Көкшетауда реновация бағдарламасы басталды

9 Қараша, 17:41 427

Ақмола облысының орталығында тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы басталды. Реновацияның алғашқы учаскесі ретінде көп ескі үйлер шоғырланған Уәлиханов – Гоголь, Саин – Быковский көшелері арасындағы шаршы аумақ таңдалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, бұзылып жатқан алты 8 пәтерлі үйдің орнына заманауи тұрғын үй кешені салынады.

Реновация жаңа әлеуметтік нысандарды, абаттандырылған аумақтарды, жасыл аулаларды, жаңа қалалық ортаны құруға мүмкіндік береді, яғни жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және оларға инженерлік желілер салу арқылы облыс орталығының архитектуралық келбеті өзгеріп, халықтың өмір сүру сапасы жақсарады, – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Бұл учаскеде 75 ескі үйді сүру және жаңа тұрғын үй кешендерін салып, қала тұрғындарының тұрғын үй жағдайын жақсарту жоспарлануда. Бастапқы кезеңде 234 пәтерлі екі тұрғын үй салынады. Жұмыстарды аяқтау келесі жылдың күзіне жоспарланған. Бұл үйлерде әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлер де сатып алынатын болады.

Реновация бағдарламасын тиімді іске асыру үшін «СПК Көкше» жанынан басқарушы ұйым құрылды. Мердігерлік ұйымдар конкурстық негізде анықталады. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышевтың айтуынша, тұрғын үй қорын құруға облыстық бюджеттен 700 млн теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 6 үйдегі 48 пәтер сатып алынып, тұрғындар өз таңдауы бойынша ақшалай қаражат немесе сәйкес алаңда пәтер алды.

Бұл тұрғын үй қоры келешекте реновацияға түсетін басқа учаскелердегі тұрғындарды көшіру үшін қайта инвестицияланады. Жалпы қала бойынша ескі үйлер орналасқан 11 жергілікті аймақты жаңғырту жоспарланған. Барлығы шамамен 800 жеке және көпқабатты үйлер сүріледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: