Қазіргі ұрпақ кітап оқымайды деген қасаң қағида күн сайын емес, сәт сайын жойылып келе жатыр деуге болады. Бұл «Әдебиет порталының» YouTube арнасында белгілі қаламгер, әдебиеттанушы ғалым Елдос Тоқтарбайдың «Ұлт оқитын 100 кітап» бағдарламасына қатысқан спикерлердің пікірі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оған себеп – қазір кітапханаларға сұраныстың артуы, оны 24 сағатқа ауысып жатқан кітапханалардан да байқауға болады. «Егер оқырманның сұранысында болмаса, не үшін ауысып жатыр?» деген ой ортаға салынды. Кітапханашы мұндай ұлттық жобалардың елімізді кітап оқушы ұлтқа айналдыру үшін ауадай қажет екеніне сенімді.
Бұл жолғы шығарылымға осы жылғы таңдауға енген тарихи романдар арқау болды. Қазақ әдебиетіндегі тарихи романдар және олардың идеясы, мазмұны, композициялық құрылымының өзіндік ерекшеліктері, романдардың тарихилығы, көркем әдеби шындық пен тарихи шындықтың ара-жігі, жазушы зертханасы, т.б. мәселелер бойынша тамаша талқылау жүргізілді. Тарихи романдардың өз дәуіріндегі миссиясы қалай болды? Олардың қоғамдық санаға әсері, ықпалы қандай болды? Қазіргі күні тарихи романдар оқыла ма? Шығарылымға қатысушы қонақтар осы және басқа сұрақтар төңірегінде келелі кеңес құрды.
Әдебиеттанушы Ләйла Мұсалы мұнда мынадай жағдайды ескеру қажет деп біледі:
Уақыт пен кеңістікті әр жазушы өзінің шығармашылық бағдарына, шығармашылық концепциясына қарай пайдаланады. Сондықтан бұл романдардың барлығы уақыт пен кеңістік тұрғысынан өте маңызды. Бірақ оны объективизммен байланыстырып, тарихи тұрғыда тазалап аршып алу керек.
Подкасттың толық нұсқасын «Әдебиет порталының» YouTube арнасынан көре аласыздар.