Қымыз қиыр аспақшы

24 Ақпан 2017, 10:20 14669

Ұлттық сусын қазақ бренді ретінде шетелге экспортталуы мүмкін

Атам қазақ «ақтың төресі» атаған бие сүтінің бағы ашылмақ. Олай дейтініміз, бір жыл жарым бұрын ғана Қазақ жерінде құрылған әлемдегі ең үлкен құрғақ саумал шығаратын «Eurasia Invest Ltd» ЖШС өз жұмысын қарқынды жүргізіп отыр. Өткен жылы 10 тонна құрғақ сүт өндірген қазақстандық ферма биылғы жылы өнім мөлшерін 25 тоннаға жеткізіп қана қоймай, ұлттық сусынды қазақ бренді ретінде шетелге экспорттауды көздеп отыр. Бұдан бөлек, саумалдың адам денсаулығы үшін пайдасын ғылыми түрде зерттеуді қатар қолға алған компания алдағы уақытта қымыз бен жылқы еті сияқты ұлттық тағамдарды да әлемге таныту үшін күш салмақ. Ендеше, қазақтың қымызы немістің сырасы мен француздардың шарабының қасында бір сөреде тұруы үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? Қазақтың қазысы қайткенде ұлттық бренд болып баршаға танылмақ? «Eurasia Invest Ltd» ЖСШ директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбековпен осы тақырып төңірегінде әңгімелескен едік.

Қазақстандық кәсіпкер бұл бизнеске тек пайда үшін келмепті. Германияда оқып жүрген жасты Цольманның артынан екі жыл жүгірткен ұлттық намыс  екенін ә дегеннен байқадық. 

– Есіңізде болса, бірнеше жыл бұрын қандастарымыз қымызды немістер патенттеп алыпты деп шуласты. 5-сыныптан бастап Германияның мектебінде білім алған мен үшін шуға себеп болған немістің ең ірі құрғақ саумал өндірушісі Ганс Цольман мырзаны іздеп табу қиынға соқпады. Технолог бие сүтін құрғатып, одан ұнтақ алу үдерісін жүзеге асырып, тек осы тәсілді ғана өз атына патенттеген екен. Әрине ол да бұл бизнеске жайдан жай келмеген. Өнеркәсіптің негізін қалаушы Ганс Цольманның қайын атасы Рудольф Шторх болып шықты. Ол қазақ даласына әскери тұтқын болып түскен уақытында туберкулезге шалдығып, ауыр жұқпалы науқас ретінде лагерьден шығарылады. Су ішері бар неміс солдатын қазақтың шопаны саумалмен емдеп жазады. Аяққа тұрған жас жігіт Отанына оралған соң өзін өлім аузынан алып қалған өнімді қолданысқа енгізбек болып, қалған өмірін осы шаруашылыққа арнайды. Міне, осылайша, 1959 жылы негізі қаланған бұл бизнесті бүгінгі таңда Шторхтың күйеу баласы Ганс Цольман жалғастырып, 200 бас биені қолда бағып отыр. Олар бие сүтінен құрғақ саумал мен қымыз алып, косметикалық бұйымдар өндіріп отыр. Ал қазір осындай фермалардың саны Германияда 30-дан асқан. Бірақ, олардың әрқайсысында 10-20 бас биеден ғана бар. Германиядағы ең ірі құрғақ қымыз өндірушісі бие сүтіне сублимация технологиясын қолданды. Өнімнің барлық қасиетін сақтайтын бұл күрделі үдеріс 1970 жылдары ғана жарыққа шықққан болатын. Шынын айту керек, бие сүтін сублимациялаудың сырын білу үшін Алмания азаматының артынан екі жыл жүрдім. Құпияға құныққан мені жасыта алмайтынын білген болар, Цольман мырза тек технология тетігін үйретіп қана қоймай, бүгінгі күнге дейін кәсіпорынымыздың кеңесшісі болып келеді, – дейді Ғалымжан Қадырғалиұлы.

Қарағанды облысының Осакаров ауданындағы Жансары ауылы маңындағы Жуантөбе қыстағынан 24 мың гектар жер аумағын алып жұмыс бастаған қазақ кәсіпкерінің бұл жобасына «ҚазАгроҚаржы» ли­зингтік компаниясы қаржылай көмек көрсетіпті. Яғни, бірегей жобаға «Қаз­АгроҚаржы» 2 мил­лиард теңге көлемінде несие берген көрінеді. Немістің озық құрал-жабдығымен жасақталған кәсіпорын қазір 150-ден аса адамды жұмыс қамтып отыр. Астана мен Алматы қалаларында арнайы сату дүкендері бар.

Жаңа сауылған саумал жарты сағаттан кейін өзінің пайдалы қасиетінен айырыла бастайды екен. Саумалды сублимациялаудың себебіне тоқталған фермер былай деді:

– Саумалдың биологиялық құндылығы мен емдік қасиетін ұзақ сақтау үшін суынан айырып, құрғату керекпіз. Әдетте жаңа сауылған сауын 37 градус жылулықта болады және оның қасиеті жарты сағатқа дейін ғана сақталады. Сол үшін сүт арнайы құрылғымен сауылып, тікелей мұздатқыш танкерлерге құйы­лады. Яғни, өнім­нің экологиялық таза және қауіп­сіз болуын қамтамасыз ету үшін сүт ауамен ешқан­дай әрекетке түспейді. Тан­керлерге құйылған сүт пастерлендірілуге, содан кейін барып сублимациялауға жіберіледі. Ұнтақтың дайын болуына бар-жоғы 25 минут уақыт кетеді.  Осы үдеріс арқылы 1 литр сүттен 100 грамм ұнтақ аламыз. Олар вакуумды қаптамалармен қапталып, арнайы банкаларға салынады. Яғни, бір банка құрғақ сүт 5 литр саумалға парапар. Оны тұтынушы бір ай іше алады. Бұдан бөлек біз сапаны бақылау мақсатында сауыннан күніне бес рет анализ аламыз.

Қазір 1500 бас бие сауатын бұл шаруашылық алдағы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен бие сүтін қабылдайтын пункттер ашып, өздері тек өнім дайындаумен айналыспақшы. Өйткені, бір биеден сауылатын сүттің мөлшері сиырдікіне қарағанда 10 есе аз. Қомақты қажеттіліктен туған бұл  жоспардың да жүзеге асырылуы ұзаққа созылмайтын көрінеді. Ғалымжан Қадырғалиұлының айтуынша, биыл Қарағандыдағы Жаңарқа ауданы Жеңіс ауылының өзінде 3000 бас бие сауылмақ. Демек бие сүтін сататын жергілікті жұртшылық та тұрақты табыс көзін табады деген сөз. Ұлттық сусынымыз қымыздың базардағы бағасының жоғары бағаланбайтынына қынжылатын кәсіпкер алдағы кезде тек сүттің өзін 800 теңгеден қабылдайтынын айтты.   

Қомақты қажеттілік деп жайдан-жай айтпадық. Өйткені кәсіпорын 90 пайыз өнімін шетелдерге экспорттауды биыл қолға алмақшы. Атап айтқанда, ұлттық сусын Еуропа елдерінің, Қытай, Корея, Жапония және Американың базарларына шықпақ. Бұл елдермен құжат жұмыстарының сәтті жүріп жатқанын жеткізген фермердің көздегені қымыздың отаны – Қазақстан екенін жалпақ әлемге жария ету екеніне тағы да көз жеткіздік.

Ганс Цольман Қазақстан журналистеріне берген бір сұхбатында: «Еуропалықтар қымыз бен саумалды сусын деп емес, дәрілік, емдік мақсатта пайдаланады. Бірақ оның адам ағзасына пайдасы Еуропа түгілі, Германияда ғылыми түрде дәлелденбеген» деген еді. Әрине, ақтың төресін төбесіне көтеріп, оның пайдасын егжей-тегжейлі зерттейтін бір ел болса, ол – Қазақстан болуға тиіс. Әйгiлi емшi Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлiк баян» кiтабында саумалдың шипалық қасиетi қырыққа жуық кеселдiң алдын алатындығын жазады. Әсiресе, саумал туберкулез, асқазан, өт, бауыр дертінің, тоқiшек қабынуының, жүйке және иммундық жүйелерінің түрлі ауруына таптырмас ем көрінеді.  Шипагер ғалым бұл кітабында бие сүті жүрек және қан тамырлар ауруларына тосқауыл болатын «қанның сүзгiсi» деп те баяндаған екен.

Әлемге қымыз бен саумалдың пайдасын ғылыми тұрғыда зерттеп жариялауды көкейіне берік тұтқан қазақстандық фермер аз ғана уақыттың ішінде ұлттық сусынның кейбір ауыр науқастарға ем екеніне ғылыми түрде көз жеткізіпті:

– Сізге өз көзіммен көрген бір оқиғаны баян етейін. Екі жыл бұрын Қорғалжын ауылында бір әйел бауыр циррозымен ауырды. Ол кісіге трасплантация жасау керек болып донорын күтіп жүрген кезде дәрігер осы уақытты пайдаланып саумал іше тұруға кеңес береді. Науқас екі бие сатып алып, саумал ішеді. Бір жарым жылдан кейін донор табылып, бауырын ауыстыру үшін алдын ала жасалған қан талдауы дәрігерлерді таң қалдырды. Яғни, ол кісіге операция жасаудың еш қажеттілігі қалмаған. 30 пайызы ғана жұмыс істеуге қауқары бар ас қорыту безі 70 пайызға дейін сауыққан. Бұл – осы дерт үшін жоғары оң көрсеткіш. Ал, біз қазірге дейін дәрігерлердің көмегімен екі рет клиникалық сынақ жасадық. Оның алғашқысы Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталығында өтті. Түрлі ауыр деңгейдегі бауыр дертіне тап болған 60 науқастың 30-ы тек клиникалық ем қабылдаса, қалған 30-ы клиникалық емге қоса, саумал ішті. Екі ай ішінде саумал ішкен науқастың ауру жағдайы тек клиникалық ем қабылдаған науқастарға қарағанда 40 пайызға дейін жақсарған. Екінші сынағымыз қазір Қарағандыдағы Онкология орталығында жалғасып жатыр. Обыр дертіне шалдыққан науқастардың саумалды ішкеніне төрт айдан асты. Жақында зерттеуіміз аяқталады. Соған қарамастан, дәрігерлер саумалдың емделушілердің қандарын тез қалпына келтіріп, ағзаларына оң әсерін беріп жатқанын қуана айтып жүр. Тек саумал емес, қымыз бен жылқы етінің де керемет қасиеттерін зерттеп дәлелдеу арқылы әлемге танытамыз деп мақсат қойып отырмыз. Ол зерттеуге уақыт пен қаражат керек,– деді Ғ.Мейрамбеков.

Бұдан бөлек, оңай қорытылатын ақуыздан құрам тапқан альбуминді сүттің бұл түрінен балалар тағамы да жасалмақ екен. Яғни саумалға түрлі витаминдер қосылған балалар тағамы биылғы жылы барлыққа келмек.  Сөз арасында Ғалымжан мырза құрамы ананың сүтіне өте ұқсас деп танылған саумалды сал ауруына шалдыққан балалар ішіп, өнімін көріп отырғанын айтып қалды. Сондай-ақ, түрлі тері ауруларына ем болатын саумал мен қымыздан жасалған косметикалық бұйымдарды шығаруды да болашақтың еншісіне қалдырып отыр екен. Сөз соңында Қамбар ата түлігінің сүтімен қоса, етін де әлемдік базарға салуды көздейтін отандасымыздың кәсібіне берекелі нәсіп тіледік.

Майгүл Сұлтан
Бөлісу: