Көлік қатынасындағы қауіпсіздікті арттыру мәселелері талқыланды

16 Тамыз, 15:25 495

Қазақстанның Көлік министрлігі мен inDrive жол қауіпсіздігін арттыру бойынша бірлескен шаралар туралы келісімге келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астанада Қазақстанның көлік министрі Марат Қарабаев жаһандық inDrive компаниясының негізін қалаушы және бас директоры Арсен Томскиймен кездесу өткізді.

Кездесу көлік саласын дамытуға арналды. Көлік қызметтері саласындағы ең танымал мобильді қосымшалардың бірінің негізін қалаушы мен көлік министрі көліктегі қауіпсіздікті жақсарту және өзара серіктестік бойынша бірлескен шаралар туралы келісімге келді. Сондай-ақ жылдамдық режимі туралы деректерді өзара алмасу мәселесін Индрайвер сервисі, Көлік министрлігі және ІІМ-мен бірлесе талқылады.

Арсен Томский мен Марат Қарабаев Қазақстанның көлік саласын бірлесіп дамытуға келісті. 

Бұған дейін маусым айында inDrive, Көлік министрлігі және ІІМ арасында үшжақты меморандумға қол қойылған болатын. Бұл келісімдер аясында қалалық және қалааралық көлік қатынастарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар шара жүргізіліп жатыр. Мәселен, платформада жүздеген серіктес-жүргізуші жол қауіпсіздігі ережелері мен қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша оқудан өтті. Тамыз айының басында Алматы-Қонаев тас жолының қауіпті учаскесінде ІІМ және Көлік министрлігі бірлесіп жол қауіпсіздігі туралы билбордтар орнатты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: