21.07.2025
13:14
2718
Көлік иелерінің сенімін жоғалтқан 10 кроссовер

Көлік иелерінің сенімін жоғалтқан 10 кроссовер

Қазақта «Жарты жолда атың өлмесін...» деген сөз бар. Иә, бүгінде тұлпардың орнын автокөлік басты. Бірақ нақыл сөз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Daily.motor порталы автосарапшылардың бағалауына сүйене отырып, әсіресе ұзақ жолға шыққанда сенім артуға болмайтын 10 кроссовердің тізімін жасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бағалау жүйесі: 1-ден 5-ке дейін.

Volkswagen Taos

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 1/5

Бұл кроссовер «Consumer Reports» нұсқасы бойынша ең сенімсіз SUV деп танылған. Taos иелері қозғалтқыштағы ақаулардан бастап, электр жүйесі, трансмиссия және басқа да механикалық бөлшектердің бұзылуына дейінгі көптеген мәселеге жиі шағымданады. Бұған жөндеудің қымбат соғатынын қосыңыз.

Ford Explorer

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 1/5

Отбасына арналған танымал америкалық кроссовер соңғы жылдары электроникадағы жиі істен шығу, трансмиссия ақаулары мен кузов элементтерінің сапасыздығымен көзге түсіп жүр. Бұл жағдайлар жалпы сенімділікті едәуір төмендетеді.

Kia Sorento

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 1/5

Орташа көлемдегі бұл корейлік кроссовер танымал болғанымен, көлік иелері трансмиссия мен қозғалтқыштағы тұрақты техникалық ақауларға жиі шағымданады.

Электромобильдер мен премиум сегмент

Chevrolet Bolt EUV

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 1/5

Бұл шағын электрлік кроссоверде электр жүйесі жиі бұзылады. Кейбір қолданушылар электр қозғалтқыштардың ақаулары мен салонға су кіру жағдайларын да атап өткен. Бұған құрастыру кезінде жіберілген қателіктер себеп.

Alfa Romeo Stelvio

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 1/5

Италиялық люкс кроссовердің динамикасы жоғары болғанымен, оның әлсіз тұстары да бар. Олар: электроника мен компьютерлік жүйелердің жиі істен шығуы, әсіресе кернеудің ауытқуына сезімталдығы.

Jeep Wrangler

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 2/5

Бұл көліктің жолсыз жерлермен жүру қабілетіне ешкімнің күмәні жоқ, сөйте тұра Wrangler жиі бұзылатын автомобильдер қатарында. Себебі салоны шулы, алынбалы төбесінен су өтеді, басқаруда қиындықтар бар және үнемі ұсақ ақаулар туындайды.

Ford Bronco Sport

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 2/5

Ford-тың бұл жаңа үлгісі тежегіш жүйесінің бұзылуы, қозғалтқыш пен кузов проблемаларына байланысты сенімсіз көлік деп танылған.

Jeep Compass

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 2/5

Jeep-тің бұл шағын SUV үлгісі ескірген технологиялар мен руль басқару жүйесіндегі ақаулардың кесірінен сенімділік тұрғысынан сынға жиі ұшырайды.

Dodge Durango

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 2/5

Жол талғамайтын бұл көлікте механикалық ақаулар жиі тіркеледі. Көлік иелерінің пікірінше, аталған модельдің әлсіз тұсын бөліп-жарып айту қиын, себебі барлығы дерлік істен шығуы мүмкін.

Buick Enclave

Қолданушылардың сенімділік бойынша берілген бағасы: 2/5

Бұл үлгінің трансмиссия мен электр жүйесіндегі тұрақты ақаулары 10 жылдан бері шешімін таппай келеді.

Бұған дейін ең қауіпсіз көліктер тізімін жасағанбыз. Сонымен қатар күрделі жөндеу көрмей 1 млн шақырым жолды жүріп өткен көліктер тімізі де бар.