Қызғалдақ жайында қызықты деректер

12 Наурыз 2019, 10:26 87342

Қызғалдақтың қасиеті мен ерекшелігін білесіз бе?

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде «Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны» деп ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі мақаламызда қызғалдақтың ерекшелігі мен ол туралы қызықты деректерді назарларыңызға ұсынамыз!

 

Қызғалдақ (латын.-Tulipa, түрік.-Lale, орыс.-Тюльпан) дархан даланың, көктеудің, қырдың және маусымдық қоныстың сәні екені белгілі. Қызғалдақ – Жаратушы Иенің адамзатқа берген сыйы. Ол көктемде гүлдеп, кең жазира қазақ даласын ғажайып бір күйге бөлейді. Бір қызығы:  екі жыл өмір сүретін бұл нәзік гүл  көктем келіп, шуақты Наурыз айы туғанда, бар жоғы 7 күн, кейде 15 күнге дейін гүл ашып тұрады екен. 

«Наурыздың символы» аталған қызғалдақ республикамыздың оңтүстік-шығыс таулы аймағы мен шөлейтті даласында көптеп өседі. Әсіресе, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы, Талас Алатауы мен Шу-Іле таулы аумақтарында грейг қызғалдағы өседі.

Қазіргі таңда әлемде қызғалдақтың үш мыңнан астам түрі бар. Оның ішінде 75-ке жуығы жабайы және кең жайылған 150 түрі кездеседі. Елімізде қызғалдақтың отыздан астам түрі болғандықтан, «Қазақстан – қызғалдақтың отаны» болып есептеледі.

Зерттеушілердің айтуынша, «лале» (қызғалдақ) cөзі «тюрбан» (ер және әйел бас киімі) мағынасына келетін парсыша “delband” немесе “tülbent” сөзінен шыққан. Жалпы алғанда, қызғалдақты тюрбан пішінде шығыс бас киіміне ұқсатқан және осы атау берілген.  

– Бұл өсімдік түрі таулы жерде де өсетін болғандықтан «яровизация», яғни оған баптау тәсілі мен суыққа бейімдеу тәсілін қолданады. Сол себептен, суық пен құрғақ суыққа төзімді болу үшін күзде егу қажет.

– Бірнеше сантиметрден 60 сантиметрге дейін өсетін бұл гүлдің көк түсі болмайды.  Бірақ, басқа бірнеше түсті түрлері бар.

–  Қызғалдақ, бір түптен бір гүл өседі. Дегенмен бір түптен төрт гүл ашатын түрлері де кездеседі.

– Қызғалдақтың отаны Азия, Қазақстан болып саналады. Бірақ, алғаш рет Голландияда өсірілген. Cолайша Еуропаға кең таралып, танымал болып кеткен.

– Қызғалдақты Голландияда ең алғаш фламандық ботаник Карл Клузиус немесе Шарль де Леклюз (Charles de l'Écluse) 1593 жылы Лейден университетінің ботаникалық саябағында өсіре бастайды. Нәтижесінде, 1594 жылы қызғалдақтың Нидерландыда өсіре бастауы ресми тарихи маңызға ие болған. 

– Карл Клузиус, жапырақтарда әдемі сызықтар пайда болатын вирустық инфекция «сызығы бар қызғалдақтарды» анықтаған алғашқы зерттеуші. Зарарсыз бір вирустың болу себебінен кейбір қызғалдақтарда сызық пайда болады.

– К.Клузиус, қызғалдақтардың көптеген жаңа түрлерін шығарған. Ол Лейденде қызғалдақтардың түрлерін одан әрі жетілдіріп, 1600-жылдары қызғалдақ Голландияда үлкен құндылыққа ие бола бастайды.

– 1634-1637 жылдары «Tulip Mania» ретінде қабылданған бір кезең басталды. Қызғалдақтың құны бір-ақ түнде күрт көтеріліп, әлемдегі ең қымбат гүлге айналған. Қымбат болғаны соншалық, ол валюта ретінде қабылданған.

– Бүгінгі таңда Нидерланды әлемдегі коммерциялық түрде сатылатын қызғалдақтардың басты өндіруші елі болып саналады. Қазіргі уақытта жылына 3 млрд түп қызғалдақ пиязшығын өндіреді. Олардың көпшілігі шартарапқа осы жерден экспортталады.

– Асылында, қызғалдақ жапырақтарын жеуге болады. 1944 жылы ІІ Дүниежүзілік соғысы кезінде Нидерландыдағы аштықта адамдар қант қызылшасы мен қызғалдақты жеген көрінеді.

Голландиялық король отбасы, Нидерландыға фашистік шабуылы кезінде ханшайым Юлиана және қыздарына пана болғаны үшін 1945 жылы Оттава қаласына 1 млн түп қызғалдақ пиязшығын жіберген.

– Қызғалдақ лалагүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік.

– Қызғалдақ, гүлдену уақытына қарай жіктеледі.

– Қызғалдақ – танымалдығымен әлемде 3-ші орынға ие.

– Қызғалдақ жұлынып вазаға қойылғаннан кейін 2,5 см-ге дейін өсе береді.

Қазақ қолөнерінде қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарымызда да орын алған. Атап айтар болсақ, білезік, сақина, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдары. Гүл пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлердің қолымен қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп, безендірген.

– Қызғалдақ, Түркияның ұлттық гүлі ретінде қабылданған. Түрік елінің Мәдениет және туризм министрлігінің логотипінде қызғалдақ бейнеленген.

– Қызғалдақ, Паркинсон ауруы Қорының ресми символы ретінде де бейнеленген.

– Әлемдегі ең үлкен қызғалдақ мейрамын мамыр айы бойы канадалықтар тойлайды. Бұл шара Dows көлінен Оттава өзеніне дейін созылады.

– Ал Ыстамбұл тұрғындары жыл сайын «Қызғалдақ фестивалі» өткізеді. Фестивальде көшелер, саябақтар, бақшалар мен алаңдар түрлі-түсті гүлді «кейіпке» енеді. Көз тартар қызғалдақтар мен жанды концерттер адамдарға керемет көңіл-күй сыйлайды. Сурет көрмелері, спорттық шаралар фестивальдің ажарын одан әрі аша түседі.

 

Қызғалдақ гүлінің қасиеті мен мағынасы

Ақ, сары, сирень, күлгін, қызғылт, қызыл... Ең әдемі түстердің ең көркем гүлі болып саналатын қызғалдақтардың қасиеті, күтімі мен мағынасы туралы біле жүріңіз!

1.Әсемдік, абырой, махаббат...   

Қызғалдақтың бұл түрі – талғампаз, мәртебелі әрі сүйіспеншілік мағынасына келеді. Бұл адамдарға жайлылық пен тыныштық береді. Түрлі түстердің түрлі мағыналары бар.

2. Қызыл түсті қызғалдақ тіл қатса, не дер еді?

Қызыл қызғалдақ жүректің түбіндегі сырыңызды ақтарады. Сүйіспеншілігіңізді білдіргіңіз келген адамға қызыл қызғалдақ сыйлауыңызға әбден болады.

3. Ақ түс не мағына береді?

Ақ түс –кішіпейілділік, тазалықтың белгісі болып саналады.

4. Сарғалдақ не мағына береді?

Сарғалдақ – сүйіспеншілік пен төзімділікті білдіреді. Сондай-ақ, ең көп сыйға тартылатын сорттарының бірі болып саналады.

5. Қызғылт түс не мағына береді?

Бұл реңк мейірім мен адалдықты білдіреді. Үміт пен тыныштық сыйлайтын бұл түспен кейбіреулер бақшаларын, кейбіреуі үйі мен қабырғаларын безендіреді. 

6. Қызғалдақ гүлінің қасиеттері қандай?

Қызғалдақтың көптеген түрлері мен түстерін санап тауыса алмаспыз. Ең көп қызғалдақ бақшалары Нидерландыда көп екенін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Көздің жауын алатын бұл реңктер адамды баурап алары сөзсіз...

7. Қызғалдақ гүлі қандай топырақты ұнатады?

Жалпы қызғалдақ гүлі құмды, құрамы жеңіл топырақты ұнатады. Сондай-ақ, ауасы мол, жарық жерде өскенді қалайды. Тым суық немесе қатты ыстық ауа қызғалдақ жапырағының түсуіне алып келеді.

8. Сулау өте маңызды!

Қызғалдақ – бұл нәзік гүл. Суару үшін де сезімталдықты қажет етеді. Қызғалдақ гүлін суару кезінде қолданатын ыдыс әр уақытта бірдей болуы қажет және  суарған сайын бірдей мөлшерде су пайдалану керек. Сондай-ақ, суару күнін аптаның бір күніне белгілеу қажет.

Қазақтың кең байтақ дархан даласында өсіп, жер жүзіне таралғандығына ғалымдар нақты дәлелдер де келтіруде. Жерімізде өсетін қызғалдақтардың 18 түрі «Қызыл кітапқа» енгендігін еске сала отырып, мақтанышпен айта аламыз. Нәзік гүлдің будандасқан түрлерінің арта түсуіне, қорғауға алынуына ат салысуға шақырамын.

(Суреттер ашық ғаламтор көзінен алынды)

Руслан БЕГЕН
Бөлісу: