Келесі жылдан бастап елімізде көлік салығының жаңа тәртібі өзгереді. Жаңа салық кодексіндегі өзгерістер әсіресе қозғалтқыш көлемі үлкен әрі ескі көлік иелері үшін жеңілдік әкелмек. Бұл өзгерістердің нарыққа әсерін El.kz интернет порталының тілшісі автосарапшылар Алексей Алексеев пен Артур Мукаряннан сұрап білді.
Оның аясында ескі көліктерге салынатын салық төмендету қарастырылып отыр. Автоэксперттің пікірінше, бұл қадамның негізгі мақсаты – жаңа енгізілетін салықтар мен өзгерістердің халыққа әсерін теңестіру. Өзгеріс 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа салық кодексінде көзделген.
El.kz
Эксперттің айтуынша, жаңа кодексте қосылған құн салығы (ҚҚС) көтеріледі, сонымен бірге жеңілдетілген режимде жұмыс істеп келген ондаған мың жеке кәсіпкерлерден де қосымша салықтар алынбақ. Осындай ауыртпалықтың жанында ескі көліктерге салықты азайту халық үшін жағымды жаңалық ретінде қарастырылып отыр.
Бұл өзгеріс әсіресе табысы төмен халықтың бөлігіне тиімді болмақ. Олардың көбі ескі автокөліктерді пайдаланады, өйткені жаңа көлік сатып алуға мүмкіндіктері шектеулі. Мысалы, 20 жылдан асқан көліктерге салық мөлшері екі есеге төмендейді. Бұл өзгерістің әсері қозғалтқыш көлемі үлкен ескі көліктердің иелеріне айқын байқалады. Қазақстанда мұндай көліктер әлі де көп кездеседі, ал қазіргі салық жүйесінде оларға «қымбат көлік» санатындағыдай жоғары салық салынады. Енді ондай адамдар салықты едәуір аз төлейді.
Алексей Алексеев
Сондай-ақ жеңілдіктер тек ескі көліктерге ғана емес, жаңалау автокөліктерге де қатысты. 10 жылға дейінгі көліктерге салық мөлшері екі есеге, ал кейбір қозғалтқыш түрлеріне төрт есеге дейін төмендеуі мүмкін. Мысалы, қазір 800-8000 теңге салық төлейтіндер енді жартысын немесе одан азын төлейтін болады, – деді Алексей Алексеев.
Автосарапшы жаңа салық кодексінің көптеген баптары салық төлеушілердің шығынын арттыратынын жеткізді. Сол себепті ескі көліктерге жеңілдік беру – осының қарсы салмағы ретінде ойластырылғанын айтады.
Бұл халыққа «жақсы жаңалық» беріп, жалпы өзгерістерді жұмсартуға бағытталған. Әрине, адамдар бұған қуанады, өйткені жыл сайынғы салық сомасы азаяды. Мысалы, 2 литрлік қозғалтқышы бар көлік үшін қазір 13-14 мың теңге төлейтін адам енді 7,5 мың теңге ғана төлейтін болады, – дейді автосарапшы.
Десе де, сарапшы бұл бастама елге жаппай ескі көлік әкелуге жол ашпайтынын атап өтті. Өйткені Қазақстанда мұндай көліктерді сырттан әкелуге қатысты кедендік баж салығы мен алымдар өте жоғары. Сондықтан ескі көліктерді елге әкелу тиімсіз, олар көбіне тек қосалқы бөлшек ретінде ғана келеді деп отыр.
Жаңа көліктердің сатылымына да бұл өзгеріс әсер етпейді. Олар өз ритмінде сатылады, ал қолданылған көліктер нарығы да өзгермейді. Сатып алушылар үшін салықтың аз болуы – қосымша бонус, бірақ нарықтық қозғалысты өзгертпейді, – деді Алексей Алексеев.
Ал дамыған Еуропа, Жапония сияқты елдерде, керісінше ескі көліктерге қосымша салық салынатынын жеткізді.
Өйткені олар қоршаған ортаға зиян келтіреді – ескі модельдерде (әсіресе кеңес дәуірінің көліктерінде) Euro-2 немесе басқа экологиялық стандарттар жоқ. Қазақстанда да экологиялық факторды ескеру қажет, бірақ әзірге бұл жеңілдіктер әлеуметтік қолдауға басымдық береді, – деді сарапшы.
Автосарапшының сөзінше, Қазақстанда, әсіресе Алматы қаласында ескі автокөліктердің экологиялық нормаларына қатысты мәселелер талқыға түсіп жатқанын айтты. Қаланың орталық бөлігін ескі көліктер үшін қолжетімсіз немесе ақылы ету туралы ұсыныс қарастырылуда.
Бұл дегеніміз – қала орталығына тек экологиялық нормасы еуро-5 стандартынан төмен емес көліктер ғана кіре алады. Ал Қазақстандағы көлік паркі негізінен еуро-2 және еуро-3 деңгейіндегі машиналардан құралған.
Мұндай шектеулер әлеуметтік наразылық тудыруы мүмкін, өйткені ескі көліктердің иелері негізінен табысы төмен адамдар. Олар үшін жаңа көлік сатып алу қиын, сондықтан бұл өзгерістер қосымша қаржылық жүктеме әкеледі. Дегенмен, бұл экологиялық мәселелерді шешу үшін қажетті қадам болуы мүмкін, – дейді автосарапшы Алексей Алексеев.
Эксперттің пікірінше, ескі көліктердің экологияға әсері айқын. Басты проблема – елімізде техникалық байқаудың шынайы түрде жүргізілмей отырғаны.
Көптеген көліктерде фаралар жанбайды немесе қатты түтін шығарады, ешкім оған мән бермейді. Мысалы, ескі кеңестік КамАЗ жүк көліктері жолда түтін шығарып жүреді, бірақ техосмотрдан өтпейді. Қазіргі техосмотр жүйесі формальды – көбіне WhatsApp арқылы өткізіледі, ал нақты тексеру жүргізілмейді. Егер шынайы техосмотр енгізілсе, көптеген ескі көліктер жөндеуге немесе жоюға ұшырар еді, өйткені оларды жөндеу қымбат, – дейді сарапшы.
Автосарапшы адамдар ескі көліктерді салық аз болғасын емес, жаңасын сатып алуға мүмкіндіктері болмағандықтан пайдаланатынын айтады. Қазақстандықтардың көбі жаңа көлікке ауысқысы келеді, бірақ қаржылық жағдайы келмейді.
Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа автокөліктердің сатылымы өсіп келеді. Үш жыл қатарынан тарихи рекорд орнатылды. 2024 жылы шамамен 205 мың көлік сатылды, ал 2025 жылы 230 мыңға жетуі мүмкін (алдыңғы жылмен салыстырғанда 24% өсім). Бұл автопаркті жаңартуға оң әсер етеді, бірақ елдегі жалпы 6-7 миллион көлікке қарағанда бұл аз ғана үлес, – деді ол.
Автопаркті жылдам жаңартуға салықтар немесе жеңілдіктер емес, экономикалық жағдай әсер етеді. Адамдардың әл-ауқаты жақсарса, олар көліктерін жиі ауыстырады. Мемлекет тарапынан қолдау қажет, бірнеше жыл бұрын енгізілген жеңілдік несие (7% жылдық пайызбен) жақсы нәтиже берді. Қазір қарыз алушыларға қойылатын талаптар қатаңдады, бұл сатылымды бәсеңдетеді», – дейді Алексеев.
Автосарапшы Алексейдің сөзінше, ескі көліктерге салықты төмендету – олардың иелері үшін жағымды бонус болғанымен, бірақ экологияға әсер етпейтінін жеткізді.
Сарапшы нақты өзгерістер үшін төмендегідей ұсыныс айтты:
Шынайы техосмотр енгізу: Көліктердің шығарындыларын нақты тексеру.
Экологиялық полицияның жұмысын жақсарту: Алматы маңындағы стационарлық посттардың орнына мобильді патрульдер енгізу. Олар қаланы аралап, түтін шығаратын көліктерді анықтауы керек. Бұл туралы бұрыннан айтылып келеді, тіпті арнайы жабдық сатып алынған, бірақ толық іске қосылмаған.
Алматыдағы ауа ластануының негізгі көзі – автокөліктер емес, қаладағы пештер мен көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары (ЖЭС). Бұл әсіресе қыс мезгілінде айқын көрінеді, өйткені көмірмен жылыту ауаның сапасын күрт нашарлатады. Эксперттің айтуынша, ластанудың 90%-ға жуығы осы пештер мен ЖЭС-нан шығады. Мысалы, қыста ауа сапасының нашарлағаны көзге көрінеді, ал жазда ауа тазартқыштары төмен ластану деңгейін көрсетеді.
Автокөліктер, әрине, түтін шығарып, ауаның ластануына әсер етеді, бірақ олардың әсері салыстырмалы түрде аз. Сондықтан экологиялық мәселені шешу үшін алдымен ЖЭС-ын газға көшіру сияқты кешенді шаралар қабылдау қажет. Бұл ауа сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарады, – деді Алексеев.
Алайда маманның пікірінше, ескі автокөліктерге салық жеңілдіктерін енгізу халықаралық тәжірибеде сирек кездеседі. Керісінше, дамыған елдерде (мысалы, АҚШ, Еуропа, Жапония) ескі көліктерге салықты қатаңдату практикасы бар.
Мәселен АҚШ-та көліктің жыл сайынғы тіркеуін ұзарту кезінде шығарынды нормалары мен техникалық жағдайы (мысалы, фаралар, тежегіштер) тексеріледі. Егер көлік стандарттарға сай болмаса, тіркеу ұзартылмайды, яғни оны пайдалану мүмкін болмайды. Бұл техосмотрдың баламасы ретінде қызмет етеді және қымбатқа түседі.
Еуропа мен Жапонияда көліктің жасы ұлғайған сайын салық мөлшері артады, өйткені ескі көліктер қоршаған ортаға зиян келтіреді. Бұл елдерде экологиялық стандарттар (еuro-5, еuro-6) қатаң сақталады. Сарапшы Қазақстанды дамыған елдермен салыстыруға болмайтынын айтады.
Біз әрқашан бөлек жолмен жүрдік. Қазір халықтың жағдайы мәз емес, доллар бағамы өсіп, барлық салада баға қымбаттап жатыр. Электр қуаты мен коммуналдық төлемдер де шарықтауда. Осындай қиын кезеңде халықты қосымша салықтармен қыспау керек. Керісінше, адамдардың жағдайы жақсарса, олар өздері-ақ жаңа көлік сатып ала бастайды. Сонда ескі машиналар мәселесі де біртіндеп шешіледі, – дейді автосарапшы Алексей Алексеев.
Автосарапшы Артур Мискарян ескі көліктерге салық жеңілдігі енгізілгенімен, автопарктің жаңаруына кедергі болуы мүмкін екенін айтады.
Жаңа коэффициенттің (0,5-0,7 – көліктің жасына байланысты) енгізілуі бір жағынан көлік иелерінің едәуір бөлігі үшін салықтық жүктемені азайтады. Алайда екінші жағынан, автопаркті жаңартуға деген ынтаны төмендетуі мүмкін. Транспорт салығы қазір де, коэффициент енгізілгеннен кейін де, халықаралық орташа ставкалармен салыстырғанда төмен болып қала береді. Сондықтан ол фактордың елге көлік әкелуге әсері шамалы, – дейді сарапшы.
Бірақ бұл мәселеден бөлек, жалпы 7-10 жылдан асқан көліктердің елге кіруіне шектеу қоюды қарастыру орынды болатынын айтады.
Артур Мискарян
Артур Мискарянның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы автопарк айтарлықтай жаңарып келеді, жаңа көліктерге сұраныс өсіп, үш жылға дейінгі машиналардың үлесі артып жатыр.
Сол себепті ескі көліктерге сұраныс күрт өсе қояды деген негіз жоқ. Керісінше, қолданыстағы ескі машиналарды шығаруға ынталандыру маңызды, – деп санайды.
Сондай-ақ ескі көліктердің жолдағы қауіпсіздікке де, экологиялық жағдайға да әсері айқын екенін айтады. Мәселен апат кезінде тәуекелді арттырады, әрі зиянды қалдықтар мөлшері жоғары болады. Сол себепті ең бастысы – көліктің техникалық жағдайын қатаң бақылауда ұстау керек екенін жеткізді.