12.09.2025
12:21
3898
Кинам: алтыннан да қымбат ағаш

Кинам: алтыннан да қымбат ағаш

Ағаштың бір бөлігі асыл тастардан да қымбат тұруы мүмкін бе? Иә. Әлемде дәл сондай ерекше бір ағаш бар, оның кішкентай бөлшегі үшін коллекционерлер мен парфюмерлік үйлер алтын құймасынан да артық төлеуге дайын, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл ағашты кинам немесе кьяра деп атайды. Оның бір грамының бағасы 10 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Ендеше ол қайда өседі, неге соншалықты қымбат және бұл табиғи қазына үшін кімдер қомақты қаражат төлейді – соған тоқталайық.

Аңызға айналған ағаш

Кинам – уд ағашының ең жоғарғы сұрпы. Ол агар ағашы деп те аталады. Ал Азияда оны «құдайлар ағашы» дейді. Бұл ағаш Индонезияда, Вьетнамда, Мьянмада, Камбоджада және Қытайдың оңтүстік провинцияларында өседі.

Өзі қымбат саналатын уд ағашының ішінде кинам ерекше мәртебеге ие. Бұл – жер бетіндегі ең қымбат ағаш. Оның құндылығы – ерекше жағдайда ғана пайда болатын қасиетінде.

Фото: dzen.ru 

Кинамды табу неге қиын?

Әр уд ағашы кинамға айналмайды. Оның жүрегі белгілі бір зең саңырауқұлағымен зақымдалғанда ғана оның құны артады.

Кәдімгі жағдайда уд ағашының шыбықтары ашық түсті әрі иіссіз болады. Ал егер оған P. parasitica атты зең түссе, ағаш өзін қорғау үшін қою шайыр бөледі. Сол шайыр діңді сіңіріп, ағашты қатты әрі ерекше иісті етеді.

Бұл үдеріс ондаған жылға созылуы мүмкін. Жасы қаншалықты үлкен болса, иісі соншалықты бай, бағасы да қымбат болады. Кинамның құны қымбат болуы да сондықтан: оны табу өте қиын, ал қай ағаш «қасиетті шайыр» иесі болатынын алдын ала білу мүмкін емес.

Парфюмерлердің арманы, діннің қазынасы

Кинам иісін басқа ешнәрсемен шатастыру мүмкін емес. Оның хош иісінде гүлдің, жемістің, шайырдың, мускустың, ванильдің, тіпті амбрдың ноталары бар. Бұл – табиғаттың өзі жасаған табиғи парфюмерлік концентрат, әрі оны әлі күнге дейін жасанды жолмен қайталау мүмкін емес.

Сол себепті ең ірі парфюмерлік брендтер мен нишалық хош иіс шығарушылар кинамға аңсары ауады.

Фото: dzen.ru 

Буддистік және индуистік ғибадатханаларда ол ғасырлар бойы қасиетті хош иіс ретінде қолданылып, түтіні құдайға жақындататын рухани құрал саналған.

Қызықты дерек: шайырға толы ағаш жаңқасын тұтатса, кинамның толық хош иісі ашылады.

Кинамға аңшылық

Өткен ғасырда уд ағашының алтыннан да қымбат екенін білген соң, Оңтүстік-Шығыс Азияда нағыз «ағашқа аңшылық» басталды. Сирек кездесетін сол бір дара үлгіні табу үшін мыңдаған ағаш кесіле бастады.

Осылайша кинамның қара нарығы пайда болды. Ол әлі күнге дейін бар. Фермерлер удты плантацияда өсіріп, әдейі зеңмен зақымдайтын әдісті меңгергенімен, мұндай ағаш әлдеқайда арзан бағаланады. Себебі ол бірнеше жылдың ішінде өсіп шығады. Ал «жабайы» кинам ғасырлар бойы қалыптасып, тек соның иісі ерекше нәзік әрі баға жетпес болады.

Бағасы қанша тұрады?

Бағасы таңғалдырады. Бар-жоғы 10 грамы – шамамен 100 мың доллар. Шанхайда бір кездері екі келі ағаш 18 миллион долларға сатылған. Яғни бір килограмының құны 9 миллионнан асқан.

Белгілі жағдайлардың бірінде 600 жылдық кинамның 16 килограмы үшін 20 миллион доллар төленген. Ал Камбоджадағы Wat Bang Kradan ғибадатханасында әлі күнге дейін сирек үлгі сақталған. Оны монахтар ғана емес, әскер де күзетеді. Жапон кәсіпкерлері ағашқа 23 миллион доллар ұсынғанымен, ғибадатхана басшысы келіспеген.

Фото: dzen.ru 

Неге ол алтыннан қымбат?

Алтынды қайта-қайта қазып алуға болады. Ал кинам – табиғат пен уақыттың бірегей туындысы. Оны бір-екі жылда «өсіріп» шығу мүмкін емес. Кейде оның қалыптасуына бірнеше ғасыр кетеді.

Сондықтан кинам – сән-салтанаттың, қасиеттілік пен құндылықтың символы. Ол табиғатты, руханиятты және адам ашкөздігін тоғыстырған ғажайып. Дәл осы қасиеттері оны жер бетіндегі ең қымбат ағашқа айналдырады.