Киімі қымбат болғанымен, арзан адамдар көбейген. Депутат Дәулет Мұқаев трендтегі бренд киімдерге көзқарасын айтты

21 Тамыз 2023, 09:50 3790

Соңғы кезде қазақстандықтар арасында танымал брендттердің киімін алу үрдіске айналды. Қымбат киім кигенше білімді болуға ұмтылған жөн. Осылай деген депутат Дәулет Мұқаев бренд киімдерге қатысты қандай мәселелер туындайтынын айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркияда отбасымен демалып жүрген депутатқа досы әлемге әйгілі брендтердің бірінен киім сыйлағысы келеді. Алайда Дәулет Мұқаев досының бұл ұсынысынан бас тартып, бренд киім киюге әуес емесін айтқан. Депутат бұл туралы Instagram желісінде бейнежазба жариялады.

Ыстамбұлдағы демалысымыз аяқталуға бір күн қалды. Неше күннен бері Қуаныш, Қайшалардың үйінде тұрақтадық. Бүгін міне, көргендеріңіздей бренд луй витон дей ме... Содан аяқ-киім не рубашка, не пиджак алып берейік деп болмайды. Аяқ-киімдері 500 мыңнан басталса, пиджактары 1.2 миллионнан басталады. Білмеймін, мен не то адаммын ба, әлде менің жаратылысым басқа ма, осындай қымбат брендтерді түсінбей кететін шығармын. Қандай бренд болмасын, мен үшін ол артық төлеу, олардың жарнамасына үлес қосу, - дейді депутат.

Ол осы кезге дейін талай бренд киген адамды көргенін, алайда сыртында бренді болғанымен ішінде адамы жоқ екенін айтты.

Киімі қымбат болғанымен, арзан адамдар көбейген. Одан бөлек талай блогер, танымал жандарды білемін контент үшін елге мақтанып, жыртылып, инста, тик-токқа салады да, 14 күн ішінде этикеткасымен қайта өткізіп тастайды. Жүреді сосын, достарынан қарызға ақша сұрап... Олардың кімдер екенін айтпаймын, позорларын шығармайын)) Оны экранның ар жағынан тамашалаған мыңдаған адам ойы өзгеріп, жұрттан қалмайын деп, еліктеп қарызға болсын алуға тырысады. Отбасы ішінде небір ұрыс-керіс те пайда болады, - деп нақтылады Мұқаев.

Сондай-ақ соңғы кездері “Қазір бір нәрсе болса болды, қымбат зат алсаң “самооценкаң” өседі дейтін психологтар көбейгеніне тоқталды.

Мен оған келісе алмаймын. Самооценка өсу үшін адам білім алу керек. Көбірек кітап оқы, үлкендердің батасын ал, қайырымдылық жаса, шетел көр, жақсы орта тап, спортпен айналыс. Өсек-төсек әңгімеден, негативтен аулақ бол. Міне, осы кезде ғана адамның өзіне деген сенімділігі артады. Рухани бай болады, - деп жазды ол.

Депутаттың айтуынша, қымбат брендтер өлген адамды орайтын мата шығарса да, оны сатып алатын қазақтар болады.

Біздің қазақ сән қуудан, жұрттан қалмаудан алдына жан салмайды. Құдай біледі, ертең өлген адамды орайтын 2 метр ақ матаны луй витон миллионға шығарса, оны да алатын сән қуған қазақ міндетті түрде табылады. Ал шын мәнінде адамның бәрі киіммен қарсы алып, біліммен шығарып салады. Сондықтан мен білімді қазақ көп болса екен деймін. Мұхтар Әуезов атамыз “Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін - білім” деп бекер айтпаған, - деп жазды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: