Кітап фестивалі Нұр-Сұлтанда

26 Тамыз 2019, 14:49 8202

Елорданың Арбаты рухани-танымдық ортаға айналды

Бүгінде кітап оқитындардың қатары азайып барады. Өкінішке қарай, оны мойындау қажет. Өйткені қазіргі компьютер заманында еңбектеген баладан бастап жасамысына дейін телміретіні смартфондар мен түрлі гаджеттер екені рас. Тіпті, ішер асымызды да сол компьютердің алдына сүйрейтінді шығардық. Осыған орай, жыл сайын елімізде кітап оқуға шақыратын, ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттайтын кітап фестивалі дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.  Солардың бірі осы жылы елордада алғаш рет шымылдығы түрілген «KITAP FEST NUR-SULTAN 2019» атты  кітап фестивалін ерекше атап өтуге болады. Жастар жылы аясында өткізілген бұл  ауқымды жобада ұйымдастырушылар нұр-сұлтандықтар мен қала қонақтарын кітап оқуды дәстүрін елорданың Арбатында бастауға шақырған болатын.


 

Жайма шуақ жаздың соңғы жексенбісінде елорданың Арбаты нағыз рухани әрі шығармашылық ортаға айналды. Мұнда алғаш рет мыңдаған оқырмандардың басын қосатын «KITAP FEST NUR-SULTAN 2019» астананың төрінде өткізіліп жатыр. Таңнан кешке дейін жалғасқан шарада кітапсүйер нұр-сұлтандықтар мен қала қонақтары кітаптар әлеміне саяхаттауға мүмкіндік алды. Осындай мәдени әрі танымдық жобаға «Астана жастары» мемлекеттік-коммуналдық мекемесі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдау көрсетіп, оның ұйымдастырылуына атсалысып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай көлемді шара тек соңғы бес жылдан бері тек Алматы қаласында өткізіліп келген.

– Кітап фестивалін негізінен біз 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеміз. Әуел баста бұл  тек шағын кітап алмасу дәстүрінен басталып, қазіргі таңда үлкен фестивальге айналып отыр. Біздің мақсатымыз осы жобаны Қазақстанның өзге де облыстарында өткізу. Неге десеңіз, бүгінде кітапқа деген сүйіспеншілік әрі отандық авторларға қызығушылық артып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай деп есептейміз. Сол себепті Алматыдан кейін осындай шараны қайда өткізуге болады. Әрине, елордамыз – Нұр-Сұлтанда. Бүгінгі шараның бағдарламасы өте ауқымды болып отыр. Тіпті Алматыдан кем түспейді, - дейді «Kitap Fest» фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.


Фотода: Майра Әлжанова

Нарық заманында  кітапқа деген қызығушылықты арттыратын фестиваль аясында қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығатын Арбат алаңында онға жуық түрлі акциялар ұйымдастырылды.  Және  осы маңда тігілген шатырлардың әрқайсысында бір-біріне ұқсамайтын шаралар өткізілді. Осылайша ұйымдастырушылар келушілердің уақытын қызықты әрі тиімді өткізуге барын салғандай. Солардың алғашқысы ақындар мен жазушыларға арналған «Жазушылар шатырында» мыңдаған оқырмандар сүйікті қаламгерлерімен бетпе-бет кездесіп, жаңа кітаптардың таныстырылымына қатысты. Бұған кітаптары жақында шыққан және соңғы бірнеше жылдан бері өзінің шығармашылықтарын жұртшылыққа  таныстырып келе жатқан авторлар шақырылған.

– Бұлардың қатарында пианист әрі еліміздің халық әртісі Жәния Әубәкірова «Вариации на темы» кітабын, ал журналист, философия ғылымдарының кандидаты әрі зерттеуші Зира Наурызбаева «Четыре облака» атты еңбегі жайында ой өрбітті. Жазушы, продюсер, режиссер және «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбеков «Мое море – твое небо» атты өлеңдер жинағы туралы айтса, халықаралық Өнер фестивалінің лауреаты, ақын Айжан Табараққызы «Сен жыламашы» атты кітабын, балалар жазушысы, сценарист Зәуре Төреханова «Амина Туран в стране номадов» романын, жазушы, «Алтын тобылғы» әдеби сыйлығының лауреаты Тинкай Кретова «Казахстанец» шығармасын, жас жазушы, экономика және бизнес магистрі Әсел Қайратқызы «Қыз өссе елдің көркі» атты туындысын таныстырды, - дейді жобаның бас үйлестірушісі.

Сонымен қатар, фестивальге жиналғандар ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Серікзат Дүйсенғазиннің жырларын тыңдауға мүмкіндік алды және экономика ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мырзагелді Кемелдің «Кітап рухани құндылық» тақырыбында өрбіткен тұшымды әңгімесін тыңдап қайтты. Оған қоса актриса Альмира Тұрсын жазушылар шатырының арнайы қонағы болып, жазушы Болат Жандарбековтың «Томирис» шығармасынан үзінді оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

«Жазушылар шатырында» алғашқы болып, кітап fest-тің тұсауын кескен ақын Айжан Табаракқызы «Сен жыламашы» атты кітабы жайында ой өрбітті.

– Бұл кітап нақты біреуге арналмаған. Адамның жүрегі біреу болса да, көңіл көп адамды жақсы көреді емес пе? Және мұнда жиынтық образдар топтастырылған. Ең бастысы тек лирикалық бағытты ту еттім. Ал жалпы парасатты дүниелерді оқырмандарға қырықтан асқан соң ұсынамыз, - дейді ақын Айжан Табаракқызы.

Оқырмандармен кездесу барысында ақын жақында сезім қылдарын шертетін әрі жүректерді қозғайтын жаңаша лирикалық шығармаларды ұсынатынын тілге тиек етті. Өзінің алғашқы мамандығы экономист болғандықтан кітап шығарғанда поэтикалық атаудан гөрі маркетингке көбірек мән береді екен. Айжан Табаракқызы кітап атауын өтілімін жақсарту мақсатында осылай қойғандығын атап өтті. Иә, расымен де қазіргі заманда тек ақын болу жеткіліксіз, экономика мен маркетология салаларын қоса меңгеру – атақ-абыройыңның артуынша өлшеусіз үлес қоса алады.

– Менің жүрегімде не бар, осы уақытқа дейін не кештім, не түйдім, тағдырымның қандай жолымен жүріп келемін, міне осыларды ешқандай жасандылықсыз, жалғандықсыз, тек әдеби бояу қосып, оқырманға ұсынуға тырысам. Жалпы қазіргі оқырмандарды алдау мүмкін емес. Бүгінгі заманның өлеңінің техникасын біліп, құр ұйқаспен немесе құр суреттеумен ешбір оқырманды қызықтыра алмайсыз. Сондықтан тек жүректен өткен нәрсе ғана оқырмандардың жүрегіне жетеді, - дейді ақын.

Осылай деген Айжан Табаракқызы оқырмандарға үш қаламгердің шығармасын оқуға кеңес берді.

– Қазақ қаламгерлерінен өзім Роза Мұқанованы сүйіп оқимын. Одан кейін міндетті түрде қазақ поэзиясының соның ішінде қыздар поэзиясының темірқазығы Фариза Оңғарсынованы оқу керек. Үшіншісіне Гүлнар Салықбайдың шығармаларымен танысуға кеңес беремін, -  дейді «Жазушылар шатырының» алғашқы қонағы.

Өлең жазумен қоса аудармамен айналысатын Айжан Табаракқызы ешқашан кітапты біреуден сұрап оқымайтындығын айтады. Өзінің қалаған кітабын дүкендерден сатып алып, оқып біткен соң жеке кітап сөресінен орын беретін оның қазіргі кездегі кітап қоры мыңға жуықтап қалыпты.

Ал «Кітаптар жайлы оффлайн» атауы берілген екінші шатырда мәдени-танымдық кітап фестивалінің қонақтары өздерінің әлеуметтік желіде танымал адамдарымен «оффлайн» режимінде жүздесіп, еркін форматта сұхбат құрды. Және мұнда қоғам қайраткерлері, журналистер, табысты кәсіпкерлер кітап тақырыбындағы өзекті мәселелерді талқылап, кітапқа қатысты өз ойларымен бөлісті.  Олардың қатарында Өркен Кенжебек, Айна Досмахамбетқызы, Динара Болат сынды танымал блогерлер, саясаттанушы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Талғат Қалиев, «Jeff Tailor» ерлерге арналған тігін ательесінің иесі Гаухар Өтелбаева, I Book You кітап порталының негізін қалаушы Марина Шарипова, медиажаттықтырушы Ақерке Берлібай, журналист әрі балаларға арналған ертегілер жинағының авторы Гүлжазира Берікқызы болды. Олар «Кітап және спорт – табысты өмірдің қуатты қозғалтқышы», «Ақпараттық ағымда немесе соңғы он жылда БАҚ пен отандық әдебиет қалай өзгерді?», «Мені шабыттандыратын кітаптар», «Кітаптың жеке брендті қалыптастыруға қосатын үлесі», «Кітап оқуға қалай уақыт табуға болады?» деген тақырыптарда тұшымды пікірлерімен бөлісті.

Өткен жылы Алматы қаласында өткен кітап фестивалінің қонағы болған Өркен Кенжебек биыл алғаш рет спикер ретінде келіп отыр. Мұнда ол  көпшілікке блогерліктің қыр-сыры туралы айтып, өзінің білген-түйгенін ортаға салды. 

– Өкінішке қарай, қазір кез-келген нәрсенің жарнамасы бар. Телефоннан бастап, теледидардағы сағызға дейін... Сол секілді нарық заманында кітапты жарнамалайтын күнге жеттік. Бірақ та осындай көрмелерде кітапты үгіттеудің ешқандай зияны жоқ деп есептеймін. Мұндай шаралар жылына бір рет болады. Тіпті бұларды әр тоқсан сайын яғни жылына төрт рет өткізсек те, артық емес. Өйткені күніне бірнеше сағатымызды әлеуметтік желіде, ғаламторда өткіземіз.  Ондағы жарнамалардан көз сүрінеді. Ал кітаптың жарнамасы жылына бір-ақ рет ғана шығады. Ұлттық стильде әрі өте қызықты спикерлерді тартқан мұндай бастама қашанда  қолдауға лайықты. Тіпті бұдан да жоғары масштабта өткізуге де тұрарлық деп есептеймін, - дейді блогер Өркен Кенжебек.

I BOOK YOU өткізген кітап алмасу шатыры да келушілердің назарын өзіне аудара білді. Бұл шатырда қонақтар өздерінің бұрын-сонды оқыған кітаптарын алып келіп, басқа кітапқа ауыстырып жатты. Осы арқылы кітапсүйерлер өздерінің іздеп жүрген кітаптарына қол жеткізіп, кітап сөрелерінің тізімін жаңарта алады. Жалпы бұған келген адамдар қарасы өте көп болды. Режим бойынша мұнда таңғы сағат 10:00-ден түскі 13:00-ге дейін кітаптар қабылданса, ал түстен кейін сағат 15:00-ге өзіңіз қалаған кітаптарды таңдап алып кетуге болады.

– Фестиваль туралы мен  әлеуметтік желіден осыдан бір ай бұрын білдім. Бұл шарада мені кітап алмасу болатыны қатты қызықтырды. Содан өзімнің оқып біткен әрі сыйға беруге болатын фантазия жанрындағы бас-аяғы алты кітабымды осында алып келдім. Енді солардың орнына психология мен тарихқа қатысты кітаптар алмақшымын, - дейді елордалық мектеп оқушысы Аружан Мырзан.

Сонымен қоса, ұйымдастырушылар фестивальдің кішкентай қонақтарына арнап та сый дайындап қойған. Мұнда оларға арналған түрлі ойын-сауық бағдарламалар мен  кітап арасына қоятын қағазшаларды қолмен жасап үйренетін және бетбелгі жасаудан тегін шеберлік сағаттары көпшіліктің көңілінен шықты.

– Көпшілікке берер пайдасы мол жақсы шара деп ойлаймын. Мұнда бір жарым жасар немерем екеуіміз келіп, алдымен балаларға арналған алты кітапты кітап алмасу бұрышына тапсырдық. Кейін немерем алдымен сурет салатын бағанға барып, түрлі түсті қаламдармен бәйтеректің және аңдардың суреттерін бояды. Сосын аниматорлармен мың бұралып би билеп, бірнеше қимылдарын үйреніп алды. Қазір енді солармен түрлі қызықты ойындар ойнап жүр. Жалпы, көңіл-күйіміз көтеріңкі, - дейді елордалық тұрғын Ләззат Ахметжанова.

Иә, расымен де Ләззат Ахметжанова секілді көптеген ата-ана балаларын қызықты шараға әкеліп, өздері де фестивалдің белсенді қатысушысы бола білді.

– Осы жоба аясында біз жиырмасыншы ғасырдың басындағы архивтердегі суреттерді кішкене жандандырған болатынбыз. Яғни сол замандағы ақын-жазушылардың  кітап оқу сәтіндегі сирек кездесетін  суреттерін тауып, олардан коллаж жасап, фотосуреттер көрмесін дайындадық. Сонымен қоса, фестивальдің алаңында құрылған кітап жәрмеңкесінде жиырмадан астам кітап дүкені мен баспа үйлері және интернет дүкендері өз өнімдерін сатылымға қойған. Олар да халық алдына шығып, өз дүниелерін көрсеткісі келеді. Күнделікті өмірде халықтың көбісі бұл дүкендерге көп бара бермейтіні рас... Сондықтан да олар осындай жәрмеңкелерге қатысып тұрғанды қалайды. Біз жылына мұндай фестивальді бір рет ұйымдастырсақ, олар бізге неге екі-үш рет өткізбейсіздер деп сұрау салып жатады. Расын айтқанда, бұған тек жоғарыда айтқанымдай жиырмадан астам ғана кітап сататын өкілдер қатысқан. Ал негізінен қатысуға ниет білдіргендердің саны өте көп болды. Өкінішке қарай, біз орынның аздығына байланысты санына шектеу қоюымызға тура келді. Сонымен қоса, Нұр-Сұлтан қаласының бір ерекшелігі, ауа-райын ешқашан нақты біле алмайсыз. Бұл күні біз жел не жаңбыр болмауын тіледік. Сондықтан ауа-райының жақсы болғанына іштей ризамыз, - дейді «Kitap Fest» фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

 Дәстүрлі түрде жыл сайын Алматы қаласында өткізіліп келген бұл фестиваль ондаған кітапсүйер қауымды, дарынды ақын-жазушылар мен тәжірибелі блогерлерді, қоғам қайраткерлері мен белсенділердің басын біріктіріп келген. Соңғы бес жыл ішінде «KITAP FEST» алаңында авторлар мен баспа үйлерінің қатысуымен 130-дан астам кітаптың таныстырылымы болып өтсе,  қонақтарға жиырма мыңға жуық  кітап сыйға беріліпті. Ал жетпістен аса кітап дүкені жәрмеңкеге қатысып, қырық бес блогер өздерінің сүйікті кітаптарымен бөліскен болатын. Жалпы ұйымдастырушылар егер жан-жақты қолдау көрсетіліп тұрса, жылына екі-үш қалаларда өткізуге қуана-қуана дайын екендерін айтады.

Осы орайда айта кететін бір жайт,  «Астана жастар» мемлекеттік- коммуналдық  мекемесі бұл жобаның жалғасы ретінде биылғы жылдың соңына дейін елордалық кітапсүйерлерге арналған оқу алаңдарын өткізуді жоспарлап отыр. Ал әлеуметтік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын «Бауыржан» жеке қоры бұл фестивалді бас қалада дәстүрлі түрде өткізуді көздейді.

Жаздың соңғы демалыс күніне орайластырып ұйымдастырылған интеллектуалдық шарадан қала тұрғындары мен қонақтары ерекше көңіл-күймен қайтты.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: