«Көкпар ойынын жақсы көремін». Голливуд жұлдызы Астанаға келді

13 Шілде, 15:49 5313

Танымал америкалық актер Эрик Робертс (Джулия Робертстің ағасы) Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен танысу үшін Астанаға арнайы ұшып келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол бүгін Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының таныстырылымына қатысты.

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Астана V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге дайындалып жатыр.  Әлем назарын өзіне аударған атаулы жарыс 2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында өтеді. Осыған орай Ұлттық спорт ассоциациясы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясы бірлесе отырып, талантты актер Эрик Робертске ойындардың таныстырылымын өткізді.

Көшпенділер ойынымен танысу үшін арнайы ат терлетіп келген актер қазақтардың қонақжайлылығына тәнті болып, бұған дейін Қырғыз бен Түркия жерінде өткен көшпенділер ойынын көрмегенін айтты.

Асыға күтудемін. Міндетті түрде көшпенділер ойынын көру үшін Астанаға тағы бір мәрте келемін! Уәде! - деді ол.

Актер аттың қатысуымен өтетін барлық спорттық ойындарды жанына жақын тартатынын айтып, «көкпар аттардың шынайы жанкүйерімін» деді.

Айта кетейік, Эрик Робертс Американың кино және телевизия актеры, «Оскар» және «Золотой Глобус» жүлделерінің наминанты. 700-ден астам фильм мен телехикаяларға түскен кино майталманы. Әйгілі Голливуд актрисасы Джулия Робертстің ағасы. «Темный рыцарь», «Король цыган», «Неудержимые», «Вавилон», «Мегалодон» және т.б. фильмдерінің жұлдызы.

Сурет: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Еске салсақ, биыл өтетін көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Ауқымды іс-шараға Қазақстанның әр түкпірінен 100 мыңнан астам турист келуі тиіс. Садақ ату, ат спорты, саятшылық өнер, жамбы ату, арқан тарту тәрізді ойынның 20 түрінен жарыс, сондай-ақ ұлттық өнердің 10 түрінен арнайы көрсетілім сайысы өтеді.  Осындай деңгейдегі жұлдыздардың қызығушылық танытуы іс-шараның ауқымдылығы мен маңыздылығын аңғартады.

 

 

Суреттер: ©El.kz/Арман МУХАТОВ

Айнұр Оспанова
Бөлісу: