Кітап оқу - білім мен ой-өрісті кеңейтудің ең пайдалы тәсілдерінің бірі. Алайда қазіргі қарбалас өмірде бәріміздің де уақытымыз шектеулі. Сол себепті кітапты жылдам әрі тиімді оқудың әдістерін меңгеру – уақытты үнемдеудің тамаша жолы. Мұндай тәсілдер ақпаратты тез қабылдап, оны есте сақтау қабілетін де арттырады, деп жазады El.kz интернет порталы.
Бірінші әдіс – мақсат қою
Кітапты қолға алғанға дейін не үшін оқып жатқаныңызды нақты анықтап алыңыз. Егер мақсат айқын болса, қажетсіз мәліметтерге алаңдамай, негізгі идеяны жылдам ұғуға болады. Мысалы, романды қызығу үшін емес, белгілі бір кейіпкердің мінезін зерттеу үшін оқысаңыз, сол бағыттағы беттерге ерекше назар аударыңыз.
Екінші әдіс – шолу жасап оқу
Мәтінді бастан-аяқ баяу оқудың орнына, алдымен мазмұнын, тарау атауларын және абзацтардың алғашқы сөйлемдерін қарап шығыңыз. Бұл кітаптың жалпы құрылымын түсінуге көмектеседі. Осыдан кейін ғана маңызды тұстарға тоқталып, жылдам әрі тиімді оқуға болады.
Үшінші әдіс – көзді жаттықтыру
Жылдам оқу кезінде әр сөзге тоқталмай, көзбен бір жолдың бірнеше сөзін бір уақытта қамтуға тырысыңыз. Бұл – арнайы жаттығу арқылы дамитын дағды. Күн сайын 15–20 минут осындай жаттығу жасап отырсаңыз, біртіндеп оқу қарқыныңыз артады.
Төртінші әдіс – назарды шоғырландыру
Оқу кезінде әлеуметтік желі, телефон сияқты алаңдататын дүниелерден алшақ болу өте маңызды. Зейін толық шоғырланған кезде мәтін тезірек әрі тереңірек түсініледі. Кітап оқуға арнайы уақыт бөліп, тыныш орта таңдаңыз – бұл да жылдам оқуға әсер етеді.
Жылдам оқу – тек жылдамдық емес, сонымен қатар ақпаратты дұрыс түсініп, есте сақтаудың да өнері. Осы төрт әдісті күнделікті қолдану арқылы сіз оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтере аласыз.