Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын ұстап тұру шаралары талқыланды

6 Тамыз 2022, 15:05 1081

Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын ұстап тұру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы кеңес өткізді, — деп хабарлайды El.kz.

Кеңес барысында соңғы айда бағаның 0,8%-ға өскені атап өтілді. Ең көп өскені басты пияз, қант және күріш бағасы болса, қырыққабат, сәбіз және картоп бағасы төмендеген.

АШМ мәліметінше, бүгінгі таңда елімізде сиыр еті, құс еті, ұн, картоп, күнбағыс майы, тауық жұмыртқасы мен сүтті қоса алғанда, 680 мың тоннадан астам негізгі азық-түлік тауарлары бар. Ішкі нарықты бидайдың, қанттың және тұздың қажетті көлемімен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылданып жатыр.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Енді оны іске асыру бойынша тиісті өңірлермен бірлесе белсенді іс-қимыл жасау үшін шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ қантты бажсыз әкелуге квоталар бөлінген кезде, олар бұл жұмысты уақытылы орындай алмайтын көптеген ұсақ жеткізушілерге таратылған. Осыған байланысты біз қант жеткізуде белгілі бір проблемалардың бар екенін байқадық. Сондықтан квоталарды бірнеше ірі көтерме жеткізушілер арасында бөлу керек. Олар шағын компанияларға қарағанда қантты төмен бағамен жеткізе алады», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар отырыста Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату алаңдарына қатысты монополияға қарсы ден қою шараларын іске асыруды жалғастыратыны белгілі болды. Атап айтқанда, жыл басынан бері 132 комплаенс-келісім жасалды, оның ішінде сауда үстемесін 15-тен 10%-ға дейін төмендету қарастырылған. Сауда саласындағы құқық бұзушылықтардың барлық фактілері бойынша тергеу жүргізілуде.

Өңірлерге келетін болсақ, бір айда ӘМАТ бағасының ең жоғары өсуіне Ұлытау (1,5%), Қарағанды (1,4%) және Қостанай облыстары (1,3%) жол берген.

«Біз өңірлердегі сауда субъектілерінің жалпы жағдайды пайдаланып, аса жоғары қосымша табыс табатынын көріп отырмыз. Егер әкімдіктер мұны бақылауға алып, сауда-саттықтың барлық кезеңдерінде сауда үстеме бағалар бойынша мониторинг жүргізбесе, жағдай өзгермек емес», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы азаматтарды толғандыратын тағы бір мәселе пияз бағасының өсуі екенін атап өтті. Мәселен, соңғы айда баға орта есеппен 11,9%-ға өсті. Бір айда Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарында және Алматы қаласында бағаның ең жоғары өсуі тіркелген.

«Әріптестер, қантпен болған жағдайдың объективті сыртқы себептері болса, пияз бойынша жағдай – жүргізілген жұмыстың шалалығының нәтижесі. Әкімдіктердің барлық мүмкіндіктері болды, олардың қатарында астықты жеткізу бойынша уақытылы келісім-шарттар жасасу тетігі бар. Өңірлер әкімдеріне оны тұрақтандыру қорларын толықтыру үшін белсенді түрде пайдалануды тапсырамын. Осы мәселеде әр жұмысты уақытылы орындау маңызды екенін атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр бағаның өсу себептерінің бірі өндіруші мен түпкілікті тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі екенін айтты. Оларды анықтау үшін барлық өңірлерде арнайы комиссиялар құрылған.

«Өңірлер әкімдеріне аталған комиссиялардың жұмысын жандандыруды, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және көтерме саудагерлермен тығыз жұмыс істеуді тапсырамын. Сондай-ақ жұмыстың формалды тәсілдерінен арыла отырып, сауда үстемесін асырып жібергені үшін бақылау және әкімшілік жауапкершілікке тарту шараларын күшейту қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Кеңесті қорытындылай келе, Үкімет басшысы азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мәселелері басым мәнге ие екенін тағы да атап өтті.

Осыған байланысты ауыл шаруашылығы министрлігіне: азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін барлық факторларды көрсететін ӘМАТ өндіру мен тұтынудың тиімді және өзекті теңгерімін ұсыну; облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, өңірлердің күзгі көкөністер бойынша алдын ала келісім-шартқа отыруын қамтамасыз ету; ӘМАТ қорларының көлемін тұрақты негізде мониторингтеу және олардың өзгеруіне жедел ден қойып отыру тапсырылды.

Премьер-Министр өңірлер әкімдіктеріне тұрақтандыру қорларын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен уақытылы толықтыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Сауда және интеграция министрлігіне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, рұқсат етілген бөлшек сауда үстемесінің сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты күшейтуді және жалпы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруды тапсырамын. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін және баға өсуінің салдарымен емес, себептерімен күресуге бағытталған тамақ өнімдерінің бағасын ұстап тұру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет», — деді Премьер-Министр,

Бөлісу: