Үкіметте БАҚ өкілі Оқу-ағарту министрінен «көкөніс» сөзі қалай дұрыс жазылатыны туралы сұрап, министрдің жауабы желіде қызу талқыға түскен еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Министр Ғани Бейсембаев «Көкөніс» сөзі «г» әрпі арқылы жазылатынын айтқан еді. Бүгінге дейін бұл сөздің к» әріпімен жазылуы дұрыс деп есептелген болатын. Ал танымал тележүргізуші Мөлдір Доспаева желідегі парақшасында министрдің айтқанын дұрыс деп, сөздің неліктен бұлай жазылатынын түсіндірді.
2013 жылы жарық көрген орфографиялық сөздікте көгөніс деп жазылған. Қазір көгөніс деп жазамыз, көгөніс деп айтамыз. Ал сұрақ қойған тілшінің айтып отырған 5-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығында бұрынғы ережемен жазылған болуы керек. Бұған дейін көгөніс, қыргүйек, шегара сөздері «к» әріпімен жазылып келген еді. Қазір бұл сөздер неге «г» әріпімен жазылады? Мысалы, қолғап деген сөз бар. Біз оны «ғ»-мен жазамыз, ал басқа қаппен аяқталатын сөздің бәрі «қ»-мен жазылады. Сол сияқты жарғанат сөзі, басқа қанаттар «қ»-мен, жарғанат қана «ғ»-мен жазылады. Ережеге бағынбайтын сөздеріміз бар. Бұл ережені Рабиға Сыздықова 2001 жылы енгізген. Бірақ, ешкім ол кезде назар аудара қоймады. Тек латын әліпбиіне көшетін кезде көпшілік көңіл бөле бастады, - дейді тележүргізуші.
Оқу-ағарту министрі қай сөздің қалай дұрыс жазылатынын қадағалайтын Тіл білімі институты екенін еске салды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты бар. Онда жұмыс істейтін ғалымдар қай сөздің қалай жазылуына байланысты шешімдер қабылдап отыр. Сіз айтқан оқулық сараптамадан өтті. Бұдан бөлек ол лингвистикалық сараптамадан да өтеді. Сондықтан қазақ тіліне қатысты өзгерістер тиісті мемлекеттік органдардың талдауынан өтуі тиіс. Бұл мәселені институттан қосымша анықтай аламыз. Жаңа ережеге сәйкес «көкөніс» емес, «көгөніс» деп неге жазылатынын қосымша түсіндіре жатар, - деді Ғани Бейсембаев.