Әлеуметтік желілерде киік етінің бағасына қатысты талқылау жүріп жатыр. Дәулет Оспанов есімді желі қолданушыларының бірі сауда сөресінде тұрған киік етінің суретін жариялап, оның бағасы келісіне небәрі 2600 теңге екенін жазған. Ол көпшіліктен бұл еттің «бағасы неге арзан және дәмі қандай?» деп сұраған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қоғам пікірі екіге бөлінді
Пікір қалдырғандардың кейбірі киік етін ерекше дәмді деп сипаттаса, енді бірі оның сапасына күмәнмен қарайды.
Жәрмеңкеден киік етін сатып алдым. 6-7 сағат суға салып, кейін қуырып жедім – еті өте жұмсақ, даланың иісі аңқып тұрады. Қабырғасы керемет, дәмі қозы етіне ұқсайды, бірақ майы тез қатып қалады, нағыз жабайы аңның еті, – деп жазды бір қолданушы.
Дәмі сиыр мен қой етінің ортасы сияқты. Міндетті түрде алдын ала суға салып қою керек, сонда иісі кетеді, – деп кеңес берді тағы бірі.
Бірақ кейбір адамдар мұндай етті сатып алуға сақтықпен қарайды екен.
Өзім аңшымын, бірақ дүкеннен киік етін алмаймын. Өйткені оның қайдан келгенін, аңның ауру не сау екенін білмейсің. Өзің атып алсаң, оның жөні бөлек, – деп пікір білдірді желі қолданушысы.
Қалай әзірлеу керек
Тәжірибесі барлар киік етін қуырып, бұқтырып немесе кәуап жасап жеуге кеңес береді. Бірақ алдымен етті 5-7 сағат бойы суық суға салып, суды бірнеше рет ауыстыру ұсынылады. Мұндайда еттің түсі өзгеріп, жағымсыз иіс болмайды екен.
Неліктен арзан?
Пікір қалдырғандар киік етінің арзан болуын аңның табиғатта өсетіндігімен байланыстырады:
Киік – жабайы аң, оны ешкім бағып өсірмейді. Сол себепті еті де арзан, – дейді қолданушылар.
Ресми мәлімет
2025 жылдың шілдесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінің ұсынылатын бағасын келісіне 1600 деңгейінде бекіткен.
Қазір базарлар мен жәрмеңкелерде ет 1600-2600 теңге аралығында сатылып жатыр.
Киік – Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануар. Дегенмен соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай көбейгені айтылып жүр. Соған байланысты кей өңірлерде аңшылық пен ет сатуға рұқсат берілген. Бірақ бұл мәселе қоғамда экологиялық және этикалық тұрғыдан қызу пікірталас тудырып отыр.