Көкшетауда инклюзивті бірегей балабақша ашылады

30 Тамыз, 23:42 473

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласы бойынша жұмыс сапары аясында «Аяла» инклюзивті балабақшасында болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақмола облыстық әкімдігінің мәліметінше, тәрбие ошағы 166 балаға арналған. Мұнда оқу және тәрбие жұмыстары мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізілетін болады. Диагнозға байланысты 10-12 тәрбиеленушіден 12 топ ашу жоспарланып отыр. Балабақшаға 3 жастан бастап  ерекше балалар қабылданады.

Мұнда толыққанды даму үшін барлық жағдайлар жасалады – тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған топтық сабақтар, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған топтық іс-шаралар. Дәрігер, дефектолог, психолог, логопед кабинеттері, сондай-ақ оқу – дене шынықтыру алаңы жұмыс істейді, - деп бөлісті «Аяла» балабақшасы директорының міндетін атқарушы Гүлнар Бегжанова.

Облыс әкімі мұндай мекеменің ашылуы ерекше көмекке мұқтаж жандар үшін үлкен сый болатынын атап өтті.

Мемлекет инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Облыста ресурстық кабинеттер желісі кеңейіп, бұл жұмыстар одан әрі жалғасын табады. Әр балаға ерекшілігіне қарамастан, жалпы білім беретін мекемелерде оқуына мүмкіндік беріледі, - деді М.Ахметжанов.

Балабақшада кешенді емдеу, түзету және әлеуметтік бейімделу үшін барлық жағдай жасалған.

Сондай-ақ бұл балаларды қоғам шеттетпеуі үшін кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, ерекше балаларды отбасылық тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға кеңес беру және оқыту жұмыстары қарастырылды.

Бүгін күрделі жөндеуден кейін «Ер-төстік» балабақшасы өз есігін айқара ашты. Айта кетейік, бивл көктемгі су тасқыны кезінде ғимараттың ішіне су кірген еді.

«Көкшетау-2015» ЖШС мердігер ұйымы инженерлік коммуникацияларды бөлшектеп, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізді. Кіреберісі жөнделіп, ойын алаңдары абаттандырылды.

Айта кетейік, Ақмола облысында 38 мың бала бар. 597 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 260 балабақша. Жыл сайын инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын білім беру ұйымдарының саны артып келеді. Ерекше балаларға арналған 65 инклюзивті кабинет жұмыс істейді. Онда 1 мыңнан астам бала барады. Жыл соңына дейін тағы осындай 11 нысан ашылады деп жоспарлануда.

Зарина Арман
Бөлісу: