Композитор Амантай Жұмашев «Хордан» шеберлік сағатын өткізді

20 Мамыр 2023, 16:25 2062

Елордада Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «Хордан» шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Шеберлік сағатты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Амантай Жұмашев жүргізді. Ол сабақ барысында өнер иесінің әмбебап маман болуы қажет екенін атап өтті.

Актер тек актерлік шеберлікті ғана емес, әнді де, биді де, барлығын жоғары деңгейде меңгеріп, жан-жақты болуы қажет. Мәселен, актердің актерлік дайындығы мықты болып, әннен әлсіздеу болса, онда ол оның ұтылғандығын білдіреді. Себебі мұндай актерлер «Қыз Жібек» сынды көркем дауысты қажет ететін спектаклдерде ойнайтын болса, онда олар өз рөлін алып шыға алмайды. Сондықтан мен актер мамандығына оқуға түскен жастарға уақыт жоғалтпай, ақылы түрде болсын ән сабақтарына қатысуға кеңес беремін, - деді әнші. 

Шеберлік сағаты барысында Амантай Жұмашев тәжірибелі театр әртістерімен бірге Шәмші Қалдаяқовтың әндерін, «Қызылқұмда ауылым», өзінің «Аққу дастан» әнін орындады. Сабаққа жиналған студенттер шырқалған әндерді сүйсіне тыңдады. Сондай-ақ ол әртістерге өздерін қызықтырған сауалдарын жолдады.

 

Мәдениет саласының үздігі Гауһар Жүсіпова колледжден келген студенттерге өзінің ақыл-кеңесін айта кетті.

Сендер әлі колледжде оқисыңдар ғой, уақыттарың да көп. Сондықтан ән айта алмаймын деген қорқыныш болмасын. Біз де дәл өздеріңдей музыкалық мектептен емес, қарапайым мектептен келіп, оқу орнына түстік. Қазірден бастап вокалдық қырларыңды дамытсаңдар, ертең театрға келгенде жеңіл болады. Ән айта алмаймын, қолымнан келмейді дегеннің бәрі – жай ғана сылтау, - деді Гауһар. 

Шеберлік сағатының соңында студенттер композитор Амантай Жұмашевтың қолынан сертификат алды. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: