Көліктен шыққан шу адам денсаулығына қалай әсер етеді? Невролог түсіндіреді

11 Шілде 2023, 18:06 1056

Медицина ғылымдарының докторы, невропатолог Елена Акарачкова көліктен шыққан шудың адам денсаулығына қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Tengri Life-қа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, көліктен шығатын шудың адам денсаулығына аса зияны жоқ. Дегенмен белгілі бір деңгейде стреске түсіру ықпалы бар.

Жүргізушінің жағдайына көліктің шуы және басқа да көптеген факторлар әсер етеді. Мысалы, жыпылықтайтын заттар мен жарық, сондай-ақ зейінді және мұқият болу қажеттілігі. Шудың өзі соншалықты қорқынышты емес, бірақ стреске төзімділікті төмендететін басқа жағдайлармен қосылып, шиеленіскенде жүйке қозып, денсаулыққа кері әсерін тигізіп жатады, - деп түсіндірген Елена Акарачкова Sputnik радиосына берген сұхбатында.

Акарачкованың сөзінше, тәжірибелі жүргізушілер үшін шу стрестің бір факторы болып қалады.

Қарапайым жүргізушілер күні бойы жұмыста өз мәселесімен алысып, кейін көліктің рөліне отырған кезде тұрақты стреске ұшырайды, әрісере кептеліс кезінде, - дейді ол.

Невропатолог көліктен шыққан шу адамның жүйке жүйесіне әсер ете отырып, адамның ағзасында түрлі мәселелердің тууына әкелуі мүмкін екенін айта кетті. Мысалы, адам әртүрлі жағымсыз сезімдерді сезінуі мүмкін: біреудің басы ауырады, біреудің басы айналады, басқаларында артериялық гипертензия күшеюі мүмкін.

Асқазан-ішек жолдарының проблемалары және басқа да күйзеліске байланысты аурулар пайда болуы мүмкін, әсіресе әуел бастан адамның денсаулығында мәселе болған жағдайда, - дейді Акарачкова.

Маман егер жүргізуші кенеттен өзін нашар сезінсе және бұл оның көлік жүргізуіне кедергі келтіретін болса, онда тоқтап демалып, су ішіп, көзді жұмып отыруы немесе сыртқа шығып серуендеуі керек деп кеңес береді.

Күйзеліс кезінде жағдайыңызды нашарлатпау үшін энергетикалық сусындарды, кофені және басқа психостимуляторларды қолданбау маңызды екені айтылды.

Мұндай сусындарды ішкен соң 10-15 минуттан кейін сіздің көңіл күйіңізге оң серпін берілуі мүмкін. Дегенмен адамның белсенділігі одан артық төмендейді және сіздің әл-ауқатыңыз нашарлайды, - деп түйіндеді маман.

Сондықтан маман зиянды сусындарды мейлінше ішпеу керек деп ескертеді.  

Миражан Махан
Бөлісу: