05.02.2026
12:12
943
Көлікті тиімді бағамен қалай алуға болады? Сарапшы кеңесі

Көлікті тиімді бағамен қалай алуға болады? Сарапшы кеңесі

Мамандар дайын қаржыңыз болса да көлікті қолма-қол ақшаға сатып алмауға кеңес береді. Бір қарағанда, қарызсыз өмір сүргенге не жетсін деуіңіз мүмкін. Бірақ сарапшылар көлікті несиеге алу тиімдірек деген пікірде, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мысалы, қаржы кеңесшісі Анна Ким өтімділіктің не үшін маңызды екенін қарапайым математикамен түсіндіруге тырысты.

Әрине, көпшілік үшін автокөлікті қарызсыз, бірден қолма-қол ақшаға сатып алу – жүйке тыныштығының белгісі. «Ешкімге қарыз емеспін» деген сезім көңілге медеу. Алайда қаржы кеңесшісі Анна Кимнің айтуынша, сырттай қауіпсіз көрінетін бұл шешім ұзақ мерзімде елеулі қаржылық шығынға алып келуі мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Автокөлікті қолма-қол ақшаға қаржылық қуаттың көрсеткіші емес. Қайта ақшасы бар адамдар көбіне несиені таңдайды. Ендеше неге олай екенін түсіндіріп көрейін, – дейді сарапшы.

Өтімділік дегеніміз не?

Автокөлікті толықтай қолма-қол ақшаға сатып алған сәтте, сіз ірі соманы бір сәтте айналымнан шығарасыз. Яғни ақшаңыз өз жұмысын тоқтатып, құны жыл сайын төмендейтін активке айналады. Бұл дегеніміз – өтімділіктің жоғалуы деген сөз.

Өтімділіктің азаюына әкелетін негізгі себептер:

Капиталды «қатырып қою». Мәселен, 10 млн теңге бір сәтте металлға айналып шыға келеді. Бірақ ол көлік уақыт өткен сайын арзандай береді әрі күтімге қосымша шығын талап етеді.

Мүмкіндікті жіберіп алу. Бұл ақшаны депозитке, инвестицияға немесе бизнеске салсаңыз, ол табыс әкелер еді. Ал автокөлік табыс таппайды.

Қаржылық икемділіктің төмендеуі. Қолма-қол ақша болмаған соң, күтпеген жағдайға жедел әрекет ету қиындайды.

Біржолғы ауыр салмақ. Үлкен соманы бірден төлеу жеке бюджетке ауыр соққы болуы мүмкін. Ал несие немесе бөліп төлеу қаржыны сақтауға мүмкіндік береді.

Анна Кимнің айтуынша, капиталды басқару тұрғысынан қарағанда, ақшаны көп мөлшерде шығынға жұмсау – ең тиімсіз шешімдердің бірі.

Өтімділік қақпанға айнала ма?

Әдетте адамдар бірден автокөліктің сомасын толық төлеп алуға тырысады. Себебі психологиялық тұрғыда «жабылған мәселе» тыныштық сыйлайды. Бірақ қаржы логикасы мүлде басқа нәрсені меңзейді.

Кэш – жай ғана ақша емес, ол ең алдымен еркіндік. Қолма-қол төлеген сәтте сіз икемділіктен және болашақ табыстан айырылып қаласыз. Капиталыңыз жыл сайын құнсызданатын активке байланып қалады, – дейді сарапшы.

Анна Ким оның орнына ақшаны жұмыс істететін сценарий ұсынады.

Пайда математикасы: капиталыңыз көлікті өзі-ақ «төлеп береді»

2026 жылғы Қазақстан нарығына сай нақты мысалға назар аударайық.

Бастапқы деректер:

Автокөлік құны: 10 000 000 теңге

Алғашқы жарна (20%): 2 000 000 теңге

Кредит сомасы: 8 000 000 теңге

Пайыздық мөлшерлеме: жылына 4% (жеңілдетілген бағдарламалар арқылы)

Мерзімі: 7 жыл

Ай сайынғы төлем: шамамен 110 000 теңге

Енді ең маңыздысы, сіз банкке бірден 8 миллионды бермейсіз. Оның орнына бұл соманы инвестициялық құралдарға немесе табыс әкелетін активтерге бағыттайсыз.

Нәтижесінде:

  • Инвестициядан түскен табыс ай сайынғы кредит төлемін толық жабуы мүмкін;
  • Тіпті жанармай, сақтандыру, техникалық қызмет секілді шығындарды да өтеуге жетуі ықтимал;

Ал бұл дегеніміз 7 жылдан кейін көлігіңіз де жаныңызда қалады, әрі негізгі капитал да сақталады. Яғни ақшаңыз көлікті «өзі» сатып алады.

Кімдер несие алмауы керек?

Әрине, бұл тәсіл баршаға бірдей келе бермейді. Анна Ким мұнда аса сақ болуға шақырады.

Егер тұрақты табыс болмаса, кредит психологиялық қысымға айналса, мұндай стратегиядан бас тартқан дұрыс. Бірақ капитал, есеп және тәртіп бар жерде кредит – өте тиімді құрал, – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, ауқатты адамдар пайызды емес, шешімнің толық құнын есептей алады. Маман олардың басты артықшылығы да осында дегенді алға тартады.

Бай адамдар пайызды емес, ұзақ мерзімді тиімділікті санайды. Сол себепті олар кэш жаратып тастауға асықпайды, – деп түйіндейді Анна Ким.

Былайша айтқанда, маман құнын жоғалтатын активке (автокөлікке) қомақты соманы «қатырып» қоймауға кеңес береді.

Егер капитал табысы кредит пайызынан жоғары болса – банктен қарыз алған тиімді. Себебі шотыңыздағы ақшаңыз сізге қажеттірек болуы мүмкін.

Бұған дейін көлікті сатып аларда нені ескеру керектігі туралы жазғанбыз. Сонымен қатар автолизингтің неліктен тоқтап қалғаны туралы мына сілтемеде. Бұдан бөлек биыл көліктер арзандай ма деген сауалға да жауап іздеп көрдік.