Конфедерация Кубогы немесе Роналду Ресейге не үшін келді?

20 Маусым 2017, 12:41 4639

Бұл жарыста алғаш рет футбол тарихында видео қайталау жүйесі енгізілді

Футболдан Конфедерация Кубогы әлем чемпионатына бір жыл қалғанда өтетін жарыс. 2018 жылы аяқ доп шеберлері Ресейде жиналатын болғандықтан биылғы жарыс та көршілес мемлекетте өтуде. Жарысқа алты құрлықтың жеңімпаздары қатысады. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа қатысушылар ішінде фаворит есептелетін құрамаларға тоқталсақ:

Португалия

Португалия бұл жарысқа ең мықты деген футболшыларын алып келді. Бір қызығы Португалия Европаның үздік командаларының бірі болғанымен, Конфедерация Кубогына алғашқы рет қатысып отыр. Құраманың басты сұрмергені Криштиану Роналду спорттық карьерасы үлкен өзгерістер алдында тұрғанына қарамастан тағы бір жүлдеден үмітті келген секілді. Португалдықтардың бас бапкері Фернанду Сантуш Роналдудан бөлек Нани, Пепе, Бруно Алвеш, Андре Силва секілді үздік футболшыларын алып келді. Демек бұл жарыстың басты фавориті дәл осы Португалия құрамасы.

Мексика

Өзінің ерекше тактикалық шешімдерімен танымал Мексика құрамасының бас бапкері Хуан Карлос Жуарионың бар үміті — Хавьер Эрнандес.  Бір кездері Манчестер Юнайтед командасында ойнаған Чичарито Мексика тарихындағы ең үздік сұрмерген екенін тағы бір дәлелдемек. Сондай-ақ, құрамада Эктор Эррера секілді жарық жұлдыз бар. 27 жасар жартылай қорғаушы керемет пастарымен көзге түскен ойыншы. Мұндай ойыншыларымен Мексика құрамасы кемінде үздік үштікке ілінеріне сенімдіміз.

Ресей Федерациясы

Ресей бұл додаға жарысты ұйымдастырушы мемлекет болғандықтан ілікті.  Бұл жарысқа бірінші рет қатысып отырған Ресейге бір топта Европа чемпиондары Португалия, азулы Мексика, Жаңа Зеландия командалары өнер көрсетеді. Алғашқы ойындардың нәтижесі бойынша әзірге Ресей көш бастап тұр. Өз алаңында жақсы ойын көрсететін Ресей құрамасы Европа чемпионатында қандай сенсация жасағаны естеріңізде болар?

Чили

Америка Кубогының иегері, азулы Бразилия, Аргентина секілді азулы қарсыластарын жолда қалдырған Чили Фифа рейтингісінде 4-орында тұрған құрама. Шабуылдағанды ұнататын чилиліктердің басты сенері — Алексис Санчес. Ол қағаз жүзінде қапталда ойнайтын шабуылшы ретінде көрсетілгенімен, шын мәнінде Алексис алаңда қалаған жерінде ойнайтынын сіз бен біз жақсы білеміз. Сондай-ақ, чилиліктердің сапында Баварияның ойыншысы Артуро Видаль өнер көрсетеді. Алғашқы ойынында сенімді жеңіске жеткен Чили құрамасы турнир кестесінде алғашқы орында.

Германия

Германия құрамасын фавориттер сапынан сызып қойғандар да бар. Себебі олар бұл додаға екінші нөмерлі футболшыларын алып келді. Екінші нөмірлі футболшылар деген аты ғана болмаса немістердің бұл ойыншылары талай елдің құрамасын жерге қаратары сөзсіз. Оны Жаңа Зеландия ойыншылары жақсы біледі. Марк-Андре тер Штеген, Дракслер, Эмре Джан секілді аяқ доп шеберлері бар құраманы фавориттер қатарына қоспай көріңіз.

Конфедерация Кубыгын тарихи жарыс деп атауға болады. Себебі бұл жарыста алғаш рет футбол тарихында видео қайталау жүйесі енгізілді. Төрешінің шешімімен келіспеген немесе төрішілер сенімсіз болған жағдайда видео қайталауды көріп отырған мамандар ойынның ақ-қарасын анықтайды. Португалия – Мексика ойынында Пепенің салған голы алғашында саналып, кейіннен видео қайталау кезінде оның ойыннан тыс қалғаны анықталды. Бұл футбол тарихындағы видео қайталау арқылы саналмаған алғашқы гол есебінде тарихқа енді.

Бөлісу: