01.04.2026
12:15
160

Көлік салығын төлеудің соңғы күні: жүргізушілер нені ескеруі керек

Бүгін – Қазақстанда 2025 жылға арналған көлік салығын төлеудің соңғы күні. Осы мерзімнен кейін берешегі бар жүргізушілерге өсімпұл автоматты түрде есептеле бастайды.

Әдеттегідей, көпшілік төлемді соңғы күнге қалдырады. Егер бүгін үлгермей қалсаңыз, ертеңнен бастап қарыз сомасы күн сайын өсіп отыратынын қаперде ұстаңыз. Көлік салығы қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі. Яғни көліктің қуаты жоғары болған сайын, төлем мөлшері де артады. Биыл бұл тәртіп өзгеріссіз қалды.

Көпшілік үшін түсініксіз жайттардың бірі – салықтың қалай есептелетіні. Күнтізбеде 2026 жыл болғанымен, төлем өткен салық кезеңіне, яғни 2025 жылға арналған көрсеткіштер бойынша есептеледі. Бұл ретте 2025 жылға белгіленген айлық есептік көрсеткіш – 3 932 теңге қолданылады. Ал нақты сома көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады.

Салық органдары әр жүргізуші бойынша төлем сомасын дербес есептеп, ақпаратты банктердің мобильді қосымшалары арқылы push-хабарлама түрінде жіберген. Егер мұндай хабарлама келмесе, берешекті Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталынан тексеруге болады. Сонымен қатар есептеуді нақтылау үшін онлайн-калькулятор да қарастырылған. Мемлекеттік кірістер комитеті төлемді кешіктірмеуге шақырады.

2 сәуірден бастап салық төлемі кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі. Ал берешек уақытында өтелмеген жағдайда, заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады, – деп ескертті ведомство.

Сарапшылардың айтуынша, ең бастысы, төлемді соңғы күнге қалдырмауға тырысыңыз. Себебі өсімпұл күн сайын қосылып отырады. Оның мөлшері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байланысты есептеліп, шамамен 0,03-0,05% көлемінде өседі. Мысалы, көлік салығы 50 мың теңге болса, бір күн кешіккенде шамамен 15-25 теңге қосылады. Ал бірнеше апта немесе ай өткен сайын бұл сома айтарлықтай ұлғаяды.

Алайда мәселе тек өсімпұлмен шектелмейді. Комитет мәліметінше, 10 мамырдан кейін берешек өтелмесе, іс мәжбүрлеп өндіру кезеңіне өтеді.

Егер берешек сомасы 1 АЕК-тен асса, борышкерге салық бұйрығы жолданады. Ол 5 жұмыс күні ішінде орындалмаған жағдайда, материал жеке сот орындаушыға жіберіледі, – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Мұндай жағдайда жүргізушілерге бірқатар шектеу қойылады. Атап айтқанда, банк шоттары мен мүлкіне тыйым салынуы мүмкін. Егер берешек көлемі 40 АЕК-тен асса, елден шығуға да шектеу енгізіледі. Бұған қоса, сот орындаушыларының қызметі үшін қосымша шығындар қарастырылған.

Сондықтан жүргізушілерге бірнеше қарапайым нәрсені ескерген жөн. Ең алдымен, салық берешегінің бар-жоғын алдын ала тексеріп алған дұрыс. Кей жағдайда көлік сатылғанымен, база жаңартылмай, салық бұрынғы иесіне есептелуі мүмкін. Сондай-ақ төлем жасау кезінде деректерді дұрыс енгізу маңызды. Қате жіберілсе, төлем жүйеде көрінбей қалуы ықтимал.

Көлік салығы бойынша барлық ақпаратты eGov Mobile қосымшасынан немесе банктердің мобильді сервистерінен көруге болады.

Ал алдағы өзгерістерге келсек, 2026 жылдан бастап көліктің жасына байланысты төмендету коэффициенттері енгізіледі. Бұл ескі көлік иелері үшін салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Алайда бұл норма биылғы төлемге емес, 2027 жылы төленетін салыққа қатысты болады.