Көлік саны: экономика мен экологияға әсері

11 Қараша 2022, 18:14 4397

Статистикалық мәліметтер бойынша, Астана қаласында 279 мыңнан аса жеңіл көлік бар. Бұл – көп пе, аз ба? Ол жағы белгісіз, әйтеуір таңертенгі уақытта қоғамдық көлікке отырып, жұмысқа асығамыз. Алайда үш аялдамалық жерге жетуіміз қиындап кетеді. Неге? Өйткені Астанада көлік кептелісі қалыптаса бастады. Ал алматылықтардың жол кептелісінен қатты қиналатынын жақсы білеміз. Сондықтан елде қанша көлік бар, қай облыста көлік көп, оның экологияға әсері қандай? Біз осы турасында зерттеп көрдік.    

Қай өңірде қанша көлік бар?

Расында Қазақстанда жыл өткен сайын көлік саны артып келеді. 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі статистика бойынша Қазақстандағы көлік саны 4 млн 378  мыңды құрады. Оның 87,7 пайызы жеңіл көлік, 10,4 пайызы жүк көлігі және 1,9 пайызы қоғамдық көлікті құрайды. Көлік көбеюі қалаға келіп жатқан халық санының артқанының белгісі. Бұл Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполисте адамның жүріп-тұруын қиындатып, көлік кептелісінің ұлғаюына алып келуде.

Көлік саны ең көп аймақтың бірі – Алматы қаласы. Онда 493 мың жеңіл көлік бар. Жүк көлігі – 30 мың, қоғамдық көлік саны – 10 мыңнан асады. Оған алыс-жақын елді мекендер мен облыстардан келетін көліктерді қосыңыз. Мегаполистегі 800 көшеде 533 мыңнан аса көліктің жүрісін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Әлгі көшелердің бірі тар, бірі кең. Өйткені Алматы қаласы саланып жатқан кезде көп көлік ағыны есептелмеген болса керек-ті. Сағаттап көлік кептелісінде шыдамыңыз таусылып тұрады. Дәл осындай көрініс Астана қаласында да орын ала бастады.

 «Астана қаласында 10 жылдан бері тұрамын.  Жыл сайын халық санымен бірге,  қаладыға көлік саны артып келеді.  Тиісінше, көлік кептелісі мен қаладағы  реттілікті сақтау үшін айналма жолдар салынып, көшідегі жолақтардың саны көбеюде. Қалада бірқатар көшелер бір бағытта жүруге көшті. Қалада кептеліс әсіресе, таңертенгі және кешкі уақытта қатты сезіледі. Астанада Алматы қаласындағыдай айналма көпірлер салуды қарастыру керек секілді. Егер Астанада айналма көпірлер көбейсе көлік жүргізушілері ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жүріп-тұруына қолайлы болатын еді», – деді қала тұрғыны Нұржан Бақбергенов.

Астана қаласында 640 көше бар. Бұл көшелерде қалалық құқық қорғау органдарында тіркелген 307 мыңнан аса түрлі көлік қатынайды. Сондай-ақ, елордаға өз көлігімен өңір-өңірден келетін меймандар мен жұмысшылар аз емес. Өз кезегінде қаладағы кептеліс көбейіп, көлік тұрақтарының жетіспеушілігі байқалады.

Қаладағы бірқатар орындарда көлік тұрақтары ақылы. Бұл қаладағы реттілікті сақтау үшін жасалғанымен, жүргізушілердің қалтасына ауыртпалық салатыны да анық.

Үлкен мегаполистерде халық саны көп болғанына байланысты көліктің де саны көп. Сондықтан қаладағы жаңа үйлердің көбісінің бірінші қабатында көлік тұрақтары орналасқан.

Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметте 2022 жылдың 1 шілдесінде Алматы облысында 614 мың көлік тіркелгені көрсетілді. Бұл – республика бойынша ең көп көлігі бар өңір дегенді білдіреді. Ал Түркістан облысында – 476 мың, ШҚОда – 370 мың, Қарағанды облысында – 340 мың көлік бар. Яғни қай облыста адам саны көп және халқының әлеуметтік жағдайы жақсы, сол өңірде көлік саны басым екенін аңғаруға болады.

Ал қай облыста көлік саны аз десек, Қызылорда облысында – 135 мың, Атырау облысында – 139 мың, БҚО-да – 143 мың көлік бар. Тиісінше бұл өңірлерде кептеліс пен көлік тұрағының жетіспеушілігі байқалмайды.

Экологияға зияны қандай?

Атмосфера ауасын ластайтын негізгі факторлардың бірі – автокөлік.  Көліктерден шығатын улы газдан атмосфералық ауаға кері әсері көп. Оның ішіндегі қауіптісі – түгелдей жанған немесе шала жанған көмірсутек. Ол көбінесе көліктен шығатын түтіннің құрамында және көлік моторы іске қосылып тұрғанда байқалады.

«Жыл сайын Қазақстанда көлік саны артуда. Бүгінде елдің ірі қалаларындағы қоршаған ортаға келетін залалдың 60 пайызы осы көліктерден келеді. Пандемия кезінде әлемде көліктердің жүрісі тоқтап, зауыттар жұмысын саябырсаған кезде ғалымдар  ауаның бірнеше пайызға тазарғандығын айтқан болатын. Қазірде қоғам бірте-бірте күнделікті өмір режиміне қайта оралып, көліктің саны артты. Соның салдарынан ауаға келетін кері әсері көбейді.

Сондықтан мамандар ауаны ластамаудың жолын іздеп, көліктің жаңа түрін құрастыруда. Қазақстанға көліктің жаңа түрлері әкелгенімен олардың барлығы бірдей Еуро-4 маркасының стандартына сәйкес келмейді. Сондықтан ауаны ластау мөлшері де азаймай отыр. Қазақстандағы ескі көліктерді де жаңалау керек», – дейді эколог Тимур Елеусізов.

Ауаның ластануы – әлемге ортақ мәселе. Одан келетін зиянның да көп екені белгілі.

Қазақстан жанар май мен газдың бағасы арзан елдердің қатарына кіреді. Қазақстан бойынша АИ-92 ең қымбат маркалы бензин. Астана қаласында литрі – 182 теңге. Елде жанармайды көп тұтынатын өңірге Алматы қаласы, Алматы облысы және ШҚО кіреді. Бұл өңірдегі көліктердің дені бензинмен жүреді.

Биыл елімізде 2021 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда бензин бағасы 4 пайызға өсті.           

Көлік салығы қанша?

Мемлекеттік бюджетті толтыруда салық шешуші рөл атқарса, соның ішінде көлік салығы маңызды рөлге ие. Біз көлік салағы бойынша облыстардың рейтингісін де саралауды ұмыт қалдырмадық.

Жоғарыда Қазақстандағы жалпы көлік санына тоқталдық. Олардың ішінде жаңасы да, ескісі де бар. Еліміздегі 3 жылға дейінгі жеңіл көліктің саны – 297 мың. 3-7 жылға дейінгілер 237 мың және 7-10 жылға дейінгілер 539 мың. Оның ішінде, жалпы дипломатиялық нөмірлі көліктің саны –17,4 мыңды құраса, аймақтық нөмірі көрсетілмегенінің саны – 30 мың көлік.

«Көлік құралдарына салынатын салықты есептеу үшін жеңіл көлік қозғалытқышының көлемі (текше см.), ауыр техникалық жүк көтергіш көрсеткіштері ескеріледі. Бұл ретте көлік құралының шыққан жылы көлік құралына салынатын салықты   есептеу кезінде ескерілмейді. Бұл ретте, Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған немесе Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін әкелінген, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін салықты есептеу жоғары айлық есептiк көрсеткiштермен белгiленген салық мөлшерлемесі бойынша жүргiзiледі»  –  деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары Дархан Бисеналиев.   

Елімізде 2 856 766 салық төлеуші жеке тұлғаның меншік құқығында салық объектісі болып табылатын 3 641 263 көлік құралы тіркелген.

Ағымдағы жылы автокөліктерге салынатын салық мөлшері 69,8 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен саялыстырғанда 7,9 млрд теңгеге артық. Салық түсімінің артуы жыл сайынғы АЕК және жаңадан тіркелген көліктер санының ұлғаюына байланысты.

2022 жылғы қарашадағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша берешек 16,5 млрд. теңгені құрайды.

«Көліктердің санына қарай салық мөлшері жағынан көш бастайтын – Алматы қаласы. Жылдық салық көрсеткіші – 14,2 млрд теңгені құрайды. Астана қаласында 6,7 млрд теңгені құраса, Алматы облысында 7,1 млрд теңге. Ал салық көрсеткіші аз есептелетін өңір Қостанай мен БҚО-да 1,6 млрд теңге және СҚО-да 1,7 млрд теңге. Сәйкесінше, бұл өңірлерде көлік саны да аз», –   деді Дархан Бисеналиев.    

 

Миражан Махан
Бөлісу: