Соңғы күндері еліміздің оңтүстік бөлігінде бірнеше рет жер сілкінісі тіркелді. Кей аудан тұрғындары оны сезінген де. Осы орайда жер сілкінісі неден пайда болады, климаттың өзгеруі, соның ішінде мұздықтардың еруі, өзендердің тартылуы мен муссондардың күшеюі сейсмикалық белсенділікке қаншалықты ықпал етеді, осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Соңғы жылдары әлем климаты күрт өзгеріп келеді. Жаз бұрынғыдан әлдеқайда ыстық, қуаңшылық ұзаққа созылады, ал қыс қысқара түсті. Ғалымдардың айтуынша, егер жаһандық орташа температура 2,5-3 градусқа көтерілсе, ірі мұздықтардың еру процесі жылдамырақ бола түседі.
Бұған дейін геология мен климатология екі бөлек ғылым саналып келген: бірін жер қыртысы заңдылықтары, екіншісін атмосфералық құбылыстар зерттейтін. Алайда соңғы зерттеулер климат пен литосфера арасындағы өзара байланыстың бар екенін дәлелдеуде. Климаттың жылынуы тек ауа райына емес, жер сілкіністері мен жанартаулар белсенділігіне де әсер етуі мүмкін.
Жер сілкінісі қалай пайда болады?
Жер сілкінісі – жер қыртысындағы кенеттен пайда болған жарылыстар мен қозғалыстардың әсерінен туындайтын тербеліс. Энергия босап шыққан нүкте гипоцентр деп аталады, ал оның жер бетіндегі тікелей проекциясы – эпицентр. Дәл осы аймақта тербеліс қатты сезіледі.
Жер сілкінісінің күші екі өлшеммен бағаланады:
Магнитуда – энергия мөлшерін көрсетеді;
Интенсивтілік – жер бетінде қаншалықты қатты сезілгенін сипаттайды.
Қазақстанда сейсмикалық бақылау жүйесін Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығы жүргізеді. Әсіресе еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтары жер сілкінісіне бейім.
Мұздықтардың еруі мен жер сілкінісі арасындағы байланыс
NASA мен АҚШ Геологиялық қызметінің зерттеулері көрсеткендей, мұздықтардың жаппай еруі жер қыртысындағы қысымды өзгертеді. Мұз салмағы азайған сайын жер беті біртіндеп көтеріледі – бұл құбылыс гляциоизостатикалық көтерілу деп аталады. Мұндай «жеңілдеу» кейде бұрыннан бар жарықтарда қозғалыс тудырып, сейсмикалық белсенділікті күшейтеді.
Мысалы, соңғы мұз дәуірінен кейін (шамамен 20 мың жыл бұрын) Солтүстік Америка мен Скандинавияда ірі жер сілкіністері жиілеген. Ғалымдар бұл аймақтарда мұздықтардың шегінуімен қатар, жердің көтерілуі жалғасып жатқанын анықтаған.
Қазіргі жылыну дәуірі мұндай өзгерістерді баяу болса да, қайталай бастады. Аляска мен Исландиядағы зерттеулер мұздың азаюы жер асты қозғалыстарын жиілететінін көрсетті. Мысалы, Исландияда 4-5 мың жыл бұрын мұздықтар азайған кезеңде жанартаулар белсенділігі бірнеше есе артқан.
Швейцария ғалымдары Монблан маңында соңғы жылдары сейсмикалық белсенділік он есе артқанын байқаған. Себебі мұздықтар еріп, судың тереңге сіңуі тау жыныстарындағы қысымды өзгертеді. Мұндай процестер көбіне ұсақ, бірақ жиі болатын дүмпулерге себеп болуы мүмкін.
Су мен ауа райының әсері
Климаттың тағы бір «құралы» – су. Нөсер, қар, булану мен жер асты суларының айналымы жердің салмағын өзгертеді.
Мысалы, Үндістандағы маусымдық муссон кезінде миллиардтаған тонна су құрлықты басып, жер қабаты аздап төмен түседі. Ал Гималай тау белдеуінде бұл уақытта ұсақ жер сілкіністері азаяды.
Керісінше, жауын-шашын көп түскен Жапонияның Ното түбегінде 2020 жылы топыраққа су сіңіп, қысым артқан соң, бірқатар әлсіз сілкіністер тіркелді.
Ұзаққа созылған құрғақшылық та әсер етеді: Калифорнияда 2011-2015 жылдардағы құрғақшылық кезінде тау жыныстары шамамен 2 сантиметрге көтерілген. Ал жаңбырлы маусым оралғанда жер қайта төмен түскен.
Жасанды су қоймалары да әсер етуі мүмкін. Калифорниядағы Оровилл су қоймасы толтырылғаннан бірнеше жыл өткен соң, маңайда магнитудасы 5,7 болатын жер сілкінісі тіркелген.
Температура мен жер бетінің қозғалысы
Температураның өзгеруі де өз әсерін тигізеді. Тау жынысы, күн ысығанда кеңейіп, суығанда жиырылады. Бұл құбылыс жер бетінде ұсақ жарықтар мен микросілкіністер тудыруы мүмкін. Суық түскенде топырақтағы ылғал қатып, кеңейіп, жерден «атылғандай» дыбыстар шығады – мұны криосейсма деп атайды.
Жалпы, жердің терең қабаттарында климаттың әсері шамалы, өйткені температура ауытқуы 5-10 км тереңдікке дейін жете бермейді. Сондықтан климаттық сілкіністер, әдетте, әлсіз әрі таяз болады.
Қорытынды
Жер сілкіністерінің басты себебі – литосфералық плиталардың қозғалысы. Дегенмен климаттың өзгеруі де жердің геодинамикасына жанама түрде ықпал етіп отыр. Мұздықтардың еруі, нөсер мен құрғақшылық, тіпті температураның ауытқуы да сейсмикалық белсенділікті арттыра алады.
Ғалымдар бұл байланысты терең зерттеу қажет екенін айтады. Климатология мен сейсмологияны біріктірген зерттеулер болашақта табиғи апаттардың алдын алу мен қауіп-қатерді бағалауға көмектеседі.