Қымбат металл іздеу туралы үздік 3 фильм

5 Маусым 2018, 16:44 4664

Қауіпті: алтын безгегін жұтыруы мүмкін фильмдер!

Байлыққа кенелуге деген құмарлық адамды алға жетелейтін басты факторлардың бірі екені белгілі, ал алтын – сол құмарлықты қандырудың негізгі құралдарының бірі. Сондықтан да шығар асыл металды іздеу тақырыбы кинематографшылардың назарынан түскен емес. Бұл поджанрда әсерлі көрініс үшін бәрі бар: қызыққа толы оқиға, таңғажайып пейзаж, қаһармандар мен зұлымдар, драмаға толы шиеленіс пен оның шешімі, сонымен қатар шытырманға толы бетбұрыс пен клиффхэнгер (көбінесе тура мағынасында). Осыған орай алтын іздеу туралы фильмдердің үздік топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

«Алтын безгегі», орысшасы  «Золотая лихорадка», түпнұсқа атауы «Gold Rush»

АҚШ тарихындағы ең күрделі сәттердің бірін комедия түрінде жеткізген ерекше туындылардың бірі. Режиссері, сценарий авторы, продюсері және басты рөлді сомдаушы – кино тарихындағы ұлы комик Чарли Чаплиннің өзі. Чаплин кез келген оқиғаға, кез келген тұлғаға әзілдеуге болатынын дәлелдеген адам. Бұл картинасында америкалық алтын іздеушілердің басынан кешкен қызықтарын баяндайды.

Кішкентай Қаңғыбас есімді кейіпкер Аляскаға қазына іздеп жолға шығады. Жолшыбай тұрақтаған қалашықта бір сұлуға ғашық болады. Байлық пен махаббат жолында кейіпкер өзін табады, тағдырдың сынынан өтеді. «Алтын безгегі» кино тарихындағы үздік мылқау комедияларының бірі саналады, Америка кинематографы тарихындағы 100 ұлы фильм қатарына кіреді.

«Сьерра-Мадре қазынасы», орысшасы «Сокровища Сьерра-Мадре», түпнұсқа атауы «The Treasure of the Sierra Madre»

Голливудтың алтын іздеу тақырыбына арналған үздік картиналарының бірі. Жарық көргеніне биыл 70 жыл болған, үш «Оскар» алған қызық оқиғалы драма әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Актерлік құрамда Хамфри Богарт пен Уолтер Хьюстон сынды Голливуд жұлдыздары бар. Ал түсірген – актер Уолтер Хьюстонның ұлы Джон Хьюстон. Осы фильмдегі басты кейіпкердің монологы қанатты сөзге айналып кеткен: «Мыңдаған адам алтын іздейді. Жарты жылдан кейін олардың ішінен біреуі табады. Мыңнан бірі ғана. Оның табуы – жалғыз соның еңбегінің жемісі ғана емес, қалған 999-дың да күші жатыр. Бұл дегеніміз алты мың ай, бес жүз жыл бойы тау-тасты кезу, аштық пен шөлдеу. Алтынның құны өз құнына сай».

«Бәрі қанға боялады», орысшасы  «Нефть», түпнұсқа атауы «There Will Be Blood»

Оқиғасы біз айтып отырған нағыз алтын емес, қара алтын атанған бағалы қазба байлығы төңірегінде өрбігенімен, түпкі ойы -– байлыққа құмарлық. Басты кейіпкер – кәсіпкер Дэниел Плэйнвью бастапқы кезде сары металға қызыққан еді. Алтын өндіру оған капиталын өсіруге және әрі қарай мұнай ұңғымасына жол ашып берді. Жалпы фильм құнды минералдар туралы дегеннен гөрі, адамдарға сондай қазынаның әсері, ХІХ және ХХ ғасырлардың шегіндегі адами өмірдің құндылығы туралы. Сондықтан да түпнұсқа атауын қазақшаласақ - «Бәрі қанға боялады» деген мағынаға келеді және кинотуындының мәнін дәл ашатын секілді. Яғни бұл сөз Інжілде айтылатын уағыздан алынған. Айтпақшы режиссер Пол Томас Андерсонды осы картинасын жасауға жоғарыда атап өткен «Сьерра-Мадре қазынасы» шабыттандырыпты.

Кинематографтың міндеті – шын оқиғаны әсірелеп жеткізу, оны көрерменге драма, арнайы эффектілер мен таңғажайып сәйкестіктер қоса отырып әсермен жеткізу. Дегенмен ғажайып фильмдер мен романдардың түп негізіне шыншыл, өмірде болған оқиғалар алынады. Мысалы алтын мен қымбат тастарға толы Эльдорадо аңызға айналған мекен. Бірақ қазына іздеген жандарға бұл аңыз ерекше шабыт береді. Құпия елді іздеу осы күні де жалғасуда. Мысалы Алтын Эльдорадоны табу мақсатымен америкалық саяхатшы Паркер Шнабель Оңтүстік Америкадағы Гайанының түкпірлерін шарлап жүр. Егер сізді осы тақырып қызықтырса Discovery Channel арнасында көрсетілетін «Паркер Шнабелдің алтын жолы» бағдарламасын қарауға болады.

Ернар Бекенов
Бөлісу: