Қытай үлгісіндегі Жаркент мешіті

12 Сәуір 2017, 10:42 14000

Жаркентте ерекше ғимарат бар

Алматы облысында орналасқан көне тарихи қалалардың бірі – Жаркент. Ол көрші Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан мемлекеттік маңызы бар аймақ. Жаркентке алғаш келген адамның назарын бірден өзіне аударатын, қаланың қақ ортасында орналасқан ерекше ғимарат бар. Ол – «Жаркент мешіті». Салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтсе де, сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған.

Көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Келбетіне сұқтанған қала қонақтарын мешіттің құрылу тарихы да қызықтырары анық. Аспан асты елінің мәдениетінен сыр шертетін сәулет туындысының артында қытай сәулетшісі тұрғандығын аңғару қиын емес. Будда ғибадатханасының кей элементтерін пайдалана отырып, қытай сәулет өнерінің үлгісінде мұсылман мешітін тұрғызу Хон Пик есімді шебердің жетекшілігімен жүргізілді.

Жалпы, мешіттің құрылысына байланысты аңызға бергісіз тарихы бар. 1887жылы мұсылман қауымның кезекті жиынында жаңа мешіт құрылысына қаражат жинау жөнінде шешім қабылданады. Ауқатты бай-көпестер негізгі шығынды өз мойындарына алып, жан-жақтан жүзге жуық тәжірибелі шебер құрылысшыларды жинайды. Осылайша, бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен бойына бірнеше елдің мәдениетін біріктірген мешіт құрылысы басталып кетеді.

Халық арасындағы аңызға сенсек, бұл шебер өз отанында қытай үлгісінде мешіт тұрғызуды армандаған екен. Алайда жергілікті билік оның бұл қалауына қатаң тыйым салған. Осыдан кейін ол өз арманын қазақ жерінде жүзеге асыруды ойлайды. Іздегені алдынан табылғанына қуанған сәулетші бұл мешітті тегін салып беруге келісімін береді. Тарихқа сүйенсек, Хон Пик өз еліне оралғанда қытай сәулет өнерінің құпиясын ашып, қазақ жерінде бірегей құрылыс нысанын тұрғызғаны үшін өлім жазасына кесілген екен. Жалпы талантты сәулетшінің өміріне қастандық жасағысы келетіндер көп болған. Оның Жаркент халқын паналап келуінің бірден-бір себебі осы еді.

Мешіт құрылысының өн бойынан шебер шығармашылығының айқын қолтаңбасын көруге болады. Қытайдың сәулет өнерінде ғимараттарды ағаштан тұрғызуға басымдық беретіні белгілі. Мұнда да негізгі материал болып ағаш таңдалды. Жақын өңірлерден әкелінген қарағай мен шырша бөренелерді ұзақ мерзіп кептіріп, түрлі ою-өрнектер салып, құрылыс материалдарын алдын ала дайындаған.

Бұл көне ғимараттың жалпақ жұртты таң қалдырған басты ерекшелігі - оның бірде-бір шеге қолданбай салынуында. Яғни сәулетші бөренелерді қиюластыру әдісін пайдаланған. Көзіңді бірден арбайтын қайқы шатырлардың қапталдарынан, сан түрлі бояуы үйлескен қабырғалардан ежелгі араб-парсы жазуларын көруге болады. Ал кіре берістегі алып қақпаның безендірілуі Орта Азияның сәулет өнерінен сыр шертеді. Жалпы, бір гектардан астам жер көлемін алып жатқан нысан құрылымына үлкен және кіші мешіт, медресе, бас қақпа мен қосымша шағын қақпалар, сәнді дуал қоршаулар кіреді.

Бір уақытта мыңға жуық мұсылманды қабылдай алатын бұл мешіттің қызметі ұзаққа созылмады. Оған сол тұстағы кеңес өкіметінің билігі тосқауыл болып, дінге барынша қысым жасап, ақыры жауып тынды. Біршама уақыт тасада қалған мешіт әр жылдары түрлі қызмет атқарды. Заманның небір қиыншылықтарына төтеп берді. Жаркентте болған апатты зілзала кезінде де түк болмағандай қасқайып тұрды. Ғасырларды артқа тастаған көркем сәулет өнерінің асыл мұрасы бүгінгі күнге бәз қалпында жетті. Қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін көне жәдігер тарихтан сыр шертетін мәдени мұражайға айналды. Мұнда өнер туындысын тамашалауға келген туристердің барлығы бірегей ғимарат құрылысына тәнті болып қайтады.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: