Қызылордадағы киелі орындар

9 Маусым 2018, 15:38 26961

Кие тұнған Қазақстан

Қызылорда – көне қалалар мен киелі орындарға бай өңір. Бұл облыстан 12 орынның Қазақстанның киелі нысандарының қатарынан табылуы бұған анық дәлел бола алады. Біз бүгін жұрт тәу етіп баратын әулиелер мен батырлардың кесенелерін, сол сияқты Қорқыт атаның мемориалды кешені мен Құтқарушы Христос шіркеуін сөз етпекпіз.

Оқшы ата кесенесі

Оқшы ата кесенесі Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы Бәйгеқұм ауылынан күншығысқа қарай 5 км жерде орын тепкен. Оқшы ата жайында халық арасында аңыз жетерлік. Кейбір әңгімелерде шын есімі Ыбырайым делінсе, басқа жерлерде Көгентүп деп жүр. Сол сияқты Оқшы мен Есабыз әулиелердің есімдерін де қатар естуге болады. Оған себеп, олардың бір қорымда жерленгендері. Қос әулиемен қатар, мұнда Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол дат пен Бала би сияқты ел есімдерін жатқа білетін кісілердің де мүрдесі жатыр.  Ал Қорқыт атаның кітабындағы мәліметтерде Оқшы ата қару-жарақ жасайтын орынның пірі ретінде көрсетіледі, сол сияқты Қазан ханның ержүрек батыры болғаны жайында да мағлұматтар бар. Мұнда тұрғызылған кесенеге 2005 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Киелі орынға келушілер үшін түнейтін және ас беруге арналған жайлар тұрғызылған. 

Оқшы ата деп халықтың өзі атаған екен. Ол бала күнінен жетімдіктің ащы дәмін татып, қиындық көріп өседі. Тағдыр тауқіметін тартып жүргенде бір шал мен кемпірге өкіл бала болып, қалған өмірін ел-жұртты дінге шақырумен өткізеді. Оны ешқандай байлық қызықтырмай, мешіт тұрғызып, адамдардың бойына діни білім құяды.

Бізге жеткен аңызға сүйенсек, бір күні ол өзін бағып-қағып отырған ата-анасынан сұранып, Ахмет Яссауиге сәлем беріп келемін дейді. Ол дәуірде жергілікті патша халық арасынан салық қана жинатып қоймай, әр жұрттан бір қыз баласын алдырып отырған екен. Баласы Түркістанға кеткенде қызын хан алып кетерден қорыққан әкесі оның бармауын өтінеді. Бірақ, Оқшы «менің атымды үш рет қайталап айтсаңыз, мен осында боламын» дейді. Көп ұзамай, расымен де ханның қолшоқпарлары салық жинап, бұлардың қоныстарына да келіп жетеді. Әкесінің күдігі расқа айналып, олар мұның қарындасын кепілдікке алып кетпек болады. Сонда әкесі тұрып, Оқшының атын үш рет қайталаған екен. Нөкерлері бір істі шеше алмай тұрғанын сезген хан да осы жерге келіп жетсе керек. Келе сала, ол атынан ауып түседі. Сонда жиылған қарақұрым ел «мен ханды аттан құлатып, мерт еткен» деп таласып жатады. Олардың барлығының шуылынан Оқшының даусы анық естіледі, «егер ханның жүрегінде арпа қылтығы болса, оны құлатқан мен деген сөз» – дейді. Барып қараса, шынымен де жүрегінде қылтық тұр екен. Осыдан кейін халық Көгентүп есімді жігіттің жай адам емес екенін мойындап, оны сыйлап, құрмет көрсетеді.

ХХ ғасырдың 60-жылдары мұндағы мазарлар жаңартылып, кесене тұрғызылған. Ал оған дейін қарапайым кесектен салынған мазар болған екен. Қазір бұл орын көпшілік ниет етіп келетін, қасиетті орындардың біріне айналып отыр және Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне енді.

Қорасан ата кесенесі

Сырдың бойын мекен еткен қалаларға дін таратып, алыс араб жерінен Орталық Азияны исламмен сусындатқан, халыққа имандылық әліппесін оқытқан Әбдіжалил баб еді. Бірақ, оны халық Қорасан ата атап кетеді.

ІХ ғ. бүгінгі Орта Азия мен Қазақстанның бағытына қарай ислам дінін дәріптеу үшін Әбдірахым баб, Ысқақ баб пен Әбдіжалил бабтар жіберіледі. Ол кезде соңғы аты аталған қос бабтың әкелері Шам қаласында патша болып отырған еді. Ол дүниеден өткен соң, Ысқақ баб билікті қолына алады да, Әбідрахым баб қазіргі Ирак жеріне, Әбдіжалил баб Йеменге хан болып сайланады. Сондай-ақ, ол көптеген шаһарларды өз қол астына алып, Иранға қарайтын Қорасан қамалын да бағындырған екен. Бұрындары ешқандай патшаның қолынан келмей жүрген 32 қақпасы бар Қорасан 3 күн, 3 түнгі тоқтамай шабуылдаған Әбдіжалил бабтың иелігіне өтеді. Басып алған баб ондағы халыққа ислам дінін енгізіп, діни орындар салып, арабша оқытып, халықтың сауатын ашқан екен. Оның Қорасанға сіңірген еңбегінің арқасында халық Қорасан ата атап кетеді. Әбдіжалил баб сонымен қатар, ержүрек батыр болыпты.

Осыдан кейін ол тұрақты мекен іздеп, Қызылқұмның бауырында жатқан аралға келіп, қоныстанады (бүгінгі Жаңақорған ауданы). Сол жерде медресе мен мешіттер тұрғызып, балалар тәрбиелеп, оқытып, діни емшілікті де қолданған. Қорасан атаның беделінің мықтылығы, бүгінгі күнге дейін сақталған мазарынан, басына тұрғызылған кесенеден байқауға болады. Сондай-ақ, ілгеріде атын атап кеткен ағасы Ысқақ бабтың 7-ші ұрпағы Ахмет Яссауи ол жерленген орынға әр жыл сайын Ораза мен Құрбан айт намаздарында арнайы келіп, Құран бағыштап, осындағы Қағбаның көшірмесіне маңдайын тигізіп кететін болыпты.

Бізге жеткен аңыздарда Қорасан атаның таң намазы кезінде тұла бойының еріп тұратыны айтылады. Ол адамдарды исламға шақырып қана қоймай, шешек, қояншық, жүйке ауруларына шипа бере алатын қасиетке ие болыпты. Бүгінгі күні атаның басына перзент тілеп барушылардың тілегі қабыл болатыны жөнінде ел аузында жүрген аңыз бар. Оған себеп, Қобыланды батыр жырындағы ата-анасының бала тілеп, осы Қорасан басына келіп, дұға етуі.

Тағы бір деректе Қорасан аталуына себеп болған жағдай: шешек дертіне ұшыраған адамның үстінен аттап өтсе, шешек сол заматта жерге сыпырылып түседі екен. Қорасан атаның  және баласы Хұсайын Ғазидің мазарлары қазіргі Жаңақорған ауданында орналасқан. Оның қасиетін мойындаған жұртшылық бұл орынға ниет етіп, арнайы келіп, дұға жасап, Құран бағыштайды.

Күйген кірпіштен тікбұрышты етіп тұрғызылған Қорасан ата мазарының жалпы ұзындығы 16 метрден асады, ал ені болса сегіз метрдей. Ондағы қос күмбездің біреуінің биіктігі 12 метр, екіншісі 14 метрге жетеді. Ал төрт жағынан салынған діңгек тіреуіштің арнайы сән беру үшін тұрғызылғанын түсіну қиын емес. Ол тіреуіш Ахмет Яссауи кесенесінің солтүстігіндегі діңгекке ұқсайды. Ал іштегі екі қабірдегі жазулар мынандай: Әбдіжалил Баб ұлы Хусейин-ата. ІХ-Х ғ., Әбдірахманұлы Әбдіжалил (Қорасан ата) VІІІ-ІХ ғ. Бұл көрсетілген ғасырлар олардың өмір сүрген уақытынан хабардар етеді. Зиярат етушілер бірінші Қорасан атаның ұлы Сұлтан Хусеиннің мүрдесіне, содан кейін келесі есік арқылы Әбдіжалил Баб жатқан орынға келеді. Бұл жерде тағы да 7 қабірдің сұлбасы жатыр. 2005 жылы жөндеу жұмыстарына дейін мазардың күмбездері ашық түсті сұр қаңылтыр материалынан болса, жаңарту кезінде кірпіштен қайта өріп жасаған.

Төлегетай-Қылышты ата кешенді мазары

Бізге жеткен деректерге сүйенсек, ХІІІ ғасырда Сайд Камалиддин Ферғананың сұлтаны Ілкі Мағзұмның қызын жар етіп алады. Бірақ, көп ұзамай Сайд Камалиддин Меккеге қажылыққа барғанда мезгілсіз өмірден озыпты. Ал артында қалған жарының аяғы ауыр екен. Айы, күні жеткенде ол дүниеге ұл әкеледі. Оны Бурханиддин деп атайды. Ол нағашы атасының тәрбиесінде болып, жалған сөзді жақтырмайтын, әділдік іздеген, білімді жігіт болып ер жетеді. Нағашы атасы өмірден өткен соң, оның орнына сұлтан болып сайланады. Дегенмен, көп ұзамай ислам дінін насихаттау үшін, дін жолын ұстану үшін тақтан бас тартқан. Аңыздарға сүйенсек, ол жиылған халыққа екі жүзді қылышын көрсеткенде шыбын, қоңыздар өткір қылышқа өздері жанасып кетіп, бөлініп қала берген екен. Ол халыққа қарап «егер кімде-кім әділ әрі адал болмай, дұшпандық жасап, жауласып жатса, осы жәндіктердің күйін кешетін болады» деп ескерту жасап отырған. Осыдан кейін халық оны «Қылышты» деп атап кетсе керек.

Оның ержүрек батыр, сондай-ақ, қасиетті әулие жан болғаны туралы көптеген деректер бізге жеткен. Мәселен, Захир әд-дин Мұхаммед Бабырдың еңбегі «Бабырнамада», К.Қаттаевтың «Махмуд Ағзам және Дағбед», сол сияқты Әмір Темірдің өмірдерегі айтылған Шарафидин Али Аздидің «Зафарнама» еңбектерінде берілген. Ол кісінің өте әруақты кісі болғаны турасында да бірнеше аңыздар айтылады. Тіпті, оның мазарының жанынан өтіп бара жатқан адам атта болса, атынан, көлікте болса, көлігінен түсіп, зиярат етпесе бір жері майып болған дейді. Ал мазарға сырқат адам шын ниеттеніп келсе, Алланың құдіретімен құлан таза айыққан, бала сүйе алмай жүрген жандар перзент сұрап түнесе, тілегендері болған. Қылышты атаның қасиеті турасында жеткен әңгімелер жетерлік.

Тағы бір аңызды шолып өтсек. Төлегетай Қылышты атаның өкіл баласы болады, оның тәрбиесінде өсіп, малын бағады. Бірде Қылышты ата Төлегетайды бір сынап көру үшін артынан келіп бақылайды. Сөйтіп қараса, тоғай ішінде Төлегетай аса таяқпен жерді түртіп қалып, бұлақ шығарып, қойларын суғарып жүр екен. Осылайша, бұл баланың ер жеткенін көріп және жай адам емес екенін байқап қызын беруді жөн санайды. Тарихта жазылғандай Төлегетайдан төpт Найман тараған. Қылышты ата өмірден өткенде өз қалауымен оның қасына күйеу баласы жерленеді. Себебі, бірінші зиярат етушілер Төлегетайдың басына Құран бағыштап, сосын барып Қылышты атаға кіруі керек. Сонымен, жоғарыда айтқандай Найманның түп атасы ретінде Төлегетайдың аты аталады.

Мұндағы мазарлар күйген кірпіштен тұрғызылған. Қазіргі кесене ХХ ғасырдың 70-шы жылдары түсірілген фотосуреті арқылы жоспарланып, сызбасы салынып, күмбезі мен қасбетінің қандай болғандығы анықталған. Жөндеу жұмыстары осыдан он үш жыл бұрын 2005 жылы басталып, бақандай үш жылға созылып, 2008 жылдың 30 тамызында аяқталды. Сәулетші Бек Ыбыраев кесенені озық үлгіде, замануи сәулет негізінде қайта жасап шықты. Төлегетай – Қылышты ата кесенесінің екі күмбезі бар, мұнарасы төртеу және сегіз сынтасты болып келеді. Құрылыстың көлемі 9х9 метрлі, биіктігі он метрге жетеді. Бұл кесене бүгінде Қазақстанның киелі нысандарының тізімінде тұр.

Бегім ана мұнарасы

Бегім ана мұнарасы Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты, Жаңақұрылыс ауылынан оңтүстік бағытқа қарай 30 км жерде орналасқан. Бұл мұнара ІХ ғасырға жатқызылады. Оның алғашқы кесектен тұрғызылған нұсқасының көлемі 23х235/6 см болса, бүгінгі мұнараның айналасы күйген кірпіштен қаланды. Оның қырлары екі метрге жуық, сегіз бұрыштан тұрады. Ал сырттай күмбезге ұқсайды. Оның төменгі жағының диаметрі үш жарым метр, ал биіктігі төрт метрге дейін жетеді. Ондағы бөлмеге арка ойығы арқылы жетуге болады. Жергілікті халық Бегімді тазалықтың символы санайды. Өз жарына деген адалдығын жұрт бүгінге дейін аңыз ғып айтып келеді. Мыңдаған жылдар өтсе де, ол туралы әңгіме ешқандай мәнін жоғалтқан жоқ.

Бегім сұлу шын мәнінде өмірде болған жан. Ол тарихи деректерде ХІ ғасырда ғұмыр кешкені айтылады. Қасиеті көпке мәлім болған Қарабураның қызы. Көркіне көз тоймайтын, айдай әсем ару болған делінеді. Осындай көркем қызға құда түсушілер көп болған. Соған қарамастан, Бегім сұлу өз жарын ұзақ күткен. Алдына келген серілер оның көңңілінен шықпаған көрінеді. Сыр бойында орналасқан Жанкент қаласының билеушісінің ұлы Санжар сұлтан үйленер уақыты таяғанда, өзі көптен естіп жүрген Бегім аруға жол тартады. Көре сала есі кеткен сұлтан оның көңілінен шығу үшін бәрін жасап, ақыры әулиенің әйбат қызын баурап алады. Серілігіне көркі сай, ақыл-парасатты болып көрінген Санжар сұлтанға Бегім сұлу тұрмысқа шығады. Жас отбасы Жанкент шаһарында бақытты өмір сүріп жатады. Тату тұрған қос ғашықты үлгі тұтатындар да баршылық болыпты. Бірақ, дос бар жерде, қас та болатыны секілді бұлардың арасына от салуды мақсат тұтқандар да болған. Бірде Санжар сұлтан өз серіктерімен аңға шығады. Жолда келе жатып, аңшы құсының томағасын үйде ұмыт қалдырғаны есіне түседі, жолсерігінің бірін үйіне кері қайтып, алып келуін тапсырады. Ол сарайға келіп Бегімнің көз тоймас сұлулығын көріп, тілсіз қалып, талып түседі. Әрең дегенде үш күн өтіп, ес жияды. Осындай сұлу жарды серік қылған Санжарға деген қызғанышы оянады. Уақыттың өтіп кеткеніне алаңдаған ол, сұлтанның «неге кешіктің?» дегенінен қорқып, жалған айтып, өз басын алып қашпақ болады. «Тақсыр, кідіргенімнің себебі –әйеліңізде жатыр, ол менің қалуымды өтінді» дейді. Мұны естіген Санжар түнеріп кетіп, дереу үйіне қайтады. Ештеңені тыңдамай, сүйген жарының бір қолы мен бұрымын кесіп тастап, зынданға тастады. Қызының не күйге түскенін сезіп қойған Қарабура оның түсіне кіріп, «Айтшы қызым, ақсың ба, қарасың ба?» дейді. Бегім сұлу зар еңіреп «ата, адалмын, ақпын» дейді. Осыдан соң, Қарабура Санжар сұлтанның түсіне кіреді де, «ертең қызымды зынданнан шығар, егер оның кесілген қолы мен бұрымы орнына келмесе, сенікі дұрыс. Ал егер қайта орнына келсе, оның ешқандай күнәсі жоқ, сен айыптысың. Солай жасағаның үшін сенің қалаңды жылан жұтсын» деп теріс батасын беріпті. Түсінен шошып оянған Санжар сұлтан зынданнан Бегім сұлуды жедел алып келуді тапсырады. Қараса оның кесілген қолы мен бұрымы қайта қалпына келіп қалыпты. Санжар қанша жалынып, кешірім сұрағанымен, Бегім оны кешірмей, барлық ер адамдардан көңілі қалғанын айтып, одан да құс болып ғұмыр кешемін деп аққуға айналып ұшып кетіп бара жатып, бір жерге құлаған екен. Сол жерден мұнара тұрғызылыпты. Ал Жанкент қаласы Қарабураның наразылығын тудырған Санжар сұлтанның кінәсінен жыланның ордасына айналып, жер бетінен жойылып кетіпті. Адамдардың айтуынша, сол жерде бүгінге дейін алып жыланның ордасы болған екен. Жақынырақ орналасқан елді-мекендерде әлі де жиі жыландар көрініп тұрады. Мұнара болса Арал мен Қазалы аудандардың дәл орта тұсында орын тепкен. Тағы бір қызық жайт, мұнараға ер адамдар бармауында. Олар ниет етсе болды, жолдары болмай, көліктері бұзылып, тағы сан мың себептер шығып, ескерткішке жете алмайды екен. Шынымен де, Санжар сұлтанға қатты ашуланған Бегім сұлудың барлық ерлер қауымына көңілі қалған ба? Мұнара қазір республикалық қорғауда тұр.

Қорқыт ата мемориалды кешені

Тамаша сәулетімен алыстан көрінетін Қорқыт ата мемориалды кешені рухани дұниені сезіндіретін қасиетті орын. Мәңгілік өмір іздеген атаның мұрасы – қобызы ғасырдан ғасырға жететін асыл дүние. Оның үні желмен бірге есіп, жан дүниеңді тыныштандырады, рахат сезімге бөлейді. Бір құдіреттің барына еріксіз мойынсұндырады.

Көпке белгілі Қорқыта атаның бұл кешені еліміздің оңтүстігіндегі Қызылорда облысына қарасты, Қармақшы ауданы, Жосалы атты кенттің солтүстік-батысынан 18 км жерде баба атымен аттас станциядағаы төбе үстіне жайғасқан. Кеңес Одағы кезінде-ақ ауданның әкімі болып тұрған Е.Көшербаевтың ықпалымен игілікті іс бастау алып, кешен жасау қолға алынған. Оның құрылысына ХХ ғасырдың 80-жылдары сәулетші Ибраев пен физик-акустик Исатаев ықпал болды.

Ал тәуелсіздік алған соң 1997 жылы кешенге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует пен қошқардың мүсінінен сәулетті ансамбль жасалды. Екі жылдан кейін облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайының бір филиалы болып, Қорқыт ата мұражайы айқара есігін ашты. Онда Қорқыт ата жайында екі мыңнан аса экспонаттар жиналды. Ол жерде атаның ғұмыр кешкен кезеңінің тарихы туралы көлемді ақпараттар қоры бар.

Осыдан төрт жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен аталған мемориалды кешенге көркемдік деңгейі  заманауи стандартқа сай келетін, тарихи мазмұн алған, архитектурасы жоғары бағаланатын, соңғы үлгідегі құрылыс материалдарынан қайта жөндеу жұмыстары жасалды. Кешеннің бұрынғы орны кеңейтіліп, көгалдандырылды. Ғимараттар да бүгінгі таларпқа сай үлкейтіліп салынды. Мұндағы басты ескерткіш болып саналатын қобыздың көлемі сегіз метрден 12 метрге дейін ұлғайтылды. Сол сияқты мұнда жұмыс жасайтын қызметкерлер саны да өсіп, келушілер үшін бар жағдай жасалып отыр. Басты мақсат – осындай архитектуралық ескерткішті дүние жүзіне танытып, әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келетін ортаға айналдыру. Бүгінде, Қорқыт атаның өмірімен танысам деушілердің аяқ алысы басылар емес. Сол сияқты шет елден де арнайы туристер келетін орынға айналып отыр. Қорқыт атаның мемориалды кешіні Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарында.

Бұқарбай батыр кесенесі

Бұқарбай батырдың мазары Қызылорда облысы, Жалағаш ауданына қарасты, Қаракеткен елді-мекенінен солтүстік-шығысқа қарай жиырма шақырым жерде орналасқан. Қаншама ғасырларды артқа тастап, бізге жеткен мазар уақыт талабына шыдамай, бұзылған еді. Оның орнын қоршай отырып, 1993 жылы ақ силикатты кесене салынды. Кесененің жалпы көлемі 23х16,7х2,7 метрді құрайды. Негізгі жоспары төртбұрышты, күмбезді болып келеді. Ол кесененің оңтүстігіне қарай жарты шақырым жерде мазар тұр. Онда саз кесектен салынған 250-ге тарта жерлеу орныдары бар. Олардың тек 15-не ғана араб жазуымен жазылған құлпытас қойылыпты. 

Бұқарбай Естекбайұлы 1812 мен 1898 жылдары арасында ғұмыр кешкен ержүрек батыр. Өмірге келген жері ретінде Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданы айтылады. Ол Кенесары көтерілісіне белсене ат салысқан батырлардың бірі болып саналады. 1838 жылы Ақмола бекінісін алуға да  қатысқан.  Ал 1850 жылы Бұқарбай батырдың жасағы Қазалы, Арал, Қасқорған бекіністеріне шабуыл жасап,  орыстарға қарсы шығып, олардың әскерлерін жеңіп, қазақ халқының оңай берілмейтінін бір байқатқан. Батырдың әкесі Естекбай да халыққа беделді, абыройы асқан, өте мейірімді жан болған. Бұқарбай батыр 1837-1847 жылдардағы Кенесарының көтерлісіне қатысушылардың бірі. Ол он жыл бойы шайқасып, ханның сенімді серіктерінің бірі болған. Өзінің ержүректілігімен көпке үлгі-өнеге көрсеткен.

Орыс тіліндегі кей деректерге сүйенсек, сондай көтерілістердің бірінде батыр ауыр жарақат алып, елге оралып, бейбіт еңбекпен шұғылданған. Егін еккен, 1854 жылы Сырдарияның сағасынан осы заманға дейін жеткен «Бұқарбай арығын» қаздырады. Оның ұзындығы отыз шақырымға дейін жетеді. Жасы келген сайын Бұқарбай батыр халықтың тыныштығын ойлап, бірнеше сөз дауында өзінің шешен тілімен көзге түскен. Сондай өткір тілді, орақ ауызды, тапқыр әрі ойы ұшқыр жан болған екен.

Көпті көрген батыр 1898 жылы 86 жасында өзінің кіндік қаны тамған жерде өмірден озады. Оның артында сегіз баласы қалған. Бәйбішесі Шынардан туған ұлдары мен екінші жары Зылиқадан тараған ұрпағы бүгінде сол маңайда өмір сүріп келеді. Олардың жеке мұрағатында батырдың есімі жазылған күміс мөр мен шашағы бар ту және тағы басқа заттары сақтаулы тұр. Бұқарбай батырдың аты көптеген ақын-жазушылар мен ғалымдардың еңбектерінде аталады. Мәселен, Бекмахановтың зерттеу жұмыстары, Есенберлиннің «Қаһар» романы, сол сияқты ғалым Бердәулетовтың «Бұқарбай батыр» кітабында жазылған.

Жанқожа батыр кесенесі

Жанқожа батырдың мазары Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кентінен күнбатысқа қарай төрт шақырым, Өзбекстанмен шекаралас жерде орын тепкен. 1992 жылы қаланған кесененің іргесі силикат кірпіштен тұрғызылған. Жалпы ұзындығы алты метр, ал ені бес метр. Биіктігі 3 метр, күмбезделген беті бес метрге жетеқабыл.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы қазақтың еркіндігі үшін күрескен батырлардың бірі. Ол Кіші жүзге жататын Әлімнің ішіндегі Жаманақ руынан шыққан. Атасы Киікбай Кіші жүз ханы Әбілхайырдың сенімді серігі, батыры, биі болған екен. Ал әжесі болса, көзі тірісінде қалмақ, орыстармен жауласып өткен, «қайтыс болсам да табаным тіреп тұрсын» деп аяғын Орынборға қаратуды сұраған Есет батырдың жар дегенде жалғыз қызы болыпты. Міне Жанқожа осы екі батырдан туған Нұрмұхаммедтің ұлы.

Халық арасында оның батырлығы ерте кезден-ақ жалпақ жұртқа мәлім болғаны айтылады. Сыр батыры Қылышбай Хиуадан келген бір батырды жекпе-жекте жеңе алмай, мерт болғанда, топ арасынан сұранып 17 жастағы Жанқожа шығады. Ол көп батырдың алынбас қамалына айналған хиуалықты найзамен түйреп жібергенде,  еңкезердей денесімен жерге құлап, ажал құшыпты. Міне, осы оқиғадан кейін Жанқожаның аты шығып, елге тарайды. Бұл уақыттары батырдың ауылы Қарақұмға жаз жайласа, Ырғызға қыста қоныстанған. Сол шақта Созақ бекінісіне жайғасып алған қоқандықтардың есебі жоқ салықтарынан шаршаған қара халық бас көтеруге бекінген уақыты екен. Тарихи мәлімет бойынша қоқандық әкім Созақтағы бірнеше бектермен біріге отырып, Сарман биді о дүниеге аттандырады. Істің шиеленісіп бара жатқанын ұғынған Құрман би Жанқожаға хабар жіберіп, көмек сұрайды. Ол біраз қол жинап, Созаққа атанады, жол жөнекей Жаңақорған мен Жөлектегі қоқандықтарды қуып жібереді. 1830 жылы батыр Созақты қоршап алып, жау жақтан жәрдемге келген бір батырды жеңіп шығып, қаланың кіреберісіндегі есікті бұзып кіріп, Созақты толық өз иелегіне өткізеді. Сарман биді өлтірген қос бекті қолға түсіріп, жазаларын береді. 

Тағы бір мәліметтерде батыр Қоқан хандығына тиесілі бірнеше бекіністердің күл талқанын шығарған. Араға бірнеше жыл салып, Қоқан ханы Құртөбе аталатын жерге жаңа бекініс тұрғызып, екі жүз әскерін жіберіп, Сыр бойындағы билігін күшейткісі келеді. Жанқожа батырға сеніп, салық төлемей, хиуалық бек Бабажанның қаталдығына шыдамай жүрген қазақтарды жөнге келтіру үшін түркіменнен шыққан Аймұхамед атты батырды өзінің әскерімен осында жібереді. Оны 1836 жылы Жанқожа жекпе-жекте өлтіріп тынады. Басшылары қаза тапқан жасақтары бастарын аман алып қалу үшін жан жақа жамырай қашқан деседі. Осылайша, Жанқожа батыр қазақтарды хиуалықтардың озбырлығынан құтқару үшін олардың бекінісіне тоқтамай шабуылдап отырған. Соның кесірінен Хиуа хандығы көптеген шығынға ұшырап, батырға әбден тісін қайраса керек.

Ол қазақ халқына тісін батырып отырған Хиуа мен Қоқан хандықтарына қарсы тұрған, атағы елге тараған сондай ержүрек кісі болған. Сол сияқты Жанқожа батыр тек қана әділдікті қалаған екен. Мәселен, оның інісі бір әңгімеге еріп, Жанқожаның айтқанын тыңдамай, Бұқарбай батырдың ауылын шабуға кеткенде «кетсең, қайта оралма» деп теріс батасын берген. Расымен де інісі сол жорықта қаза табады. Ал оның сүйегін Жанқожа өз ауылына кіргізуден бас тартыпты. Ол бар өмірін орыс отаршылары мен оңтүстіктен қайта-қайта тоқтаусыз шабуылдап тұрған қос хандықпен күресуге арнады.

Халық арасында ілгеріде өзіміз айтып кеткен Созақ бекінісін алу туралы мынандай әңгіме бар. Ол Созаққа келе жатқанда, алдынан шыққан қоқандықтардың әскерін талқандап кетеді. Сосын бекініске келіп Кенесарының әскерімен бірігіп, қаланы басып алады. Ал алғаш дарбазаны бұзып кірген сарбаздар осы Жанқожа жасағынан екен. Яғни, бұдан ұғатынымыз, қазақ батырлары бір-біріне демеу болып, алқымнан алған жаудың бетін қайтарып отырған.

Орыс отаршылары оның көзін жою үшін арнайы әскер жібереді. 1860 жылы сол әскер Қызылқұмдағы Жанқара ауылына қоныстанған Жанқожаның үйін қоршап алады. Ақыры, Патша үкіметінің арнайы жіберген жасағы батырды о дүниелік етті.  Оның өлер алдындағы сәтін Мейер былай жазып қалдырады:

«Батыр оқ дарымайтын сауытын киіп, қаур-жарағын асынып, үйінен атып шықса, тұлпары жоқ екен. Өлер жерім осы екен ғой деген батыр бір төбенің басына шығып, иманын шақырып, дұға оқи бастайды. Жан жақтан зуылдаған оқтар, оның сауытынан кері кетіп жатыр еді. Сол кезде бір оқ дәл мойнына тиіп батырды жан тәсілім еткізді».

Жанқожа батырдың осындай өшпес ерлігі туралы бірнеше жршы-жыраулар өз шығармаларына қосып жырлаған. Қаншама жекпе-жекте жеңіп шыққан батырдың мазарына арнайы кесене тұрғызылған. Оған келушілер өте көп. Өз халқы үшін жан аямаған ұлы тұлғаның әруағына құран оқып, дұға бағыштайды. Облыс орталығында батырға арналған ескерткіш бар, ал кесене жоғарыда айтып кеткендей Қазалы ауданына қарасты, Кәукей ауылынан 170 км жерде орын тепкен. Бұл орын қазірде Қазақстанның киелі нысандарының қатарында тұр.

Құтқарушы Христос  шіркеуі

Құтқарушы Христос шіркеуі Қызылорда қаласы, Тоқтыбаев көшесіндегі 5 үй.

ХІХ ғасырдың 50 жылдары қалада христиан дінін таратушылар көбейіп, Құтқарушы Христос шіркеуі ел арасында елеулі орынға шығады. Алғаш 1855 жылы қазанның 13 жұлдызында жылжымалы шіркеу ретінде ашылған болатын. Негізін салушы Гороховский еді. Қалада тұратын христиандар үшін тұрақты шіркеу тек сегіз жыл өтіп барып, 1863 жылы ашылды.  Құтқарушы Христос шіркеуінің үйі бес жылдан кейін табиғаттың тосын мінезін көтере алмай, құлап қалды. Бірақ, сол жылы-ақ, қайта кірпіштен қаланып, көпшілік келуге ыңғайланып, тұрғызылды. Ал жаңа ғимараты тек 1890 жылы салынып, алты жылдан кейін ғана пайдалануға берілген болатын. Шіркеуге жалпы үш жүз адам сияды. Ол қазірде қаладағы барлық христиандардың бас қосып, мінәжат ететін негізгі орнына айналып отыр. Ол шіркеу мемлекет өз қорғауына алып, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескеткіштерінің мемлекеттік тізімінен орын алды.

Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: