Көлік министрлігі теміржолда қызмет көрсететін компанияларға талапты күшейтпек

17 Тамыз, 19:31 615

Жолаушылар тасымалы компаниялары мен жеке тасымалдаушыларға субсидия беру тәртібі күшейтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті теміржол бағытында қызмет көрсететін компанияларға талапты күшейтпек. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, поездардың жай-күйі мен тазалығы және талапқа сай стандарттық нормаларға байланысты субсидия беру мәселесін қарастыру жоспарға енгізілді.

Аталған комитет өкілдері жолаушылар пойызына кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл жолғы нысан «Түрксіб-Астана» ЖШС қызмет көрсететін Қостанай – Алматы бағытындағы №43/44 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар поезды. 

Тексеру барысында 14 түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаларына сәйкес келмеуі, кондиционерлері қарастырылған бірақ сол желдеткіші істен шыққан вагондардың қатынауы және санитарлық талаптарға сай келмеуі негізгі заң бұзушылықтар ретінде тіркелді.

Тексеріс жұмыстарының нәтижелері бойынша тиісті акт жасалды. Өз кезегінде тасымалдаушы компанияға 10 күнтізбелік күн ішінде тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою және олардың одан әрі орын алуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Елімізде әлеуметтік маңызы бар тұрақты 110 пойыз қатынайды. Жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын қатаң сақтау комитет назарында. Жаз соңына дейін жауапты комитет қызметкерлері кесте бойынша қалған жолаушылар пойыздарына да тексеру жұмыстарын жүргізеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: