Кинотеатрлардың өгей көрермендері

28 Қараша 2018, 14:03 13027

Кинотеатрлардағы қазақ тіліндегі фильмдер мәселесі

Біздің бұл мақаламыз қазақ киносы жайлы емес. Голливуд туындыларының «Walt Disney», «Pixar», «Marwin»  сынды алып компаниялар туындыларының қазақ тіліндегі нұсқаларының хал-ахуалы жайлы болмақ.

Осы жерде аздаған тарихи шегініс жасауымызға тура келеді. Кеңес Одағы тұсындағы қазақ дубляжының деңгейі көпшіліктің есінде. Дыбыстаудың барынша шынайылығы соншалықты, кейіпкерлерді  дубляждың сыртындағы  өз дауысымен елестете алмайтын секілдіміз. Кеңес дәуірінде қазақ аудиториясына арналған фильмдердің өздері алдымен орыс тілінде түсірілетін. Кремль жақтағы арнайы комиссия отырысы мақұлдаған соң қазақша дыбысталатын болған. «Мәкіл Құланбаев, Фарида Шәріпова, Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Смаилов» деп титрмен жарысып отырып, дубляждаған адамдардың есімін жатқа айтатынбыз.

Хош, сонымен тақырыбызға қайта оралайық.  Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы N 207 Заңына бірқатар толықтырулар енгізілді. Осы заңның "Фильмдерді прокаттау тіліне қатысты 28-4 бабында былай деп жазылған:

1. Қазақстан Республикасының аумағында барлық фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады.

 2. Ұлттық фильмдерді прокаттау қазақ тілінде және қажеттігіне қарай басқа да тілдерде жүзеге асырылуға тиіс.

3. Шетел телеарналарынан ретрансляцияланған фильмдерді қоспағанда, прокаттау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн (жеткiзiлетiн) барлық фильмдерге 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақ тiлiнде дубляж жасалуға тиiс.

 Одан беріде не өзгерді? Бұл заң  күшіне енбей тұрып, 2011 жылы Қазақстан кинонарығына АҚШтың «Cars 2» атты мультфильмі кірген болатын. Біздің тілге «Көліктер 2» деп аударылды. Мультфильмнің әлем бойынша 39-шы дубляж тілі бізге тиесілі. Дәп сол жылы Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан. «Болашақ» Қауымдастығы, «Меломан» компаниясы және «Алтын Қыран» халықаралық қайырымдылық қоры бұны бізге осы мерекеге сый ретінде тарту еткен болатын.

"Walt Disney Pictures" және "Pixar" студияларының бұл туындысы балалар тұрмақ, ересектерге де қызық мультфильм. Атауы құлаққа майдай жақпағанымен аударма тілі сәтті болды деп айтуға болады. Барлық оқиға шұбалаңқы сөздерсіз, түсінікті тілде баяндалады. Найзағай МакКуиннің мақалдатып сөйлегенінің өзі неге тұрады?  Олай деуімнің себебі де бар, менің сол кездегі 3 жасар балама бұл мультфильм таптырмас азық болған. Кино өнері жайлы қазақ тіліндегі маңдай алды сайтымыз kinostan.kz сайтындағы ақпаратқа назар аударалық. Ол жерде  «көліктердің» біздің нарықтағы табысы 109 287 429 теңге деп көрсетілген. Әрине, біз бұл соммаға қарап отырып, қазақ тіліндегісі қанша табыс кіргізгенін, орысша нұсқасы қанша табыс кіргізгенін анықтай алмаймыз. Бірақ, бір дүние анық. Бұл біздің нарыққа, біздің тілімізге ыңғайланып жасалған алғашқы қадам болатын. Егер, кинотуындыны жарнамалау және халыққа ұсыну жолдары дұрыс қойылғанда жоғарыдағы көрсеткіш басқаша болар ма еді кім білсін? Орыс тіліндегі нұсқаға баратын аудиторияның  тең жартысы бұл туындының қазақ тіліндегі нұсқасы барын білмеуі де мүмкін.

Жақсы, бұл 2011 жылдың оқиғасы делік. 2012 жылдан бастап бәрі басқаша болуы керек дегенге саятын заңы бар елдің баласы ретінде келер жылды асыға күттік. 2012 жылы кинотеатрлардан ұзын-ырғасы қанша шетелдік фильм көрсеткенін кім білсін...

Білетініміз мынау – «Men in Black 3», яғни, «Қара киімділер 3» фильмі алғашқы екі бөлімін көріп, үшінші бөлімді күтіп жүрген киномандар үшін біздің елде де көрсетілді. Аударма жұмыстары «Болашақ» Қауымдастығының және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының тікелей ат салысуымен жасалды.  Фильмнің айтар ойы, диалогтардың сөлі жоғалып кетпеу үшін ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударылып, дубляждау жұмыстары Cinema Tone Production студиясында жасалды. Фильмнің біздің нарықтағы табысы 1 580 715 доллар.

2012 жылы кинотеатрлардан «Brave», яғни, «Батыл жүрек» мультфильмі де көрсетілген болатын.  Шатаспасам бұл туынды  прокатқа «Қара киімділерден» бұрын шықты-ау деймін. Не десек те бір жылда әлемдік нарықтағы үш туындыны аудару,  әлгі заңымызға деген аздаған құрмет іспеттес көрінеді. «Меломан» компаниясы мен «Алтын қыран» қоры және «Болашақ» Қауымдастығы бірлесе кіріскен бұл жобаның аудармасы да өте сәтті шықты. Сол уақыттарда интернет әлемінде, әлеуметтік желілерде «осы мультфильмнің қазақша нұсқасын қай сайттан көшіріп алуға болады?» деген сұрақтарды жиі көзім шалып қалатын.

«Жаңа өрмекші адам» (2012 жыл) туындысы да қазақ тіліндегі нұсқасын тамашалаған адамдардың көңілінен шыққан фильм  болды.  Аулада 2013 жыл. Ал, кинотеатрларда «Monsters University», яғни, «Құбыжықтар университеті». Бұл қазақ тілінде дыбысталған бесінші Голливуд туындысы болатын.  Дәп осы жылы басты рөлде атақты  Джони Депп ойнаған «Жалғыз Рейнджер» де көрерменге ұсынылды. Ал, енді назарларыңызға осы алты фильмге қатысты «Болашақ» Қауымдастығының сайтынан алынған инфографиканы ұсынамыз.

Біздің қолымызда 2012 жылы күшіне енген заң бар. Бірақ, қазақ тілінде дыбысталған фильмдер саны бар-жоғы 24, осы қыста ұсынылатын «Шаңқылдақ және төрт патшалықты» есепке алар болсақ 25 болады екен.

Біздің алдымызда кесе көлденең тұрған қандай мәселе? Ол кинотеатрлардағы қазақ тіліндегі нұсқалардың ыңғайсыз уақытқа қойылуы. Кинотеатрлар жекеменшік қолында. Заң бойынша қыспаққа алайын десеңіз «Міне, біз қазақшасын қойып жатырмыз. Келуші аз. Тіпті, мүлдем жоқ» деп қу шөппен ауыз сүртеді. Бұл расымен солай ма?

Мәселенің шарықтау шегі «Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің прокатқа шығуы кезінде  анық байқалды. Жұртшылықтың назарын журналист, блогер Бэлла Орынбетованың  фейсбук әлеуметтік желісіндегі мына бір жазбасы өзіне қарата білді. «Дауысымыз өз ортамыздан шығып, орыс аудиториясына да жетсін деген мақсатпен әдейі орысша жаздым» дейді Бэлланың өзі бұл жайлы. Сонымен блогер ханым былай дейді:

«ҚАЗАҚТАР ДА КИНОТЕАТРҒА БАРАДЫ!

КФ "Болашак"/CF "Bolashak" на сегодняшний день перевел 25 культовых голливудских фильмов на казахский язык. Перевод супер, дубляж замечательный. Буквально на днях состоялась мировая премьера анимационного фильма «Ralph Breaks the Internet» «Ральф интернетке қарсы». Премьеру мы ждали давно, ведь не каждый день любимые диснеевские герои говорят на родном казахском. Только вот в кинотеатрах, почему то не ставят фильмы на казахском языке. Я посмотрела расписание всех кинотеатров г. Астаны и не нашла ни одного сеанса на казахском сегодня вечером. Может владельцы и администраторы наших кинотеатров думают, что казахоязычные дети не ходят в кинотеатры или платежеспособность казахоязычной аудитории совсем низкая, что могут позволить себе сеанс разве что только до обеда?

- Kinopark 7 IMAX Keruen из 11 сеансов 2 на казахском

- Kinopark 6 Keruencity Astana из 12 сеансов 2 на казахском

- Арман (Азия Парк) 3D из 10 сеансов 2 на казахском

- Евразия Cinema7 из 14 сеансов 2 на казахском

- Арсенал 3D из 7 сеансов 2 на казахском

- Chaplin MEGA Silk Way из 16 сеансов 1 на казахском

- Chaplin Khan Shatyr из 12 сеансов 1 на казахском

- Kinopark 8 IMAX Saryarka из 12 сеансов 2 на казахском»

Бэлланың айтуынша Chaplin MEGA Silk Wayдегі 17 көрсетілімнің тек біреуі ғана қазақша екен. Оның өзінде билетті онлайн сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Блогер бұл мәселе бойынша аталмыш кинотеатрдың өкілдерімен де байланысқа шыққан. Олар «Бірінші күні онлайн сатып едік. Мультфильмнің қазақ тілінде екенін білмей, біраз адам билеттерін қайта өткізді. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында біз онлайн билет алу мүмкіндігін шектеп тастадық»  деген уәж айтқан. Бұндай жағдайда не істеу керек? Мәселенің шешімін табу үшін алты ай ойланып, жеті ай толғанудың қажеті жоқ. Сайтқа орыс тіліндегі көрсетілімді орысша атаумен, қазақ тіліндегі көрсетілімді қазақша атаумен жазса жеткілікті емес пе?

Бұл мәселе тек Бэлланы ғана толғандырып жүрмегені белгілі болды. Осы тақырыпта жазған екі жазбасының біреуін 25 адам өз парақшасында бөліссе, екіншісін 33 адам бөліскен екен. Барлығының айтатын зар-мұңы сайып келгенде фильмдердің қазақ тіліндегі нұсқасының өте ыңғайсыз уақыттарда қойылуы.

Марат Жалдекенов атты қолданушы «Негізі, бұл мәселенің басқа да жағы бар ғой. Аптасына 4-5 жаңа туынды прокатқа шығарылады. Соның нешеуінің қазақша дубляжы болады? Өте аз-ау. Болашақтың анда-санда жасаған дубляждары теңізге аққан тамшыдай. Қазақтілділер ойланбастан қазақша киноға бару үшін әр кино дубляждалған болуы керек. Шын мәнісіне келсек, табыс табушы ретінде кинотеатр әкімшілігіне киноның қай тілде көрсетілгені маңызды емес. Маңыздысы билеттің сатылуы. Егер қазақша дубляждау заңмен міндеттелсе xалық қазақшасын қарауға машықтанып алар еді. Көрсетілім тіліне таңдау жасар еді. Әйтпесе, қазіргі жағдайда қарапайым адам Болашақтың не істеп жатқанын қайдан білсін. Кассаға келгенде, по умолчанию, орысшасына билет ала салады» деген пікір айтады. Ал, ондай заңның бізде бар екенін жоғарыда атап өттік. Осы мақаланың жазылу себебінің өзі сол заңның орындалмауынан екендігін де ескерсеңіздер екен.

«Ральф интернетке қарсы» мультфильмінің аудару, дыбысталу жұмыстарына қатысқан режиссер Шах-Мұрат Ордабаев бұған қатысты былай дейді: «Мен өз басым әртістерді жинап, фильмді аударып дыбыстаймын. Енді бұны неге көрсетпейсіңдер дегенге кинотреатрлардың түкіргені бар. Бұған жұмсалатын қаражатты білуімше Демеушілер береді. Осы Ральфтың шығынын көтерген Базис-А компаниясы. Кинотеатрларға бәрібір. Олар қазақша көреміз деп келген көрерменнің бетін қайтарып, қазақшасы жоқ деп жіберіпті. Ол да рас.»

Людмила Бурлаченко атты қолданушының жазған пікіріне де назар аударуға тұрарлық. «Да, это проблема. Ставят сеанс в неудобное время, говорят, что не ходит публика. Фонд Болашак каждый день обзванивает все кинотеатры по всей республике и контролирует процесс, но не всегда помогает. Нужна информационная поддержка - многие не знают о том, что есть дублированные фильмы и что они такого хорошего качества. Мы на этот раз в пилотном режиме запустили квест для молодежи с двух ТРЦ - Керуен и Керуен-сити, в поддержку проката Ральфа на казахском языке. В общем, я думаю кинотеатры просто хотят зарабатывать и боятся, что не наберут достаточно зрителей. И поэтому ставят мало сеансов и не всегда в удобное время. Давайте подумаем о том, как информационно поддержать прокат фильмов, чтобы больше людей узнало. Думаю, это ключевой момент. Мы стараемся привлечь молодежь, но надо подумать, как еще это можно сделать. Есть же соц. сети! В начале декабря будет еще одна премьера - Щелкунчик! Есть две недели, чтобы подготовиться. А Фонд отработает с кинотеатрами и постарается решить все вопросы. Нужно тут усилия объединить!» дейді Людмила ханым.

«Толқыннан толқын туады, Толқынды толқын қуады» деп Мағжан ақын жырлағандай бір ойдың түрткі болуына екінші бір ой себепкер болады емес пе? «Өткенде Алматыда "Мұзбалақ" мультфильміне балаларды алып барсақ, қазақша қойылымы жоқ, тек орыс тілінде болып жатыр. Ал енді "Күлтегін" қойылымына алып барайын десек, тек таңғы бір ғана қойылым қазақша, қалғаны тағы орыс тілінде. Қарап отырсаң қазақ тілді қоғамның сұранысын ескермей, дискриминация жасау ғой мынау» деп өзінің запыранын ақтарып кеткен екен Жеңісбек Төлен атты қолданушы.

Бұл Алматы, Астана секілді үлкен қалалардағы жағдайлар. Кішігірім қалалардың ішінде аудиториямен санасатындары да жоқ емес. Мәселен, Омар Анарбаев атты қолданушы «Тараздағы кинотеатрға риза болдым. Күндіз шаруаларды бітіріп, кешке апардым. Зал толы болды. Шағын зал, бірақ сонда да» деп өз ризашылығын білдіріп отыр.

Журналист Кәмшат Тасболат «Баяғыда "Көліктер" мультигінің көрсетілімінде де көптеген қолайсыздықтар болған. Шын мəнінде, бұл конституциялық құқымызды бұзу! Мəселен, Украинада кинотеатрлардың бəрі мемлекеттік тілге көшкенде, əрине, шулағандар болды, бірақ конституциялық заң талаптарына бəрі көнді. Ал бізде қазақ халқының саны артып, қазақша теле-киноөнімдерге сұраныс артса да, кинотеатрлардағы жағдай "резервация тілінің" күйіндей. Түбі жақсы болмасы анық. Қазірден бастап ресми тілден мемлекеттік тілдің құқықтық статусының биік екенін аңғартқан жөн! Билік өкілдеріне үлкен сын! Кейде ойлаймын, бізге кезіндегі қазақ тілінің мəртебесі үшін күрескен, конституциялық құқым бұзылды деп талай сотқа беріп, жеңген М.Оразай, К.Қаптағаев сияқты ағалар жетпей ме деп... Бір ағамыз техника сататын дүкеннен теледидар сатып алып, нұсқаулығы орысша екен, мен түсінбедім деп сотқа беріп, өз тұтынушы құқын қорғап, біраз ақша да өндіріп алды» деп, бұл мәселе жайлы өз көзқарасын білдірді.

Қазір, біздің дубляж саламыз әбден төселді десек қателеспеспіз. Бастапқыда кейіпкерлердің диалогтары ғана аударылып жүрсе, қазір фильмдегі  әндерге дейін аударылады. Астанада және Алматыда дубляж жасайтын екі кәсіби  студия бар. Дыбыстау барысында бармақ басты көз қыстылыққа жол жоқ. Кез-келген адам дыбыстай алмайды. Дыбыстаушыларды өнім иесі анықтап, таңдап алатын дәрежеге дейін жеттік. Осының барлығы кім үшін? Әрине, қазақ тілді аудитория үшін. Желтоқсан айында «Шаңқылдақ және төрт патшалық» («Щелкунчик и четыре королевства») прокатқа шығады. Бұл жолы кинотеатрлардың қазақ тілді аудиторияны ескеру, ескермеуі әрқайсымыздың қолымызда.

Ал El.kz редакциясы Kinopark 7 IMAX Keruen және Chaplin MEGA Silk Way кинотеатрлар желісінің әкімшілігіне 23 қараша күні ресми сауалымызды жолдаған едік. Жауап бүгінгі күнге дейін келген жоқ. Сонда кинотеатрлар қазақ тілді аудиторияны мүлдем елемей ме деген сұрақ туындайды. Бұл жағдй қашанға дейін жалғасады? 

Сурет ашық интернет көзінен алынды

Бөлісу: