Қостанайдың «Тобылына» оңай қарсылас түскен жоқ. Чехияның «Виктория Пльзень» клубымен топтық кезеңнің жолдамасына таласып жатыр. Қарсыласы былтыр Чемпиондар лигасында «Интер», «Бавария», «Барселона» секілді алыптармен бір топта ойнаған. Өз елінің алты дүркін чемпионы. Соған қарамастан «Тобылға» да сенім артылады. Биыл Қазақстан командаларының арасында еурокубокта үш бірдей қарсыласын жолда қалдырған жалғыз ұжым.

Алғашқы ойын Қостанайда өтті. Алаң иелері сапынан бұл кездесуге жарақатына байланысты Ислам Чесноков қатыса алмады. Милич Чурчич шәкірттері 73 минут бойы қарсыласқа төтеп берді. Сосын бір сәтте қорғаныс сыр беріп, «Виктория Пльзень» клубымен екі гол соқты. Дегенмен, төреші қосқан қосымша минутта Серж Дебле пенальтиден есеп айырмасын қысқартты.

Айтпақшы, биыл «Тобыл» құрамын күшейтудің орнына көшбасшыларынан айырылып жатыр. Алдымен, өзбекстандық шабуылшы Игорь Сергеев кетіп қалды. Одан кейін «Астана» қорғаушы Александр Марочкинді өз қатарына қосып алды. Енді, ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Словенияның «Копер» клубына ауысты. Бір қызығы, «Тобыл» трансферден ешқандай пайда көрмеді. Футболшылар еркін агент ретінде тегін кетті.

– Мен қызықты әрі тартысты ойын болады деп уәде еткенмін. Бүгін шынымен солай болды. Бірінші таймда қысқа пастармен жақсы ойнадық, допқа көбірек иелік етті. Ал кездесу соңына қарай, концентрация жоғалтып алдық. Жігіттерге алғысым шексіз. Олар бар күштерін салды. Жанкүйерлер үйлеріне ойын сапасына ренжімей кеткен болар. Әрине, нәтиже көңілден шықпайды. Қарсылас өте мықты. Бұл әлі бірінші матч. Біз соңына дейін таласамыз. Қарымта ойында аянып қалмаймыз, – дейді «Тобыл» бапкері Милич Чурчич.

«Тобыл» (Қостанай, Қазақстан) – «Виктория» (Пльзень, Чехия) – 1:2

Голдар: Каду, 73 (0:1). Лукаш Калвах, 90 (0:2). Серж Дебле. 90+9-пенальтиден (1:2).

 «Тобыл»: Иван Коновалов (Қ),  Роман Асранкулов, ​Иван Рогач, Боян Младович, Бағдат Қайыров (Павел Киреенко, 90), Евгений Шахов (Рамазан Оразов, 69), Самат Жарынбетов (Игор Иванович,​ 69), Серікжан Мұжықов (К) (Павел Забелин, 90), Йован Илич, Милан Вукадинович, Серж Дебле;

 «Виктория Пльзень»: Индржих Станек (Қ), Сампсон Две, Лукаш Гейда, Робин Гранач – Ян Копиц (Либор Голик, 90+2), Каду, Лукаш Калвах, Ибрахим Траоре, Павел Буха,Павел Шулц (Адам Влканова, 56), Рафиу Дуросинми (Томаш Хоры, 56);

Рефери: Мариан Александру Барбу (Румыния).

 

 

Әзиз ӘБІШ
Бөлісу: