Қазақстан киносы соңғы жылдары тек мәдени құбылыс емес, экономикалық күшке айнала бастады. Бір кездері арман болған миллиардтық табыс бүгінде шынайылыққа айналды: «Молда», «Патруль. Соңғы бұйрық», «Рэкетир. Жаңа заман» сияқты фильмдер бір жылдың ішінде рекорд жаңартты. Алайда киноэкрандағы осы табыстың артында жүйелі есеп, күрделі өндіріс және бәсекеге төтеп беруге тырысқан тұтас индустрия тұр. Сарапшылардың айтуынша, ел кинонарығының айналымы 43 миллиард теңгеге жетсе де, саланың даму қарқынын баяулатып тұрған инфрақұрылымның әлсіздігі, кадр тапшылығы мен инвестицияның аздығы әлі де өзекті. Ал Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахманның пікірінше, кино – бұл елдің мәдени бренді ғана емес, экономикалық өсімнің де нақты драйвері.
Экранға шыққан әр фильмнің артында тек шабыт пен шығармашылық емес, нақты есеп пен тер төгілген еңбек жатыр. Кино сыншылары соңғы жылдары фильмдердің көбеюін жай ғана санның өсуі емес, сапаның жетілуі мен индустрия ішіндегі бәсекенің күшеюінің айғағы деп бағалайды. Расында да, көрерменнің көңілінен шыққан бір ғана туынды бүкіл продюсерлік топты бір күнде танымал етіп қана қоймай, миллиондаған табысқа жеткізе алады.
Сол себепті бүгінде көпшілік көкейінде бір сұрақ бар: қазақ киносы шынымен бизнеске айналды ма, әлде әлі де өнердің еншісінде ме? Осы сауалдың жауабын табу үшін соңғы жылдары рекорд орнатқан жобаларға көз жүгіртіп көрейік.
Соңғы жылдары отандық киноның қарқыны ерекше. Бұрын бір фильмнің миллиард теңге табуы арман болса, қазір мұндай межені еңсергендер аз емес. Бұл үдерістің бастауы – Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» фильмі. Комедия әзілді нарық заңымен шебер ұштастырып, қазақ киносының коммерциялық бағытын түбегейлі өзгертті.
Одан бері де табысты фильмдер легі тоқтаған жоқ. Көрермен көңілінен шыққан «Таптым-ау сені» (Дариға Бадықова), «Үндістандағы қазақша бизнес» (Нұрлан Қоянбаев), «Дәстүр» (Қуаныш Бейсек), «Маған назар аудар» (Абдусаид Шайхислам) және «Міржақып. Оян, қазақ!» (Мұрат Есжан) фильмдері де миллиардтық табысқа жетіп, продюсерлердің есімін нарықтық табыстың символына айналдырды.
Бұл тізімге жаңа есімдер де қосылды: «Рэкетир. Жаңа заман», «Молда», «Патруль. Соңғы бұйрық», «Қолыңнан келсе, алып қаш», «Заманback» және мемлекеттік қолдаумен түсірілген «Qaitadan» фильмі.
Сарапшылардың айтуынша, қазір Қазақстан киноиндустриясының жылдық айналымы 17 миллиард теңгеге жуық. Бұл көрсеткіш – киноның ел экономикасындағы орны тек мәдени деңгейде емес, нақты қаржылық сала ретінде де нығая бастағанын аңғартады.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахман кино индустриясының экономикаға қосатын үлесі туралы талдап берді.
Кино – тек қана елдің мәдени мұрасын жасайтын өнер емес, сонымен қатар инвестицияларды тартуға қабілетті, кез-келген саланың дамуына стимул беруші маңызды экономикалық актив. Жалпы қазақ киноиндустриясы посткеңестік кезеңде жаңа идеялар, формалар пайда болған тұста белсенді түрде дами бастады. Ал соңғы жылдары мемлекет киноөндіріске мәдени идентификация және экономикалық өсім құралы ретінде назар аударуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың негізгі шараларының қатарына киножобаларды қаржыландыру, киноөндірушілерге салықтық жеңілдіктер және кадрлар біліктілігін арттыру бойынша шаралар, инвестициялық субсидиялар жатады. Әрине, кино өндірісі тек қана жаңа жұмыс орындарын жасаудан бөлек, туризмге де оң әсерін көрсете алады. Ал оның экспорты мемлекеттік табысты арттыруға және өзара мәдени алмасуға да түрткі болады, - дейді сарапшы Жанерке Рахман.
Бұл пікір - қазіргі кино индустриясының тек мәдени сала емес, экономикалық актив ретіндегі маңызын айқын көрсетеді. Расында, кино өндірісі креативті экономиканың өзегіне айналып отыр.
Оның айтуынша, кино креативті экономиканың құрамдасы және біршама мемлекеттің ЖІӨ-сіне айтарлықтай ықпал көрсетеді. Мәселен, Ұлыбританияда, шығармашылық индустриясы 2,1 млн адамды жұмыс орнымен қамтиды. Ал жалпы ішкі өнімге шамамен £116 млрд көлемде үлес қосқан. Егер басқа да шығындарын қоса есептесек, жалпы экономикаға үлесі £178 миллиарды құрайды (GVA). Ал Оңтүстік Корея креативті экономикасы фильм, видеойын, драма және музыкада көшбасшылық танытып, қазіргі таңда шамамен 680 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал сатылымнан ел шамамен 115 млрд доллар, экспорттан 10,3 млрд доллар пайда табады.
АҚШ-та 2021 жылы креативті экономика деңгейі ЖІӨ-нің 4,4 пайызын құраған, бұл шамамен 1 трлн доллар. Ал мәдениет пен өнер секторындағы жұмысбастылық 4,9 млн қызметкерді қамтыған, бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі көрсеткіштен аз (5,2 млн). Стримингтік қызметтер және веб-публикациялар инфляцияны қоса есептегеннің өзінде 171,3 млрд доллар табыс әкеліп, АҚШ мәдениеті мен өнерінің ең ірі саласына айналады. Ал тек кино өндірісінің пайдасы 2021 жылы 68,9 млрд долларды құраған, - дейді сарапшы.
Әлем бойынша шығармашылық тауарлар экспорты 2020 жылы 524 млн долларды құраса, шығармашылық қызметтер экспорты 1,1 трлн долларды құраған.
Қазақстан да бұл саланы дамытуға тырысып жатыр. 2021-2025 жылдар аралығында креативті индустрияларды дамыту Концепциясы бойынша келесідей мақсаттар қойылған:
Жанерке Рахманның айтуынша, мемлекет тарапынан креативті салаларға қолдау көрсету – әлемдік тәжірибеде кең таралған практика. Әсіресе Ұлыбритания бұл бағытта жүйелі саясат жүргізіп отыр.
Әдетте үкімет қаржылай көмекті қорлар арқылы жүзеге асырады. Бұл шаралардың басым көпшілігіне желеу болған – пандемия кезінде біраз сала табысының күрт азаюы. Сонымен, Британия мәдениет және өнер саласын жақсартуға арналған қорлар мен бағдарламалар келесідей:
Аталған бағдарламалар креативті индустрия мен өнер саласын нығайтуға арналған стратегиялық келісті көрсетеді. Оның үстіне, аталған шаралар тек ірі қалаларда емес, жалпы креативті бизнестің бір аймақта ғана шоғырланбай, географиялық таралуына да сеп болуда. Гранттар мен несиелер елдің түрлі аймақтарында мәдениет секторы бойынша «деңгейлерді теңестіруге» талпынады.
Ал тек кино өндірісі бойынша қарастырсақ, Британияда арнайы салықтық несие басты мемлекеттік қолдау болып табылады. Ал кино өндірісі осы несие арқасында жыл сайын £100 млн табыс табады. 2022 жылы кино және телеөнімдерді жасауға кеткен шығын көлемі рекордтық 6,27 млрд долларды құраған. Жалпы Британия киноиндустриясы экономикаға аса үлкен үлес қосады: жылына ЖІӨ 4,5 млрд фунт стерлинг, ал қазынаға 1,2 млрд фунт стерлинг көлемде табыс әкеледі. Айтылғаннан бөлек, Британия кино индустриясына шетелдік инвестиция көп жасалады, әсіресе Америкадан, - деп толықтырды Жанерке Рахман.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Жанерке Рахман еліміздегі кинематография саласына қатысты жаңа деректермен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда кино өндірісінің басты қозғаушы күші – жеке сектор.
Қазақстанда, 2024 жылғы статистикалық деректер бойынша, 121 кинематографиялық ұйымдардың басым көпшілігі, атап айтқанда 100-і жеке меншікке жатады, демек кино көрсетілімде жеке сектор үлесі басымырақ. Ал мемлекеттік меншікке 19 ұйым (2023–25 д.) кіреді. Жеке ұйымдардың 29-ын жеке кәсіпкерлердің құрауы – салаға кіші бизнестің де қатысымы бар екендігінің дәлелі. Ал шетелдік меншіктің саны 4 ұйыммен шектелген, – деді Жанерке Рахман.
Сарапшының айтуынша, Алматы қаласы кинематографиялық ұйымдар саны бойынша көш бастап тұр. Қалада барлығы 20 ұйым тіркелген, оның біреуі – мемлекеттік, ал 2023 жылғы мәліметке сәйкес екеуі шетелдік меншікте болған.
Астана қаласында небәрі 10 ұйым жұмыс істейді, олардың ешқайсысы мемлекеттік те, шетелдік те емес.
Мемлекеттік меншіктегі кинематографиялық ұйымдардың ең жоғары көрсеткіші Жамбыл облысында және жалпы саны 9-ды құрайды. Батыс Қазақстан облысында да 11 ұйымның 5-еуі – мемлекеттік меншік. Бұл аталған аймақтарда мемлекет қолдауы басым, ал жеке сектор белсенді еместігін көрсетеді, – дейді сарапшы.
Жанерке Рахманның дерегінше, кинокөрсетілімдерден түскен табыс 2023 жылы 26,9 млрд теңгені, ал 2024 жылы 43,9 млрд теңгені құраған. Оның шамамен 24,2 млрд теңгесі шетелдік туындылардың, ал 17,5 млрд теңгесі отандық фильмдердің үлесінде.
Толық метражды фильмдер бойынша ең жоғары табыс Алматы қаласында (15,8 млрд теңге) тіркелген. Бұл Алматының елдегі кино өндірісінің басты орталығы екенін көрсетеді. Сонымен қатар, бірлескен және шетелдік өндіріс жобалары да айтарлықтай нәтиже көрсетіп, 974 млн теңге табыс әкелген.
Бұл нәтижелерді мемлекеттік сектормен салыстырар болсақ, мемлекеттік сектор табысы 150 млн теңгені құраған. Бұл өз кезегінде, Қазақстанда кино саласы іскерлігі негізінен жеке сектор тарапынан жүргізілетінінің дәлелі саналады, – деп түйіндеді сарапшы.
Жанерке Рахман Қазақстандағы кино индустриясының әлеуетін жоғары бағалай отырып, салада әлі де шешімін таппаған проблемалар бар екенін айтты.
Дегенмен, кино саласында қазір келесідей проблемалар бар.
Дегенмен аталмыш қиындықтарға қарамастан, Қазақстанда кино өндірісінің ірі индустрияға айналу әлеуеті жоғары.
Қазақстанда киноөндірісінің ірі индустрияға айналу потенциалы жоғары. Сонымен қатар, жалпы Орта Азия бойынша да жақсы көрсеткіштер болғандықтан, аймаққа ықпал ету ықтималдығы да бар. Оның үстіне, мемлекет тарапынан қолдау шаралары да көрсетілуде. Дегенмен, авторлық құқық, инфрақұрылым және жеке сектор арасындағы бәсекенін орташа болуы дамуды сәл тежеп тұрғандай, - деп түйіндеді сөзін Жанерке Рахман.