Компьютерлік бағдарламаға енгізілген тіл жойылмайды – Мұхтарбай Өтелбайұлы

25 Шілде 2022, 16:00 5291

Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбайұлымен сұқбат

«Қазақ тілін дамыту, сақтау үшін компьютерлік бағдарламаларға енгізу керек. Сонда тіл жойылмайды». Осылай деген белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбайұлы өзекті ойларымен бөлісу үшін Халық университетінде арнайы дәріс оқыды. Әңгіменің әлқиссасын әріден бастасақ...

Белгілі математик, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбайұлы 70-тен аса ғылым кандидаттары мен 15-тен аса ғылым докторларын дайындаған. Ал қаншама уақыттан бері Халық университеті атанып, елдің сұранысына ие болған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Рахманқұл  Бердібаев атындағы Халық университетінің кезекті дәрісіне осы белгілі ғалымды шақырып, өзекті ойларын ортаға салғызды. Бұған дейін бқл Халық университетінде қазақтың маңдайалды талай ғалымдары, мамандары, азаматтары ой-пікірлерімен бөліскен. Ал бүгінгі әңгіменің әуені бөлек.


«М.Әуезов мұражай-үйінің» мәжіліс залында өткен кездесу барысында академик қазақстандық ғылымның бүгінгі жай-күйі мен ертеңгі даму үдерісіне баға беріп, технократияның ана тілі мен ұлт руханиятының өркендеуіне тигізер оң ықпалына тоқталды.

«Жалпы, баяғы заманда 1065 жылдары үлкен-үлкен компьютерлер кәдімгідей пайда бола бастады. Сол кезде компьютерге шахмат ойнайтын бағдарлама жасауға құмартатын балалар көбейді. Профессорлардың өздері ол балаларға «қайтесіңдер, компьютер адамды ешқашан жеңе алмайды» деген пікір айтатын еді. Шынында да ол кездегі бағдарламаны ең нашар ойнайтын адамның өзі жеңіп алатын. Ал кейін «компьютер адамды жеңе алмайды» деген өтірік болып шықты. 1998 жылы шыққан вариантын Гарри Каспаров әрең жеңген. Одан кейін жыл сайын жаңарған бағдарламаны енді ешкім жеңе алмайды. Мұны айтып отырған себебім, мүмкін емес нәрсе жоқ, компьютер бәрін істей алады. 2000 ұялы телефондар қарқынды түрде шыға бастады да, соны аудармашы ретінде пайдалануға болады деген пікір шыға бастады. Тағы да ол мүмкін емес деген пікірдегі адамдар шықты.

Ол мүмкін емес, бәрін қарап шығу керек. қазақ тілінде сөйлемдердің саны шексіз, анау-мынау, ол компьютерге сыймайды, оның қаншама комбинациясы бар. Оның бәрін қалай аударады деген теріс пікір айтушылар көбейді», – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтарбай Өтелбайұлы.

Ғалымның айтуынша, осындай теріс пікірлерге қарамастан, ол информатик Әбу Қуанбықовқа барып өз ұсыныстарын жеткізген. Қуана қабылдаған ол бірлдесіп жұмыс істеуге келіседі.

«Жақында қайтыс болып кетті, Әбу Қуандықов деген информатик өзі ғылымға ұмтылғыш, өз ісінің фанаты еді. Соған барып айттым осындай жасайық деп, ол бірден қолдап екеуіміз алгоритм жасадық. Алгоритмді жасадық деген сөз – болады дегенді дәлелдеу. Бірақ ол алгоритмді ешкім пайдаланған жоқ. Осыдан 7-8 жыл бұрын тағы да сол бағдарламаны мәселе қылып көтердім. Бұл кезде аударуға болатынын түсіне бастағанбыз, бірақ тек қана орыс тілінен ағылшын тіліне, қытай тіліне, араб тіліне болса, орыс тілінен қазақ тіліне болмаса, қазақ тілі жойылып кетеді. Одан кейін ұзамай роботтар пайда болады, қытайдан алған робот – қытайша, орыстан алған робот орысша сөйлеп тұрса, олар қазақ тілін жоюшыларға айналады. Сондықтан ол ғылымның нәтижесі, оның пайдасын емес, зардабын тартатын болып тұрмыз деп айтқам. Қазір мен айтқан нәрселер бола бастады. Қазір тек орысша ғана емес, қазақша да аударуға болады, Google жүйесіне кірді.

Мен ғалыммын, математикпін ғой, маған не керек? Мен телефонмен емес, компьютермен істегім келеді. Бұрынғыда да, қазіргіде де әліпбидің реті жоқ. Алдыңа алғанда теру мәселесі шығады. Содан кейін мысалы, мен көп тіл білсем, асып кетсе 4-5 тіл білейін, ол жеткіліксіз. Қазіргі математика ғылымында бәрін қадағалап отыруым үшін маған өте көп тіл білу керек. Ал әлем тілдерінің бәрін меңгеруім мүмкін емес. Сондықтан сол тілдің бәрін мен компьютерден таба алсам деп ойлаймын. Баяғыда да болған, қазір де бар адамдардың бір типі болады. Олардың ойынша, дүниежүзінде бір-ақ тіл болады дейді. Біреулер ол орыс тілі дейді, біреулер – араб тілі, біреулер ағылшын тілі болады дейді. Олай болуы мүмкін емес. Мысалы, ағылшын тілі ешқашан қытай тілінде жаза алмайды, араб тілін жоя алмайды. Империялардың ерегісі аяқталмаса, адамдардың тып-типыл болуына себепкер болайын деп тұр», – дейді физика-математика ғылымдарының докторы Мұхтарбай Өтелбайұлы.

Осы орайда дәріске қатысушылар мен модератор тарапынан «Ғылымның тілі тек ағылшын тілінде болады дегенге не айтасыз?» деген сұрақ туындады. Алайда ғалым бұл пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның ойынша, кез келген нәрсе мәңгілік емес. Болашақта ағылшын тілі де әлсіреуі мүмкін деген пікір білдірді.

«Ондай болады дегенге сенбеймін. Себебі, мысалы, ағылшын тілі де елу жылдан кейін әлсіреп кетуі мүмкін ғой. Қазір математиканың дамуы үшін көп тіл аман қалуы керек. математикадан мақала жазып отырғанда кейде қазақша ойлаған әлдеқайда тез нәтиже әкеледі.

Қазақ мәңгілік ел боламыз деп жатыр ғой. Оның жалпы ықтималдылығын санауға болады. Адамзаттың цивилизациясы мәңгі ма деп ойлана бастайсың. Ықтималдылығын санасаң, адамзаттың мәңгілігінің цивилизациясы 0,01% жуық. Ал өзін-өзі құрта ма, жоқ болып кете ма деген сұрақтың ықтималдылығы 100-ге тең. Адамзатты мақұл, жер мәңгі ма деген ықтималдылықты қарасаң, күн системасы мәңгіме ма деп қарасаң, ол да сондай. Себебі, бір заманда жойылып кетуі мүмкін», – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Осы орйда ғалым «Министрдің өзі екінші сыныптан орыс тілін, үшінші сыныптан ағылшын тілін оқытайық деді. Ал болашақта роботтар кез келген тілге сол мезетте аударып беретін болса, балаларды сонша тілді оқытып қажеті бар ма?» деген сауалға да тосыннан жауап беріп, болашақта роботтар бәрін реттейді дегенге сенентінін айтты.

«Менің ойымша, балаға осынша тілді оқытудың қажеті болмай қалады. Бірақ әр тілге арнап, бақылап отыратын лабораториялар болу керек. Ол алдымыздағы 50-100 жыл шамасында қажет нәрсе. Ал одан кейін роботтар жылдам жұмыс істеп, бірінен біріне аударып тұрса, қажеті жоқ, себебі сондай бағдарлама жасап қоюға болады. робот аудармашы жылдан-жылға керемет аударатын болады. Жақсылап тұрып қолға алса, он жылдан кейін ағылшыншаны қазақшаға, қазақшаны ағылшынға кез келген жақсы аудрамашыдан артық істеп алуға болады. Компьютердің жадына өте көп сөз де, бағдарлама да сияды. Қазіргі ноутбуктың өзіне кем дегенде 40-50 тілді сыйдырып қоюға болады.

Кез келген ұлттың тілі жойылмау керек. Кез келген ұлт өз тілінде сөйлеуі керек, өзінің тілінде оқу керек, өзінің тілінде ғылымды дамыту керек. Ұлттық тілдер бір-біріне кедергі жасамайды. Ал қазіргі біздің қоғамда, жалпы өркениеттер қақтығысы кезіндегі дүниенің барлығы ол уақытша дүние. Цифрлық технология дамыған сайын біздің ұлттық, ұлтаралық қарым-қатынасымыз тілдердің арасындағы бір-біріне тиетін әсері әлсірей береді. Әрбір ұл өзінің рухани дүниесіне өзі ие болу керек. Сонда ғана біз өркениетте қазақ деген халық болып қаламыз. Ең басты дүниеміз, қазақша білім алу керек, қазақша оқу керек, қазақша өмір сүру керек. Ал оны шетелге дамыту немесе шетелден бір нәрсе алу, ол техниканың мүмкіндігімен шешілетін мәселе. Тілді 10-15 жыл аудармашыларды оқытып, қаржы жұмсаған ша, ол техникалық тұрғыда шешілетін проблема. тек қана дүние жүзінің халықтары бір-бірімен тату болса, болды. Барлық халықтар емін-еркін өмір сүре беруіне болады.

Осыдан он жыл бұрын Google translit деген бағдарлама қазақ тілінде бірде бір сөз аудармайтын. Осыдан 3-4 жыл бұрын дәл осы бағдарламаға қазақ тілін кіргізді. Сондағы Google талабы он мың мәтінді кіргізу керек екен, ағылшыншадан қазақшаға, қазақшадан ағылшыншаға аударып. Содан кейін барып, соған байланысты алгоритм жасайды екен. Сол алгоритм қазір жасалды. Қазір Google жүйесіне кірсеңіздер, кез келген сөйлемді қазақшаға аударып береді. Ол толық жеткілікті емес, дегенмен редакцияға көндіретіндей кәдімгідей мазмұнын береді. Бағдарламаның алғашқы дүниесі бар», – математик Мұхтарбай Өтелбайұлы.

Сонымен қатар, «Қазақ тілін дамыту, сақтау үшін компьютерлік бағдарламаларға енгізу керек. Сонда тіл жойылмайды» деді ғалым. Мәтінді өзге тілге аудару жүйесі бар  «Google-аудармашы» бағдарламалары жөнінде айта келіп, ғалым осы тектес алгоритмді әріптесі Әбу Қуандықов екеуі 2000-жылдардың басында жасағанын тілге тиек етті. Өкінішке қарай, бұл бағдарламаның алгоритмі қаражат пен көңіл бөлінбеуіне байланысты қағаз жүзінде қалған.

Ғалым қазір әлемдегі ғылым жаңалықтарын біліп отыру үшін 4-5 тіл жеткіліксіз, 10-15 тіл білу керек деп есептейді. Себебі, әр мемлекетте ғылымның әр саласы түрлі деңгейде дамып жатыр, сондықтан оны қадағалап отыру қажет. «Әлемде тек бір ғана тіл – ағылшын тілі үстем болады» деген пікір де негізсіз. Мәселен, технологиясы қарыштап дамып жатқан Қытай елінің тілін ешкім ығыстырып шығара алмайды. Мұхтарбай Өтелбайұлы «Адамзат өркениетінің ғұмыры – мәңгілік»деген  болжамның ықтималдығы 0,01% екенін, Жердің де, Күн жүйесінің де ғұмыры осылай екеніне тоқталды.

Ғалымның айтуынша, Қазақстанда ең дамыған ғылым – математика. «Қазақ жастары, оның ішінде қазақ мектебін бітірген балалар өте қабілетті және табанды» деді математик өз тәжірибесінен. «Іргелі ғылымның дамуы – халықтың интеллектуалдық деңгейінің басты көрсеткіші» дей келе, ғалым қазақ тілінің, Қазақстанның болашағы зор екенін атап айтты. «Ғылым мен техника дамыса, рухымыз да көтеріледі»деп түйді сөзін академик.  

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: