Смайылов «Каспий бестігі» елдерін экологиялық бағдарламаны жаңғыртуға шақырды

6 Қазан 2022, 18:33 1160

Бұл туралы Әлихан Смайылов Мәскеуде өтіп жатқан екінші Каспий экономикалық форумының пленарлық отырысында айтты

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәскеуде өтіп жатқан екінші Каспий экономикалық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Премьер-Министр Мемлекет басшысының Каспий маңы азық-түлік хабын құру туралы бастамасына назар аударды. Сонымен бірге Үкімет басшысы өңіраралық сауданың әлеуетін толық ашу үшін өңірдің көлік байланысын жақсарту қажет екенін атап өтті. Мәселен, Ақтау порты «Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей» бағыты үшін торапқа айналуы мүмкін.

Оған қоса, Әлихан Смайылов Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк тасымалын кеңейту үшін Транскаспий халықаралық көлік маршрутын одан әрі дамыту және кедергілерді бірлесіп еңсеру қажеттігін мәлімдеді.

«Бүгін біз бастама ұсындық: әріптестерімізбен бұл жұмысты қазірден бастаймыз деп келістік. Тиісті жол картасын әзірлеп, транзиттік маршруттарымыздың әлеуетін кеңейтуге кірісеміз», - деді ол.

Премьер-Министр ынтымақтастықтың тағы бір маңызды қыры ретінде аймақтық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін айтты. Бұл бағытта мұнай мен газды терең өңдеу басымдық болып табылады.

Премьер-Министрдің пікірінше, экология саласындағы өзара іс-қимыл да маңызды рөл атқарады, өйткені Каспий жағалауында 15 млн-нан астам адам тұрады.

Үкімет басшысы «Каспий бестігі» елдерін экологиялық бағдарламаны жаңғыртуға шақырды.

Соңында Әлихан Смайылов өңір елдерін туризм саласында бірлесіп, белсенді түрде әрекет етуге шақырды: аралас турларды іске қосу, круиз туризмін дамыту, визалық және көші-қон режимдерін ырықтандыру жөнінде шаралар қабылдау керек.

Бөлісу: