Көкшетауда әкесі екі жасар қызын көршісіне қалдырып, кейін таппай қалған

12 Мамыр 2023, 13:29 1125

Көкшетаулық полицейлер 2 жасар қызын көршісіне қалдырып, кейін таппай қалған әкеге көмектесті. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Полиция мәліметінше, 11 мамыр күні Көкшетау қаласы ПБ жедел басқару орталығына 2 жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабар түскен.

Ер адам шұғыл жұмысқа шақырылып, баланы таныс көршісіне, қарт адамға қалдыруға мәжбүр болғанын, ал қайтып келгенде зейнеткер баланың қайда екенін білмегенін хабарлаған.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде Көкшетау қаласы ПБ ювеналды полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Қуат Қажымов пен Нұртілеу Аманжол өтініш беруші тұрған үйдегі пәтерлердің бірінен қызды тауып алды. Қарт көршісінің аулада бүлдіршінмен жарты сағаттай жүргені анықталды. Кейінірек, кәрілікке байланысты, оған баланы кім қалдырғанын ұмытып, 2 жасар қызды таныс зейнеткерге апарып беріп, бұл туралы ұмытып кеткен, - делінген мәліметте.

Бүлдіршінге қатысты ешқандай заңсыз әрекеттер жасалмағаны анықталды. Қазіргі уақытта бала ата-анасына табысталып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: