Қолдан ұшақ құрастырған азамат

23 Қазан 2017, 15:11 11085

Ұшағын шетелдіктерге сатқан шебер

Ол базбіреулер секілді арманын іште тұншықтырып өлтіргісі келмеді. Шамамен 4-5 жасар кезі. Көк жүзіне із салып, ары-бері самғаған алып ұшақ бұлт арасына сүңгіп кеткенше көз алмай ұзақ қарап тұратын. Кейде бір топ баламен бірге «Самолет, самолет, бізді өзіңмен ала кет» деп екі өкпесі өшкенше, қолын сермеп жүгіретін. Ол өзінің қатарластары секілді таңнан қара кешке дейін асыр салып, ойын қуған жоқ. Төрт түлікті жайғап, үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп атқарған соң, қолына ақ парақ пен қылқалам алып, қиялындағы ұшақтың бейнесін түсіріп отыратын. Сосын оны ағаштан ойып, жасағанша тыным таппайтын.

Сансызбай Оспанов – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Спатаев ауылының тұрғыны. Қолдан үш бірдей ұшақ құрастырған. Оның бірін Украинадан арнайы келген азамат аттай қалап, сатып алыпты. Ал 1995 жылы жасаған соңғы ұшағы үйінің ауласында тұр. Көңіл хошы келгенде Сансызбай ағаның ұлы Асылжан ұшақты оталдырып, жақын маңды шарлап қайтады. Біз барғанда екі қанатын алып, кем-кетігін жөндеп жатыр екен.

–  Камчатка түбінде өзім бала күнімнен армандаған қарулы әуе күштерінде 2 жыл  әскери борышымды өтедім. Барлық жағынан жоғары нәтиже көрсеттім. Үздік болдым.  Сосын олар 1979 жылы Мәскеудегі авиациялық институтқа оқуға жолдама берді. Оны 1985  жылы үздік аяқтадым. «Білім инемен құдық қазғандай» емес пе? Өте қиын болды. Сосын Ташкент қаласындағы авиация зауытында жұмыс істедім. Кейін Шымкент әуежайына инженер-техник болып ауыстым, – дейді Сансызбай аға.

Ол әуежайда қызмет атқарып жүргенде жалақысының 10-15 пайызын ұшақ құрастыруға қажетті керек-жарақтарды сатып алуға бөлетін. Осылайша асай-мүсейін сайлап алып, жұмыстан соң немесе демалыс күндері күн ұзақ моделін ойланады, сызады, касетаны қосып қойып видео қарайды, сөйтіп жүріп алғашқы ұшағын құрастырып шығады.

– 1980 және 1988 жылы екі ұшақ жасадым. Кейінгі құрастырған ұшақты Украинадан келіп, бір азамат сатып алып кетті. Өздері «қолыңыз алтын екен, дәл зауыттан шыққандай, бізге сатыңыз, қанша сұрасаңыз да береміз» деп қолқа салды. «Қаншаға бағалайсыздар?» деп өздерінен сұрадым. Бес мың сом ұсынды. Ол кезде көп ақша. Жетпіс сом айлық алатын едім. Ал бес мың сомға су жаңа «Москвич» көлігін сатып алуға болатын еді. Үйленіп, үй болған кезім. Баспана тұрғызуға ақша керек болған соң, келістім, – дейді ол.

Сансызбай аға 1995 жылы үшінші ұшақты құрастыруды қолға алады. Тәжірибесі толысқан. Мақсаты айқын. Ұшақ құрастырудың қызығына кіргенде төрткүл дүниеде болып жатқан жаңалықтарды, айналасын, тіпті отбасын ұмытып кететін. Өз ісінен шексіз ләззат алатын.

– Шымкент әуежайында 18 жыл инженер-техник болып жұмыс істедім. Кеңес Одағы кезінде Шымкенттен ұшақтар Одаққа кіретін елдердің түкпір-түкпіріне ұшатын. Ал егемендік алғаннан кейін басқа елдерге ұшақ жайлап-жайлап тоқтай бастады. 1998 жылы қызметкерлердің 95 пайызы, яғни екі мың адам қысқартуға ұшырады. Солардың қатарында мен де болдым. Әріптестерімнің басым бөлігі Мәскеуге, Ташкентке, еліміздің басқа қалаларына кетті. Ал мен бала-шағамды алып, ауылға, кіндік қаным тамған өлкеме оралдым, – дейді Сансызбай аға.

Ауылда Сансызбай ағаны күтіп тұрған жұмыс жоқ еді. «Жұмыс жоқ» деп қол қусырып отыруға тағы болмайды. Жеке көлігімен ауыл адамдарын аудан орталығына тасып, нәпақа тапты. Көрші жатқан Ақсары ауылының шәкірттері жоғары сыныпты Төрткүл ауылындағы алтын ұяда жалғастырады. 2001 жылы ауыл тұрғындарынан оқушыларды Төрткүлге тасу туралы өтініш түседі. Бұл құп алады. Содан бері екі ауылдың арасын жол етіп, газельмен, кейін сары автобуспен мыңдаған баланы тасыды. Әлі де тасып келеді.  

–  Былтыр қыркүйек айының ортасында аудандық білім бөлімінің басшысы мен сол кездегі аудан әкімі шақыртты. «Аудандық оқушылар үйінің жанынан «Жас техник» деген үйірме ашылғалы жатыр. Негізі аудан орталығы Темірланнан ашуымыз керек еді. Бірақ авиациядан хабары бар маман табылмай жатыр. Сіз сол үйірмені жүргізсеңіз, өз ауылыңыздан-ақ ашып берсек» деген ұсыныс айтты. Ойланып көрмек болдым. Өйткені, бұл –жауапкершілік, бұл – үміт, бұл – арман. Алдында көздері жәудіреп, саған сеніп отырған балаларға дұрыс бағыт көрсету, оларды жетелеу оңай емес. Бірақ үйірмені жүрсеңіз, автобус жүргізуге болмайды деді. Бас тарттым. Себебі, 16 жылдан бері бала тасимын. Әр баланың психологиясын, мінез-құлқын жақсы білемін. Небір бұзық балалар алдымнан өтті. Бұл жұмысқа да әбден бауыр басып қалдым. Күнім балалармен қызықты өтеді. Автобус жүргізушісі боп жұмысты жалғастыра беретінімді айттым. Кейін өздері екеуін қатар алып жүруге рұқсат берді, – дейді ол.

Осылайша облыс орталығынан 90 шақырым алыс жатқан Төрткүл ауылында, «Төрткүл» жалпы орта мектебінің жанынан бұрын-соңды болмаған «Жас техник» үйірмесі ашылды. Көп уақыт өте қоймаса да, талапты оқушылар бұл күнде қолдан ұшақ, кеме, көлік құрастырып, оларға «жан» бітіріп жүр. Яғни, ұшақтары көкте ұшады, кемелері суда жүзеді, көліктері жолда қозғалады. Аптасына үш рет болатын үйірмеге 40-қа жуық бала қатысады. Қанша жылдан кейін сүйікті ісіне қайта оралған Сансызбай аға, бар білгенін шәкірттеріне жалықпай үйретуде.

– Кабинетті жабдықтауға, керек-жарақты сатып алуға білім бөлімі «қаржы бөлеміз» деген. Күтеміз. Амалдай тұрармыз. Оған дейін 10-15 жылдан бері шатырда шаң басып жатқан заттарымды түсіріп, пайдаға жаратып, қолда барды ұқсатуға тырысып жүрміз. Балалардың талабы қуантады, алға жетелейді. Мотор – ұшақтың жүрегі. Оны қолдан жасай алмаймыз. Алматыдағы дүкендерден көрсем, бағасы 58 мыңнан басталып, жоғарылай береді. Бензиннің литрі – 15 мың. Демеуші табылып немесе тезірек ақша қаралса, біз осы мотор мен бензинді сатып алар ек. «Темірді қызған кезде соқ» демей ме? Балалардың қызығушылығы қазір жоғары. Олардың талабын қолдау керек. Ұшқыш болғысы келетіндер, көкте самғағысы келетіндер көп. Ал ұшақ құрастырамын деп мақсат қоятындар аз. Мені ауыл адамдары «қияли» дейтін. Тіпті жаңа түскен жас келіндер басында «осы ағай біртүрлі» деп мені көрсе, айдаладан қорқып, қашып жүретін. Анам да бақшада ерсілі-қарсылы ойланып жүретініме қарап, «осы баланы емшіге апарып оқытып, дем салдыру керек» деп қоймайтын. Мен ол кезде ұшақтың моделін ойша сызып, елестетіп жүргенімді қайдан білсін?! Шыны керек, бақшаны қанша рет айналып шыққанымды өзім де байқамайтынмын. Енді-енді ғой, ауыл адамдарының, көршілердің, анамның мені түсінгендері, – деп күлді.

Ол – өз арманына аялай қараған және сол арманымен өмір сүрген жан. Өмір сүріп қана қоймай, ойындағысын іске асырған. Біз және біздің қоғамның Сансызбай ағаның мүмкіндігін, дарынын бағалай алмағаны өкінішті. Әйтпесе авиация саласының дамуына сіңіретін еңбегі көп-ақ еді. Ал ол ауылда қарапайым ғана тірлік кешіп жүр... Бірақ бір кездері үкілеген сол арманының шоғын кішкентай шәкірттерінің көкірегіне жағып жүрген шығар... Күндердің күнінде Сансызбай ағаның шәкірттері арасынан әлемге әйгілі инженер-техник шығар. Сол кездері ол да алыс ауылдың түкпірінде аяулы арманын ештеңеге айырбастамай өмір сүрген осы бір ұстазы туралы естелік айтар... Кім білсін, бәрі де уақыттың еншісінде...

Шәкірт лебізі

Ерлан Нұрғали:

– Біздің сыныптағы ұлдар бірауыздан «Жас техник» үйірмесіне қатысайық деп шештік. Шеберлігімізді шыңдап жатқанымызға жеті-сегіз ай болды. Қасымжомарт Әбілда деген сыныптасым екеуміз қолдан көлік құрастырдық. Оған пультпен басқарылатын көліктің моторын алып салдық. Негізгі материал ретінде ағаш пен пенопластты қолданамыз. Ал механикалық бөлшектерді әзірге жетекшіміз тауып беріп жүр.  Болашақта ағайым секілді инженер-техник болғым келеді.

Бекзат Ділдәбек:
– Менің арманым – ұшқым болу. Өзім ұшақ құрастырып, сонымен аспанға көтерілгім келеді. Сол арманымның алғашқы қадамы «Жас техник» үйірмесінен басталды. Біздің мектепте осындай үйірме ашылғанына қуаныштымыз. Бос уақытымызда енді осы жерден табыламыз.

Жомарт Әлімтөре:

–  Ағайымыз «Ізденген жетер мұратқа» деген мақалды үнемі айтып отырады. Маған кеме құрастырған ұнайды. Біз әлі толықтай жасап біткен жоқпыз. Біраз жұмыстары бар. Барлығын аяқтаған соң, су бетінде қалқып жүзетін болады.

Әйгерім Бегімбет
Бөлісу: