Қазақстандық және халықаралық сарапшылардың басын қосқан форумда саланың өзекті мәселелері талқыланып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Аталған шараның тақырыбы «Жаңа энергетикалық парадигма жағдайында көмір саласын дамыту мүмкіндіктері» деп аталады. Форумды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы ұйымдастырды.
Форум осымен төртінші рет өтіп жатыр. Биылғы жылы саланы дамытудың тұжырымдамалық мәселелерін талқылау, оны қазіргі жағдайда дамыту векторын айқындау, тәжірибе алмасу және әлеуетті әріптестермен іскерлік байланыстарды кеңейту сынды мәселелерді қазақстандық және халықаралық сарапшылар қарастырады.
Қазақстанның көмір өнеркәсібі электр энергиясының 70 пайыздан астамын өндіруді отынмен қамтамасыз етеді. Онымен қоса кокс-химия өндірісінің толық жүктемесі бар.
Айта кетейік, 2022 жылы елімізде 117 миллион тоннадан астам көмір өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бір жарым пайызға артық. Ал 2022 жылы көмір экспорты 32,5 миллион тоннаны құрады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халық үшін 11,03 миллион тонна, энергетикалық кешендерге – 64,4 миллион тонна және өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 миллион тонна көмір жөнелтілді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан форум сала мәселелерін кеңінен талқылауға, бәсекеге қабілеттілік пен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін оны дамыту стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік беретінін айтты.
Бүгінде көмір саласы электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндіруді, кокс-химия өндірісінің жүз пайыз жүктемесін қамтамасыз етеді және коммуналдық-тұрмыстық сектор мен ел халқының отынға деген қажеттілігін қанағаттандырады. Көмір өндіруді 30-ға жуық компания жүзеге асырады. Сала 30 мыңға жуық адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді, – дейді вице-министр.
Вице-министр сөзінше, Қазақстан аумағынан жарты жылдық ұзартумен көмірді әкетуге тыйым салынды. Бүгінгі таңда Үкімет 8 жобаны іске асыруды және өндіру көлемін ұлғайтуды көздейтін отын-энергетика кешенін дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткені белгілі болды.
Екібастұз 1 және 3 ГРЭС-те жаңа энергия блоктарының құрылысы басталды. 2028 жылдан бастап Көкшетау және Семей қалаларында іске қосылады. 2025 жылдан бастап Өзбекстанға энергетикалық көмірді жеткізу кезең-кезеңімен 12,8 миллион тоннаға дейін ұлғайту қарастырылуда. Экспорттық бағыттар кеңейтілетін болады, – дейді ИИДМ вице-министрі Иран Шархан.
Сондай-ақ, министр форумда қабылданып жатқан шараларға қарамастан, салада проблемалар барын атап өтті. Мәселен құны қосылған жаңа өнімдер газ, бензин, мотор майы тағы басқалар елдің көмір әлеуетін пайдалану тиімділігіне айтарлықтай әсер етіп жатыр.
Көмірі саласында 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Қазақстан» шахтасының кәсіподағы ұйымының төрағасы Марал Жамбайысов көмір өндірісінде 14 мыңға жуық кеншілер жұмыс істейтінін тілге тиек етті.
Кемшіліктер жоқ емес бар. Мәселен мамандар жетіспейді. Жастардың көбісі бұл салаға жұмысқа орналасудан қашады. Десе, де қазір өндіріс жаңа техникалармен жаңартылып жатыр. 40 жыл мен қазіргіні салыстырсам көп өзгеріс бар. Техника 30-40 пайызға жаңарды десе болды. Келешекте компанияның алға қойған міндеттері бар, – деді кәсіподақ өнеркәсібінің төрағасы.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта кеншілерді толғандыратын бір мәселе зейнеткерлік жасты азайту екенін айтты.
Кеншілерге 63 жасқа дейін жер астында ауыр жұмысты істеу қиынға соғады. Мысалы елімізде полиция саласында қызмет ететіндер зейнетке ерте шығады. Себебі олардың жұмысы қауіпті. Кеншілердің жұмысы да зиянды, ауыр, қауіпті жұмысқа жатады. Осыған көңіл бөлінбей жатыр, – дейді Марал Жамбайысов.
Ал тау-кен және металлургия өнеркәсіптері қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Төлеген Мұхановтың айтуынша, тау-кен металлургиясы еліміздегі ең маңызды саланың бірі.
Көмір – бұл бізге берілген байлық. Бұл байлық 200-300 жылға дейін жетеді. Жыл сайын осы форумды өткізу дәстүрге айналды. Осының аясында көп мәселелер қаралып жатыр. Мәселен көмірді пайдалануды тоқтату деген мәселе бар. Ол бір жағынан жай іс емес, әлеуметтік мәселеге жатады. Себебі көмір саласында 30 мыңнан артық жұмысшы еңбек етеді, – деді ол.
Сонымен қатар, қазір көмірге сұраныс көбейгенін тілге тиек етті. Әсіресе, Еуропаның өзі Қазақстан көмірін пайдаланады. Соған орай бағасы да қымбат көрінеді. Екінші бір мәселе – логистика.
Көмірді уақытында шетелге жібере алмай отырмыз. Өйткені Ресей арқылы көмірді жеткізу мүмкін болмай отыр. Бұл мәселе жөнінде бүгін форумға халықаралық сарапшылар келді. Үшінші мәселе көмірден өнім алу мәселесі. Мәселен көмірден 200-ге дейін өнім алуға болады, – дейді ол.
Яғни, бұл бағыт Қытайда жақсы дамыған. Форумға аталмыш елден компания өкілдері келіп отыр. Тариф мәселесі де алаңдатуда.
Көмірді жергілікті тұрғындарға арзан бағамен сатамыз. Бірақ электр энергия жыл сайын қымбаттап барады. Бұл тарифке әсер етіп отыр, – дейді тау-кен және металлургия өнеркәсіптері қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Төлеген Мұханов.