Кино - идеология. Ғылыми негізде жетілдірмесек, ол классикаға айналмайды – Азамат Сатыбалды

17 Маусым 2023, 16:00 1488

Қоғамдық институт мүшесі, актер Азамат Сатыбалды Ұлттық құрылтайда киноиндустриясын жандандыру мен ауылдық жерлердегі мәдениет ошақтарын заман талабына сай жаңғыртуды көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Елімізге танымал актер соңғы жылдары ауылдарға сапарын жиілеткен. Сонда куә болғаны мәдениет ошақтарының есігі тарс жабық, халық қара құлыпты ғана көреді.

Ауылдардағы мәдениет үйлері түгелімен жабық. Қағаз жүзінде ғана керемет жобалар жасылынып жатыр, ал шын мәнінде мәдениет үйі сол ауыл әкімінің жиналыс өткізетін залы ғана, – дейді ол.

Азамат Сатыбалдының айтуынша, мәдениет үйі концерт-зал ғана емес, арнайы үйірмелері жұмыс істейтін, қуыршақ театры мен кішкентай кино залдары бар, кәдімгі есігі ашылып жабылмайтын орталық болу керек.

Яғни, ол жаһандық мәдениетке жету үшін  ауыл мәдениеті, аудан мәдениеті, қала мәдениеті деген қасаң түсініктен арылу қажет деп есептейді.

Қазақстанда театрға деген көзқарас бұрынғыдай емес. Алматы қаласындағы Әуезов театрына көрермен өте көп келеді, билет жетпей қалады. Екі залы бар, көрермен барғысы келеді. Түркістан қаласында былтыр басталған музыкалық драма театры бар, бұған адамдар Қ.А.Яссауи спектаклін көруге ғана емес, қаладағы басқа да спектакльдерді көргісі келеді. Бұл үлкен жетістік, қуантарлық жағдай.  Алайда 19 миллионнан астам тұрғыны бар біздің елде 68-ақ мемлекеттік театр бар. Мысалы, бес жүз мыңнан астам тұрғын тұратын Тараз қаласында бір-ақ театр жұмыс істейді. Орысшасы да, қазақшасы да соның құрамында. Мұндайда көрерменде қандай таңдау болсын? - дейді құрылтай мүшесі. 

Азамат Сатыбалды ұлттық идеологияны дамыту үшін балаларға дұрыс тәрбие беретін қуыршақ театрын көбейту керек деген ұсыныс пікірін білдірді.
Сондай-ақ, ол елімізде кинолардың 90 пайызы қазақ тілінде түсіріліп жатқанын, бұдан ана тіліне сұраныс білдіретін аудиторияның еселеніп артып отырғанын көруге болады дейді.

Оның дәлелі - Аватар кинофильмінің қазақша аудармасы кинотеатрларда рекорд жасады. Бұл өте қуанышты жаңалық. Бірақ жасыратыны жоқ, еліміздегі кинотеатрлар бір ғана бағытта киноларға сұраныс береді, онда да ол комедия жанры. Қазақфильм мен ұлттық кино қолдау қоры жылына 60 кино түсіреді, ол үшін қазынадан бөлінетін бюджет те көлемді. Бірақ біз соның бірін де көрерменге жеткізе алмаймыз. Егер киноға ақша бөлетін болсақ, менің ұсынысым - альтернативті түрде коммерциялық бағыттағы кинолар түсіре берсін, ал біз мемлекеттік бағыттағы театрлар саны мен сапасын арттыруымыз керек. Әрбір ауданда мәдениет үйі ішінен кинотеатр ашсақ, қазақ киноларына деген сұраныс бұрынғысынан да арта түсер еді- дейді Азамат Сатыбалды.

Актер киноны ұрпақ тәрбиелеудегі басты идеологиялық құрал деп біледі. Қазақ киносын классикаға айналдыру үшін оған ғылыми негізде сипаттама беру қажет дейді ол.

Эльмира Жапарбекқызы
Бөлісу: