18.10.2022
10:43
1273
Колледж студенттеріне арналған әлем чемпионатында ел қоржынына медаль түсті

Колледж студенттеріне арналған әлем чемпионатында ел қоржынына медаль түсті

Қазақстандық колледж түлегі Дина Афанасьева WorldSkills Competition 2022 Special Edition әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Отандасымыз «веб-технологиялар» құзыреті бойынша осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Бұл - дүниежүзіндегі колледж студенттеріне арналған ең беделді жарыста алған Қазақстанның алғашқы медалі.

Былтыр Павлодар колледжінің студенті болған Дина «веб-әзірлеу» бағыты бойынша EuroSkills Graz 2021 Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алған болатын.

«Динаны жеңісімен құттықтаймын! Оның еңбегі, білімі мен табандылығы - еліміздің барлық колледж студенттеріне үлгі. Сондай-ақ әріптесім, елордалық колледж оқытушысы Айжан Зиядановаға студентінің тамаша нәтижесі үшін алғыс айтқым келеді. Алда Динаны жаңа жеңістер мен биік белестер күтіп тұрғанына сенімдімін» деді лебізін жолдаған Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

WorldSkills Competition 2022 Special Edition-ға 60-тан астам ел 63 негізгі құзырет пен 1 ​​демонстрациялық құзырет бойынша қатысып жатыр.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 30 құзырет бойынша сынға түседі.

Жарыс 10 елдің 16 қаласында өтіп, 28 қарашаға дейін жалғасады.