«Кітап – байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізер ой кемесі»

12 Мамыр 2020, 06:38 11203

Балаларымыз қандай кітап оқып жүр?

Кітап оқуды дағдыға айналдырған Еуропа елдері үшін рухани құндылықтар материалдық құндылықтардың алдында тұрады. Біз бүгін «балаларға қандай кітап оқыту керек?» деген сауалға жауап іздейміз. Өйткені, кітап оқу дағдысы бала жастан қалыптасады. Түрлі ертегі, әңгіме оқудан басталған қызығушылық өсе келе кітапқа деген махаббатты оятатыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың білімге құмарлығының кепілі болмақ.


Адамның рухани бай болуы алдымен отбасынан басталып, кейіннен қоғамдағы әлеуметтік институттар арқылы қалыптасады. Қазір осы институттардың мақсаты да өзгеріп, адамды «мансапқа жет, ақша тап» деп тәрбиелеуде. Бүгінде «алдымен рухани әлеміңді қараусыз қалдырма» деп насихаттайтын адамдардың саны азайып бара жатқаны қылжылтады. Балаға мектептегі білімнен бөлек, үйде де білім беру керек. Бұл өз кезегінде білім алуға ынтаны күшейтеді. Үй жағдайында ата-ана баласына балалар кітабын оқыта отырып тәрбие берсе, баланың жазуы, оқу мәнері, дүние танымы әлдеқайда жақсарар еді. Нақты дәлелденген зерттеулер бойынша балалар кітабын оқу – болашақта жетістікке жетудің кілті ретінде қарастырылған.

Бүгінгідей әр үйде интернет, әр баланың қолында смартфон жүрген заманда оларға кітап оқыту да, көп кітаптың арасынан ең қызықтысын тауып беру де оңай емес. Бала – ертеңгі жас азамат, ал жастар елдің болашағы ұғымына сүйенсек, кітап оқу сол болашаққа салынатын инвестиция. Сондықтан оның бойында дағды қалыптастыру үшін, күніне бір-екі сағатын кітап оқуға арнау керек. Балалар кітаптарының негізгі мақсаты – бүлдіршіндердің сауатын ашып, ойын қалыптастыру, жаратылыс, әлем туралы білім беру. Бала кішкентай күнінен қай тілде кітап оқып, қай тілде сөйлесе, есейгенде де сол тілдің ұлты үшін жанашыр болады.


Энциклопедияның берері

Ағылшын философы Фрэнсис Бэконның айтуынша: «Кітап – уақыт толқынындағы өзінің баға жетпес байлығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі». Аталған сөздер кітаптың бағасына жете алмай жүрген жандарға айтылған нақты құлақ қағыс сияқты. Кітап қазіргі уақытқа дейін де өз құндылығын жоймаған, болашақта да өз биігінен түспейді. Мерекеде балаңызға кітап сыйласаңыз, бағасы жағынан қымбат сыйлықтармен салыстыруға келмесе де, рухани құндылығы жағынан баға жетпес қазына болмақ. Тәрбиесі мол, берері де көп сыйлық. Ғажайыптар әлеміне сапар шегуге мүмкіндік берер жолаушылар билеті тәрізді. Бұл сыйлықты ұл-қызға арнап бөлудің де керегі жоқ. Барлығының талғамына сай келетін балалар энциклопедиясы білімнің қайнар көзі. Кітапта баяндалатын ел естіп көрмеген елдер мен халықтар, жан-жануарлар әлемі, жабайы табиғат пен құбылыстардың сан қырлы сырлары танымын кеңейтсе, тарихи тұлғалар туралы жазылған энциклопедиялар балаға мотивация береді. Мүмкін емес болып көрінген биіктің мүмкін болатынын ұғынады. Тарихи кейіпкерлерден үлгі ала отырып, тарихи оқиғаларға қанығады. Барлығына қызығушылықпен қарағандықтан да, олар түсінсе де, түсінбесе де «неге?» деген сұрақты жиі қойғыш болып келеді. Сол сұрақтарға нақты әрі толық жауапты энциклопедиялардан ала алатыны сөзсіз. Бұл кітаптар балаларға тың деректермен бірге болашағын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Білім нәрімен енді сусындай бастаған балаға энциклопедияның берері көп. Біріншіден, ғылыми зерттеулермен дәлелдемелер арқылы нақтыланған білімді оңай, жай ғана қарапайым сөздермен түсіндіреді. Екіншіден, балалар энциклопедиясындағы салынған суреттер оқиға жайлы мәлімдей алады. Сонымен бірге, баланың фантазиясына тұсау салмай, ой-өрісін дамытады. Үшіншіден, энциклопедиядағы мәтіндер баланың ой өрісін мейлінше кеңейтеді, соған қоса оның ойлау барысында кітапта берілген мәтінінен мазмұны арқылы ой шеңберінен шығуына көмектеседі. Балалар энциклопедиясы әмбебап оқулық. Энциклопедия белгілі бір аймаққа қатысты яки белгілі бір мамандыққа қатысты тақырыпта да беріле береді. Кітапты талғаммен оқу баланың жас деңгейіне қатысты және қызығушылығына байланысты. Кітаптардың сапалы көркем дизайны мен танымдық мазмұны міндетті түрде бүлдіршіндерді қызықтырады, туып өскен жері жайында орналасқан орнын, тарихын тануға жәрдем береді.


Ертегі оқудың маңызы

Кітап нарығындағы кітаптың маңыздылығы – оның санына немесе әдемілігіне емес, мазмұнына байланысты бағаланады. Ұйықтар алдында әжесінің айтқан шытырман оқиғалы ертегілер бала жүрегінде мәңгілікке сақталады. Есейгенде де өмірдің қиын сәттерінде сол бала күнгі кейіпкерлер сияқты мықты болуға талпынады. Бүгінгі күннің әжелері мен аналары баласына ертегі оқып беру дәстүрін жалғастыруды салт еткен. Ұмыт болған оқиғаларды есімізге салып, әлемге деген қызығушылығымызды қайта оятатын да ертегілер елі. Өмір жолында әділдіктің өтіріктен биік тұратынын да, жамандықты әрқашан жақсылықтың жеңетінін ертегілер елі баланың санасына сіңіріп өсіреді. Ертегідегі кейіпкерлер сияқты болуға ұмтылған бала өмірде де көп жетістікке жетеді. Психологтардың зерттеуінше ертегі оқып өскен балалар өз-өзіне сенімді болады. Біз қарапайым санайтын ертегілер де олардың ақылына ақыл қосып, ойлау жүйесін байытады. Оқиға аяқталғанымен бүлдіршіндер қиялға ерік беріп оқиғаны өзінше жалғастыра бермек. Көп оқи келе баланың сөздік қоры жаңа сөздермен толығып, тілі көркем әдебиет стилінде жаттығып, пікірін дәлме-дәл жеткізе алатын болады. Яғни, ертегінің бүлдіршіндер тағдырына тигізетін пайдасы жан-жақты. Сәбилердің ақылын кемелдікке бастап қана қоймай, олардың мінез-құлқына да өзгеріс әкеледі. Ертегі-аңыздармен таныса келе өзіне деген сенім мен жігер күш беріп, соның арқасында ғана әділеттікке қол жеткізе алатынын ұғынады. Байқап қарасақ, жай ғана балалар кітаптарын оқу арқылы өмірлік ілімнің алғашқы іргетасын қалыптастырады екен. Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиеті, эпостық жырлар мен аңыздар арқылы бала тәрбиесін арттыруға болады.


Отандық баспалар өнімі

Еліміз егемендігін жариялағаннан кейін кітап нарығы жаңа белеске көтерілді. Қалыптасудың жаңа сатысында балаларға арналған кітаптарды «Алматыкітап», «Аруна», «Балауса» және «Мектеп» баспалары басып шығара бастады. Әсіресе ел аумағында жекеменшік баспалар көбейді. Кеңес үкіметі тұсында шығарылған кітап мазмұндарынан түбегейлі бас тарту, қазақ мектептеріне, балаларына жаңа оқу құралдарын дайындау қолға алынды. Себебі, азат елдің ұрпағы азат санамен ойлай алуы керек еді. Атап айтсақ, О.Әубәкіров, С.Бегалин, М.Гумеров, Ө.Тұрманжанов, Б.Соқпақбаев, одан ары М.Әлімбаев, Е.Ерботин, Р.Әбілқадірова, Ә.Табылдиев, С.Сарқасқаев, Н.Сералиев, Ж.Кәрбозин, С.Әлімқұлов, А.Асылбеков, Қ.Ыдырысов, З.Иманбаевтар сияқты жазушылардың туындылары қайта жарық көріп жатты. Бұдан кейін балалар әдебиетіне үлес қосқан авторлар азайып кетті. Қаламгерлер бір себеп ретінде балалар әдебиетінің өте нәзік, қиын тақырып екенін алға тартады. Осы себепті еліміздегі «Аруна», «Алматыкітап» және «Балауса» баспалары көбіне шет елдік туындыларды қазақша тәржімалап жүр. Мәселен, «Аруна» баспасы 3-5 жас аралығындағы балаларға арнайы кітапшалар шығаруды қолға алған. Мектепке алдын ала дайындық та осы кітаптармен бірге өзін-өзі үйретуден басталып кетеді. Балалардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ашу мақсатында «Аруна» баспасының кейбір кітаптары мультфильмдер негізінде шығарылған. Айталық, «Саяхатшы Дара» деген қызықты туынды бар. Балалардың барлығы бұл кейіпкердің теленұсқасын жақсы көреді. Дараның суреті бейнеленген киімдер мен сөмкелерді де сатып алып жатады. Кейіпкері де балаға көп нәрсе береді: қоршаған ортаны таныстырады, білімге ұмтылдырады. Дара көптеген жерге саяхаттап, қиындықтарға қарамастан жұмбақтарды шешіп, сөздердің атауларын үйреніп, ән салып, би билеп баланы көңілін сергітеді. «Саяхатшы Дара» кітабын бір сериямен шығару аздық еткендіктен көп серияға ауысқан. Әр сериясы өзіне тән қызықтарға кенде емес. Бүлдіршіндер өздерін Дараның сенімді досы ретінде сезініп, айтқан тапсырмаларын мұқият орындайды.

Сонымен қатар, «Аруна» баспасынан басылатын бүлдіршіндерге арналған салалық энциклопедиялар таңдаулылар басында. Халықаралық және республикалық кітап жәрмеңкелерінде «Аруна» баспасы энциклопедиялық кітаптар жөнінде үздік дипломмен марапатталған.

Баланың кітапқа деген қызығушылығы ең алдымен, сыртқы мұқабасына қарап туындайды. Безендірілуі көркем, бояуы ашық кітаптар бірден көзге түседі. Сондықтан да баспалар балалар кітабын шығармай тұрып, ең алдымен маркетингтік зерттеу жүргізеді. Балалар талғамы да жыл сайын, тіпті маусым сайын өзгеріп отырады. Осы тұста балаларға ненің қызықты болатыны, ата-аналардың сұранысы қандай кітап екендігі толықтай анықталады. Балалар кітабы да заман талабына сай өзгерістерге ұшырап келеді. Қазір кітаптың мәтініне қарағанда суреттері көп. Панорама тәрізді ашылып, тақырыбымен балаларды тартатын кітаптар жетерлік. «Аруна» баспасынан шыққан «Теңіз қарақшылары» кітабын ашсаңыз ішінен үлкен кеме шыға келеді. Ал ханшайым туралы ертегілерді ашсаңыз ішінен зәулім сарай шыға келеді. Сонымен бірге, 3D форматтағы кітаптар саны да артып келеді. Кейбір кітаптарда қолыңызға үлкейткіш әйнекті алып, ежелгі айдаһарлар заманына, жерасты патшалығына сапар шегуге болады.

Балаларды қызықтыратын келесі жанр «фантастикалық оқиғалар» екені анық. Мультфильмдерден көрген кейіпкерлерін бала кітаптан іздей бастайды. Қазір дүниежүзінде бірінші фильм, одан кейін сол фильмнің кітабы шығатын үрдіс балалар кітабында да жалғасып жатыр.

 

Балалар кітабын дайындағанда көз тартарлық әдемі болуына ғана емес, денсаулыққа қауіп төндірмейтіндей болып басылғаны маңызды. Балалар бес жасына дейін әртүрлі ақпараттарды қабылдап, қорытып үйренеді. Осы жасқа дейінгі берілген білім мен қалыптасқан дағды баланың өмірлік ұстанымына айналмақ. Технологияның арқасында білім алудың, оны игерудің жаңа жолдары мен тәсілдері пайда болса да, сан мыңжылдық тарихы бар кітап ешқашан сұраныстан қалмайтыны сөзсіз.

(Суреттер pixabay.com және aruna.kz сайттарынан алынды)

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: