Киелі Маңғыстаудың сауда жолдары қандай болды?

24 Тамыз 2021, 15:39 7595

Ортағасырлық қалалар тарихы сыр шертеді

Сауда жолдары туралы айтылғанда Ұлы Жібек жолы бірден еске түседі. Бүкіл Еуразия даласын үлкен керуен көшіне айналдырған бұл жолдың тарихы бүгінге дейін әлі толық зерттеліп үлгермеді. Осыған қарамастан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын негізге алып, белгілі тарихшы-ғалым Андрей Астафьев үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстау өңіріндегі қоныстарға археологиялық зерттеу жүргізді. Бүгін біз аталған еңбекке сүйене отырып оқырмандарға Маңғыстаудағы ортағасырлық сауда жолдары мен қалалар туралы материалды ұсынамыз.


Уақыт өте келе Еуразияның ұлы континент аралық сауда жолына айналған Жібек жолын б.з.д. II ғасырдың ортасында Хан әулетінен шыққан император У Ди билігі кезінде қытай саяхатшысы Чжань Цянь ашқан болатын. Жібек жолы шығыстан батысқа қарай қазіргі Қытай, Қазақстан, Орталық Азия, Ауғаныстан, Иран, Ирак және Түркия аумағы арқылы өтті.

Каспий теңізінің шығыс жағалауында сауда қатынастарының болғандығы туралы алғашқы деректердің бірі Страбонның еңбегінде кездеседі. Онда кеме жүретін Окс (Әмудария және Узбой) өзені арқылы «Гиркан (Каспий теңізіне дейін және сол жерден өзен бойымен көршілес Понт (Қара теңіз) аймағына дейін жеткізілген үнді тауарлары туралы жазылған. Окс өзені арқылы өтетін жол Ежелгі Хорезм аумағы арқылы жүріп өткені даусыз.

Археологиялық зерттеулер бойынша қазірше Маңғышлақ түбегінде сауда қатынастары б.з. I мыңжылдығынан бастап пайда болғандығы дәлелденді. Бұл I-V ғғ. Ежелгі Хорезмнің Афригидтер әулеті билеушілерінің бірнеше рет Алтынқазған діни-жерлеу кешенінен, Шерқала тауындағы көне сауда орындары алаңдары мен Айрақты тауының шағын қоныстарынан және жақында анықталған Қарақабақ кентінен табылған мыс тиындардан байқалады. Маңғышлақ түбегінің орталық аудандарынан табылған тиындардың негізгі жасы ІІІ ғасырдың екінші жартысында мыс тиындар соғылған Вазамар патшаның кезеңіне тиесілі.

Қарақабақ қонысы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауындағы Қошақ шығанағының оңтүстік жағалауында орналасқан. Ол Түпқараған үстіртінің бір бөлігі болып табылатын табиғи жұрнақ жартасты алып жатыр. Жұрнақ бетіндегі тұрғын үй құрылысының аумағы 3 га құрайды. Қарақабақ халқы егіншілікпен, мал шаруашылығымен, теңіз кәсіпшілігімен, саз ыдыстарын өндірумен айналысты. Түсті металдар мен құйма қолөнерінің көптеген іздері табылды. Металл бұйымдардың негізгі бөлігі IV-V ғғ. соңындағы Солтүстік Қара теңіз, Кавказ, Батыс Каспий маңы, Орталық Азия және Оңтүстік Қазақстан ескерткіштеріне тән. Табылған фибулалардың хронологиялық кезеңі ІІ ғасырдың бірінші жартысы мен VI ғасырдың бірінші ширегімен анықталады. Осыған ұқсас кезеңдер Ежелгі Хорезм, Бұқарлық Соғды, Сасанидтер мен Қытайдың елуден астам тиындарының топтамасында кездеседі. Қарақабақ нумизматикалық топтамасын XI-XVIII ғғ. бойы белсенді жұмыс істеген, қоныстан 2-4 шақырым қашықтықта орналасқан Қараған (Маңғышлақ) сауда айлағы аумағынан шыққан, 395-408 жж. Флавий Аркадийдің византиялық мыс тиындарымен байланыстырған жөн. Бұл табылған заттар Қарақабақ қалашығының кемежайлық сипаты туралы болжам жасауға мүмкіндік береді.

Қонысқа аумағы 12 шаршы шақырым, негізгі сілемнен Байлам қорған қабырғалары арқылы бөлінген, ұзындығы 560 метр, Қарақабақ және Шүлдір шатқалдарының арасындағы тар аралықты бөліп тұрған кең аумақты үстірт жалғасып жатыр. Барлық жағынан қорғалған бұл аумақ егіншілік және мал жаю аумағы ретінде пайдаланылғаны анық. Осылайша көшпелі қоғамдастық қоғамында отырықшылық орталықтарынан алыс орналасқан дербес сауда-қолөнер анклавы құрылды. Қарақабақ қалашығының географиялық орналасуы, оның аумағында әртүрлі қолөнер өндірістерінің және тауар-ақша қатынастарының болуы, кейінгі антикалық дәуірлер мен ерте ортағасырлық, сондай-ақ көшпелі қоғамдастықтар қоғамындағы Орта Азия мен Каспий маңы мемлекеттерінің сауда қатынастарын дамытуда осы қоныстың маңыздылығы туралы ой айтуға мүмкіндік береді. Қарақабақтан 20 шақырым жерде орналасқан Алтынқазған діни-жерлеу кешенінен табылған заттар жиынтығымен тығыз байланыс байқалады. Арал-Каспий арасындағы сауда қатынастарының тарихын зерттеудің осы бағытының келешегі зор.

V ғасырда сасанидтік Иранды Солтүстік Каспий даласы арқылы айнала өтіп жатқан Түркі қағанаты соғды елшісі Маниах басқарған елшілік арқылы Византиямен дипломатиялық және сауда қатынастарын орнатты. Тарихшылар елшілік жолдары негізінен Каспий мен Арал теңіздерінің аумағы арқылы өтті деп жорамалдайды, осылайша, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы деп аталатын сауда қатынасының жаңа бағыты орнайды.

Кейінгі уақытта Маңғышлақ пен Үстірт арқылы өтетін сауда керуендерінің екі негізгі бағытының өзіндік аумақтық мамандану бағыты болды. Маңғышлақ жолы Хорезм мен Хазар қағанатын, Үстірт жолы – Хорезм мен Бұлғарияға біріктірді. Ибн Фадланның Еділ бойындағы Бұлғарияға саяхаты Үстірт қыратының кең жазықтары арқылы өтті, ал Гардизи печенегтер еліне бару үшін дала арқылы кесіп өткен Арал теңізінің батыс жағалауы бойындағы жолды сипаттады.

Үстірт қыратының солтүстік-батыс аймағынан өтетін байланыс жолдары оғыз билеушілерінің бірінің ордасымен теңестірілетін маңызды елді мекен Жезді бекіністі қонысымен анықталады. Бұлағы бар терең сайдан қалыптасқан созылған мүйіс тәрізді тік жар төрт бұрышты мұнаралар арқылы нығайтылған табиғи тастан жасалған мықты дуалмен бекітілген. Бекіністің ішкі кеңістігі бекініс қақпаларынан басталатын тар дәліздері бар шағын бөлмелерден берік тұрғызылған. Қалыптасқан уақыты шамамен ІХ-Х ғғ. қамтиды. Хорезм жағындағы қоныстарға екі ескі керуен жолы жақын келеді.

Ақмыш төңірегіндегі Маңғышлақ жолының бір бөлігінде, аңызға айналған Шерқала тауына жақын жерде қазір Қызылқала қалашығы деген атаумен белгілі орта ғасырлық маңызды елді мекендердің бірі пайда болды. Шағын аумақта жүргізілген алдын-ала қазу жұмыстары бұл жердің ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары екендігін болжауға мүмкіндік береді. Археологтар барынша анықтауға тырысқан аталған елді мекеннің тарихы тегін емес және әлі де жұмбақ күйінде.

Тарихи оқиғаларға сүйенетін болсақ, Қызылқаланың құрылысы Хорезм тірек бекінісі ретінде X ғасырдың 70-жылдарында салына бастаған. Ол кезде Хорезм жойылып бара жатқан Хазар мемлекетінің территориясына таласқан болатын. Ақмыш жеріндегi Қаратау аңғарында афригид заманындағы Хорезм дәстүрі бойынша бай бұлақ көздері арқылы он екі мұнаралы үлкен саз балшықтан жасалған бекініс тұрғызылды. Қолайлы табиғат жағдайының арқасында мұнда уақыт өте келе сауда-қолөнер орталығы пайда болды. Бұл орталықтың жергілікті көшпелі халықтан тауарлар мен саудаға алынатын транзиттік баж салығынан түсетін табысы өте мол болды. Қызылқала қалашығының ауданы (50 гектар) мен мәдени қабатының қалыңдығы (2 метрден астам) ортағасырлық Еуразияға тән керуен саудасының сипаты мен мәнін көрсетеді. Мұнда суармалы егістік пен темір және мыс өндіру мен өңдеу өнеркәсібі сияқты күрделі қолөнер өндірісі өркендей түсті. Қаланың оңтүстік шетінде керамикалық бұйымдарды күйдіруге арналған бірнеше пештің қалдықтары сақталған. Бұл жердегі қыштан бұйым жасаушылар шаруашылық, тұрмыстық, асханалық оның ішінде шыны жабыны бар ыдыс-аяқтарды көп көлемде жасап шығарды. Жеке жайлардың алдыңғы беттерін әдемілеу үшін оюлы және түрлі-түсті қыш тақташасы бар кірпіштер жасалды. Қызылқалада қымбат металдардан әшекейлер жасайтын зергерлік шеберхананың болғандығы жөнінде деректер бар. Мұнда шыныдан үрлеп бұйымдар жасайтын шеберхананың болу мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Сауда қатынастарының кең болғандығын Хорезм мен Иранның суға арналған ыдыстарының сынықтары және нефрит пен кәрiптастан қолдан жасалған бұйымдардың табылуы дәлелдейді. Қызылқала типіндегі қыш бұйымдар Еділ өзені сағасында орналасқан және зерттеушілер Хазар мемлекетінің астанасы Итиль қаласымен салыстыратын IX-XIII ғасырлардағы Самосдельск қалашығы материалдарының арасынан табылды. Бұл қала қираған үйінділеріне қарағанда Әл-Гарнати жан-жақты сипаттап жазған әйгілі Саксин қаласына келеді. Қызылқаланың тұрғындары моңғол шапқыншылығы кезінде көшіп кеткен болуы мүмкін. Басты себептердің бірі ұзаққа созылған құрғақшылық та болуы ықтимал.

Қызылқала қалашығы құрылысының тарихын 1065 жылы салжұқ (мұсылман оғыз тайпаларының Хорасан әулеті) Алып-Арысланның және 1123 жылы Хорезмшах Атсыздың Маңғышлақ қала-бекінісін басып алу тарихымен салыстыруға дәлелді археологиялық негіздер бар.

Бұл оқиғалар XI-XII ғасырлардағы әл-Хусайни, Йакута әл-Хамави және Ибн әл-Асир секілді тарихшылар мен географтардың еңбектерінде айтылған. Йакута әл-Хамави бұл елді мекеннің орналасу орны мен маңыздылығы туралы «Маңғышлақ-Хорезм шекарасының шетінде орналасқан мықты бекініс, ол Хорезм, Саксин және Русь eлі арасында Джейхун өзеніне құятын теңіз маңында орналасқан, ал бұл теңіз Табаристан теңізі» - деп жазады.

Хазар астанасы Итиль қаласы мен Хорезмнің Үргеніш қаласының халқы туралы XI-XII ғасырлардағы тарихи деректерді салыстыру Қызылқала сияқты сауда қалалары қандай дінді болса да ұстауға тәуелсіз көпұлтты орталықтар болғандығын дәлелдеуге мүмкіндік береді. Мұнда мұсылмандар, христиандар, яһудилер, буддистер және пұтқа табынушылар бірге тұрды. Бұл таң қалатын жағдай емес. Әлі күнге дейін барлық халықтарға өркендеу мен тұрақтылық алып келген сауда бизнесі барлық халыққа ортақ.

Саудагерлер Маңғышлақ сауда жолымен қандай тауар тасымалдады?

Мақдиси Еділ Бұлғариясынан Хорезмге бұлғын, сұр тиіндер, дала түлкілері, сусарлар, құндыз, боялған қояндар, ешкі, балауыз, жебелер, ақ терек қабығы, қалпақтар, балық тістері, амбре, кимухта (тері сұрыпы), бал, орман жаңғағы, сұңқар, қылыш, сауыт, қайың, славян күңдері, қой мен сиыр әкелінді деп жазады. Азиядан Еуропаға жібек және мақта маталар, кілемдер мен киім-кешектер, баршын мен жамылғы, киіз, жоғары сапалы қыш бұйымдар мен шыныдан жасалған бұйымдар, алтыннан және күмістен жасалған ыдыстар, маржандар мен қымбат тастар, күміс тиындар, тек ең мықты адамдар ғана тарта алатын садақтар және мейіз әкелінді.

Қызылқаланың жанында, Шерқала тауының іргесінде үлкен керуен сарай орналасты. Соңғы жылдардағы зерттеулер Хорезм шахтары Ала әд-Дина Текеш пен Мұхаммед бин Текештің алтын және мыс тиындары табылған бұл жерде Х-ХІІІ ғасырларда үлкен сауда алаңы болғандығын дәлелдеді. Бұл нумизматикалық жинақтамада жергілікті өндірістің хорезмшах шақаны үлгісіндегі алтын динарларының өзіндік орны болды. Бұл тиындар бес түрлі шағын бірегей топтамамен берілген. Бұл динарлардағы жазулар айналмалы кескінде кедір-бұдырлы жасалған. Бұл өнімнің қысқа мерзімділігі осындай бір ғана тиын табылған Еділдегі Самосдельск қалашығынан басқа жерден табылмауымен түсіндіріледі.

Алайда Қызылқала түбектің терең аймақтарында орналасқан және теңіз жағалауына қарай жүретін сауда керуендерінің жолындағы транзиттік орын болған. Жол-жөнекей керуендердің су көздеріне және демалу үшін тоқтайтын аралық аялдамалары уақытша қойма рөлін атқарған бекiнiс-баспаналарда орналасты. Қазіргі Форт-Шевченко қаласының аумағында, қазір құрғақ сорға айналған айлақ жағасында құрлық жолының соңғы нүктелерінің бірі Қорғантас қалашығы орналасқан. Оның бекініс дуалымен бекітілген кәдімгі тас қамалы болған. Қамалдардың айналасы жасанды террассалар мен киіз үйлерді құруға арналған алаңқайлары бар шағын үй-жайлармен жабдықталған. Қоныстың бетінде Қызылқала қалашығы мен Хорезмде өндірілген саз ыдыстардың сынықтары кездеседі.

Екінші теңіз айлағы XVI-XVIII ғғ. құжаттарда Қараған немесе Маңғышлақ деген атпен белгілі Қошақ шығанағының оңтүстік жағалауында орналасқан. Ол кемінде XI-XVIII ғғ. аралығында жұмыс істеді. Қазіргі таңда теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты айлақ орналасқан теңіз шығанағы жоғалып кетті. Ежелгі жағалау аумағының бірінде ХІV ғасыр мен XIX ғасырдың басындағы Каспий теңізі трансгрессиясының теңіз шөгінділерімен жабылған қызылқала типіндегі қыш бұйымы бар аз қуатты мәдени кабат анықталды. Бұдан басқа, айлақ пен оның маңайынан X-XII ғғ. тиындар мен қорым табылды. Жоғарыда аталған барлық деректер Қызылқала дәуірінде Каспийдің жоғары деңгейде болғандығын айғақтайды. Әл-Гарнати Саксин мен Хорезм арасында теңіз қатынасының болғандығын және оның Маңғышлақ түбегі арқылы өткенін дәлелдейді. Бұл қатынастың дәлелі Самосдельск қалашығынан теңіз кемелеріне арналған баллас ретінде пайдаланылатын және Қараған айлағының жағалауынан әкелінген шақпақтастардың үлкен бөліктерінің, сондай-ақ Маңғышлақ шақаны алтын динарының көптеп табылуы бола алады.

Маңғышлақ түбегінің теңіз жағалауларында сауда-саттық порттарын орналастыру тарихи кезеңдерде елеулі деңгейге жеткен Каспий теңізі деңгейінің тұрақты ауытқуларына толығымен тәуелді болды. Солтүстік Каспий теңізі түбінің ерекшелігі сол, теңіз деңгейінен 3-4 метр төмен жағдайда да қазіргі Орал ойпаты жерінде теңізден тармақтары бар кең мойнақ арқылы бөлінген және Ахтуба, Орал, Ембі өзендерімен қоректенетін үлкен тұщы сулы су қоймасы қалыптасты. Сонымен қатар Еділ сағасы оңтүстікке қарай 70-80 км-ге жылжыды. Қолайлы климаттық жағдайларды ескере отырып, «көпір» Еуропа мен Азия халықтарын сәтті байланыстырды. Геоморфологиялық зерттеулер бойынша, Каспий теңізінің голоцендік тарихындағы осындай оқиғалар бірнеше рет қайталанған. Ортағасырлық кезеңде мойнақ V-X ғасырларда жұмыс істеп, сауда-саттық керуенінің құрлықтағы қозғалысына жағдай жасады.

Моңғол шапқыншылығы сауда-экономикалық байланыстарға уақытша кері әсерін тигізді. Алайда XIII ғасырдың ортасында, Бату ханның тұсында белсенді түрде қалпына келе бастады. Алтын Орда ханы Өзбек ханның (1312-1340 жж.) билігі кезінде жақсы тұрғызылған үлкен қонақ үйлер мен керуен сарайлары орналастырылған, Үстірт қыраты арқылы өтетін керуен қатынастары басымдылыққа ие болды. Енді Үргеніштен келетін тауарлар Жайық өзеніндегі (Орал) Сарайшық қаласына келіп, ары қарай Алтын Орданың ең ірі қалалары Сарай-Бату мен Еділдегі Сарай-Берке қалаларына қарай бағытталды.

Қонақ үйлер мен керуен-сарайлар керуен өтетін жерге бір-екі күндік жердегі бұлақтар, құдықтар немесе жасанды жолмен жасалынған маусымдық жауын-шашынның жерасты бөгендеріне жақын жерлерде орналасты. Шағын қамал түріндегі негізгі ғимараттар саудагерлер мен бай саяхатшылар үшін қонақ үй қызметін атқарды. Мұнда шағын бөлмелер, ас үй, асхана, сондай-ақ тасымалданатын тауарларды сақтауға арналған қоймалар да болды. Керуен-сарайлар хабаршылар аттарын ауыстырып алатын пошта бекеттерінің де рөлін атқарды. Жақын жерге орналастырылған шағын әскери жасақ осы аймақтағы сауда жолдарын күзету мен бақылауға міндетті болды. Керуен-сарайлардың айналасында малшыларға, күзетшілерге, қоныс аударған тұрғындарға арналған кішігірім ауылдар да болды.

Өткен ғасырдың 40-шы жылдарында археолог С.П. Толстов керуен сарайлар X-XI ғасырларда салынғанын болжаған болатын. Алайда 1970-80 жылдардағы археологиялық зерттеулер бұл құрылыстар Алтын Орда кезеңінде пайда болғанын дәлелдеді. Бүгінгі таңда сегіз керуен-сарай бар екендігі белгілі, оның бесеуі қазіргі Қарақалпақстан аумағында орналасқан Үшқұдық, Әжігелді, Білеулі (Белеулі), Қосбұлақ және шұрық керуен-сарайлары. Қалған үшеуі Қазақстан аумағында Үстірт қыратында орналасқан – Құсшы, Белдеулі және Қосқұдық керуен-сарайлары.

XIV ғасырда Түпқараған шығанағының жағасында Қорғантас қалашығына көршілес жергілікті халық Кетікқала деп атаған жаңа портты ауыл пайда болды. Оның алғашқы аумағы 16 га болды. Қоныстың мәдени қабатының үш құрылыс қабаты керамиканың тірек, жабыстырылған, зерленген бөлшектеріне, тас, темір, мыс, қола және шыныдан жасалған бұйымдар мен 1360-1370 жылдардағы тиындарға өте бай. Қоныстың пайда болу уақытын Өзбек ханның билік ету кезеңімен байланыстыруға болады. Бұл жерде егін шаруашылығының болғандығы туралы дәлелдер бар. Керамикалық бұйым Хорезм, Иран, Қытай, Әзербайжан елдерімен сауда байланыстарының болғандығын көрсетеді. Кетікқаланың жоғарғы құрылыс қабаты Ақтам үлгісі деп аталатын Ширваншах дәуіріне жататын Әзірбайжан ыдыстарының табылуымен сипатталады. Мұндай ыдыстар Шақпақ-ата мен Мақтым-баба мешіттерінің қазбалары кезінде Қошқар ата ойпатының құмдарынан, Кендірлі айлағының жағалауында орналасқан Жығылған елді мекеніндегі бекіністен, сондай-ақ Узбой құрғақ арнасының Ақтам тармағы жағасынан және Каспий теңізінің түрікмен жағалауынан көп табылды.

Өткен ғасырдың 80-жылдары Ақтау қаласында Борлы мүйісі маңындағы айлақ түбінде мектеп оқушылары ақтам үлгісіндегі керамикалық ыдыс сынықтарының үлкен топтамасын жинады. Сынықтар әртүрлі шаруашылық, ас үй және асханалық ыдыстарға тиесілі. Бұлар керамикалық ыдыстар, құмыралар, қазандықтар, табақтар, табалар, су құюға арналған табақтар мен әртүрлі көлемдегі тостағандар еді. Зерленген асхана ыдыстары жасыл түспен кескінделген өрнекпен қапталған. Барлық керамиканың сапасы жоғары деңгейде. Сынықтардың сипаты мен сақталуы ыдыстың жерге бүтін күйінде түсіп, кейін теңіз толқынының әсерінен бұзылып кеткендігін көрсетті.

Теңіз түбінде ыдыстардың кездесу себебінің сол кезде мынадай екі нұсқасы болды: бұл Каспий теңізінің суы басып кеткен ортағасырлық елді мекендердің қалдықтары немесе суға батып кеткен кеме қалдықтары. Қазіргі таңда Кетікқала қалашығын зерттеу нәтижелері Борлы мүйісі маңындағы айлақ түбінде Каспийдің шығыс және батыс жағалауы арасында теңіз байланысының болғандығын дәлелдейтін Ширваншах сауда-саттық кемелерінің қалдықтары көмілгендігін айғақтады.

XIV ғ. 60-70 жж. Еділ бойы және Хорезм шақандарының Алтын Орда тиындары көп мөлшерде Қараған (Маңғышлақ) айлағынан табылды. Осыған байланысты венециялық ағайынды Франциско мен Доминико Пицциганидың (1367 ж.) географиялық карталарында және Каталан атласында (1375 ж.) Каспийдің шығыс жағалауының географиялық атауларының аса қызықты түсіндірмелері пайда болды. Ф.К. Брунн өз жұмысында пициган топонимi Melmesclack пен каталандық Memnemeselach топонимін Маңғышлақ түбегі ретінде түсіндіруге тырысады. Керісінше, В.В. Бартольд бұл Маңғышлақ теңіз айлағының бұрмаланған атауы деп топшылайды. Бұл ретте Melmesclack және Mebnemeselach атауларының орналасқан жерінің географиялық оқылуы әртүрлі. Егер бірінші атау елді мекеннің айқын шартты белгісімен белгіленген Пиццигани картасында анық бөлінген түбек пен Узбой арнасының арасында орналасқан болса, Каталан атласында Mebnemeselach тікелей түбектің батыс шетінде орналасқан.

Каспийдің шығыс жағалауы үшін ең ақпараттық дереккөз Каталон атласы болып саналады. Мұнда француз баспагерлерінің түсіндірмесі бойынша, Түпқараған түбегінің солтүстік жағалауында Mansuna атауы көмескілеу белгіленген. Оның арнайы шарттылықсыз орналасуы Маңғышлақ айлағының орналасқан жеріне сәйкес келеді. Mebnemeselach сөзсіз Кетікқала қалашығымен байланысты. Түпқарағанның оңтүстік жағалауында Cochinachi және Узбой сағасына дейін жарты жол бөлігінде – Cavo Sancho орналасқан. Соңғы орын жайлы Кендірлі шығанағымен салыстырылуы мүмкін.

XV ғасыр мен XVI ғасырдың І жартысына қарай дала аймағындағы белсенді сауда қатынастары уақытша басылып қалды. 1995 жылы Жошы ұлысының құлдырауы кезінде Темір әскері Үстірт сауда жолын жойды. Алтын Орда империясының ыдырауы және оның негізінде жаңа көшпелі мемлекеттердің қалыптасуы сауда-саттықтың өркендеуіне емес, ұдайы соғысқа алып келді. Алайда, XV ғасырдың бірінші жартысында Қараған сауда айлағынан бөлшек сауда белгілері болып табылатын күміс және мыс тиындардың табылғандығы туралы деректер бар.

XVI ғасырдың жаңа мемлекеттердің өзін-өзі таныту процесі көршілермен дипломатиялық қарым-қатынас орнату және сауда қатынастарын қалпына келтіру ісімен жалғасты. Қазан мен Астраханды басып алғаннан кейін Грозныйдың белсенді сыртқы саясатының нәтижесінде Мәскеу мемлекеті Еуразияның негізгі транспорттық жол қатынасы — Еділ өзенін және Каспий теңізіне кедергісі шығуды өз бақылауына алды. 1558 жылы Англия саудагері Антонио Дженкинсон Англияның Үндістан мен Қытай арасындағы сауда қарым-қатынасын жақсарту үшін Үргеніш жеріне (Үргеніш және Бұқара) дейін сапар шегеді. Англия саудагері Астраханнан теңіз арқылы Маңғышлақ сауда айлағының біріне дейін жетті. Бұл сапар туралы жазылған жазбалар Каспий теңізінің шығыс жағалауында сауда кемелерінің жүргендігін растайтын алғашқы құжат болып табылады. XVI ғасырдың соңында Қарағандағы (Маңғышлақ) жолаушылар аялдайтын үй арқылы орыс саудагерлері мен елшілер тіпті Парсыға дейін жетті.

XVII ғасырда Астрахань теңіз кеме құрылысының маңызды орталығына айналды. Бұл жерде әскер басының қарамағында Каспий теңізінде теңізде жүзу өнерімен және кеме құрылысымен айналысатын арнайы мемлекеттік мекеме – Іскерлік үйі болды. Орыс сауда кемелерінің негізгі түрі – сүйір тұмсықты және бір немесе екі желкенді дөңгелек тұмсықты кемелер болды. Олардың қосалқы арқандары, зәкірлер мен желкендері болды. Кейбір кемелердің жүк көтергіштігі едәуір күшті болды. Осылайша, ағылшындық Дженкинсон Астраханда Каспий теңізі бойында жүзу үшін кеме сатып алып, онымен 1000 түйе керуен күшін қажет ететін, яғни 200 тоннадан астам жүкті тасыды. Кемелер жағалаудағы аймақтардың тұрғындары мен казактардың шабуылынан қорғану үшін әрқашан қару-жарақпен жабдықталды. Әдеттегідей, кемеде бір-екі зеңбірек тұрды, қалғаны қол атыс қарулары болды. Кемені әскери міндеттер атқарған адам басқарды. Ол өзімен бірге ағаш ұстасын, 10-20 шақты әскери қызметкер мен зеңбірекшi алған. Кемелер тұрақты түрде жылына екі рет, көктемде және күзде жүріп отырды. Сауда-саттық тікелей жағалауға өтті, егер саудагерлердің біреуі затын сатып бітірмесе, теңіз арқылы Астраханға немесе керуендермен бірге Үргенішке, Хиуаға немесе Бұқараға жіберілді. Астраханда Хиуа көпестері өзінің саудасын жүргізді және дүкендері, керуен сарайлары, тіпті өз үйлері де болды.

Ресейдің Орталық Азия мемлекеттерімен сауда қатынастарының тарихын зерттеуге арналған аз ғана еңбектерде Маңғышлақ түбегінің жағалауында сауда баспаналарының орналасқан жері туралы пікірталас жүреді. Орыстардың XV-XVII ғғ. Іскерлік хаттарында сауда кемелері мен керуендер өткен бірнеше теңіз айлақтары туралы дереккөздер сақталған. Бұлар Маңғышлақ, Қараған, Сартас, Қабақты, Садеевск және Назарово баспаналары болатын. XVI-XIX ғғ. Каспий теңізінің картасы мен архивтік деректерді талдау және далалық зерттеулер Қараған, Сартас, Маңғыстау сияқты бірден бірнеше атаулармен көрсетілген жерлердің орналасқан жерлерін нақты анықтауға мүмкіндік берді. Бұл айлақ Үргеніш, Хиуа, Бұқара жерлерінен керуендер мен тауарлар жеткізетін, азиялық саудагерлермен бірге Астраханнан кемемен теңіз арқылы келген ресейлік және еуропалық саудагерлердің сауда-саттық және айырбас орны болғаны туралы бірнеше рет айтылады.

Сол себепті, Иван Грозный, Михаил Федорович, Алексей Михайлович, Ұлы Петр, Елизавета, Екатерина ІІ-нің билігі кезіндегі Қараған (Маңғышлақ) айлағының нумизматикалық материалының жаппай таратылуы таңқаларлық жағдай емес, Сефевидтер және Ашфаридтер әулетіне, Қазақ хандығы кезеңіне тиесілі иран тиындарының жинақтары өте көрнекі болып табылады. Бұл жерде жағалау саудасынын болғандығы туралы ең сенімді дәлел 1785-1800 жылдардағы Астрахань портының кедендік қорғасын мөрі мен Силезиялық бір тоқыма өндірісінің қорғасын мөрiнiң табылуы болуы мүмкін. Табылған заттардың бірегей түріне тастан жасалған мөрі бар орыс сақинасын және азиялық саудагерлердің бірінің аты жазылған кішкентай мөрді жатқызуға болады.

Маңыздылығы жоғары Кабақты айлағының орналасқан жері әзірге анық белгілі емес. Бірақ архив деректері және дипломаттар мен саудагерлердің күнделік жазбаларын талдау негізінде ол өлі Құлтық шығанағының оңтүстік жағалауында болғандығын болжауға болады.

XV-XVII ғасырлардағы сауда және дипломатиялық жазбалардың арқасында ең қауіпсіз саналған теңіз сауда қатынасының жолы анық белгілі болды. Далалық жол ноғай мен қалмық қарақшыларының жиі тонауына байланысты өте қауіпті болды. Саяси қайшылықтарға байланысты Хиуа мен Бұқара керуендерін сол кезде Маңғышлаққа иелік еткен түрікмендер де тонап кетіп отырды. Бірақ Астраханнан Маңғышлақ айлағына дейінгі теңіз жолы жылдамырақ саналды да, даламен жүру қауіпті деп есептелді. Теңіз қатынасы толықтай Мәскеу мемлекетінің бақылауында болды.

Астрахань арқылы Ресей мен Батыс Еуропа мақта-мата маталары, жібек, бояулар, кілемдер, сафьян, қару-жарақ, асыл тастар, түрлі дәмді тағамдар алды. Бұл жақтан өтімді орыс тауарлары – ұн, иленген тері, металл, ағаш, тоқыма мата, қыш бұйымдары, кендір жіп, қарамай, бал, балауыз және т.б. жіберілді. Жергілікті сауда-саттықтың маңыздылығы XVIII ғасырдағы саудагерлердің өту жолдары туралы ең үлкен жарлықтардың басым көпшілігі дәл осы Астрахань кеденіне қарағандығымен түсіндіріледі. 50-60 жж. қолайлы айлақтар мен сауда бекіністерінің орнын таңдау үшін түрікмендермен, Хиуа және Бұқарамен сауда-саттықты кеңейту туралы, Каспийдің шығыс жағалауларын зерттеу туралы хат алмасулар жүргізілді. Каспий теңізіндегі сауданың, орыс кеме қатынасының дамуы Екатерина II (1762-1796) патшалық етуі кезінде айрықша жанданды.

XIX ғасырдың басында Орталық Азия халықтарының Ресеймен саяси және экономикалық байланыстарының айтарлықтай жандануы байқалады. Орынбор мен қазақ далалары арқылы өтетін сауда жолы орыс және Хиуа мен Бұқар көпестері үшін қолайсыз болды. Сондықтан Маңғышлақ, одан әрі Хиуаға керуен арқылы баратын теңіз жолын жөн көрді. Маңғышлақ түрікмендері Ресеймен сауда-саттық жүргізуге мүдделі болды және олардың жерлері арқылы өтетін керуен жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Олардың Ресеймен сауда байланыстарын нығайтуға ұмтылысы оның Kaспий теңізінің шығыс жағалауындағы экономикалық және саяси мүдделерімен сәйкес келді. Мұнда өз ықпалын арттыру үшін Ресей Каспий теңізі алабының шығыс бөлігіндегі тірек пунктілеріне мұқтаж болды. 1834 жылы өлі Құлтық шығанағының жағалауына Новоалександровск бекінісі салынады, ал 1846 жылы ол Новопетровск бекінісі деген атпен Түпқараған айлағына көшіріледі, онда түрікмен, татар, армян және еврей көпестерінен құралған сауда ауылы пайда болады. Каспий теңізінің тартылуына байланысты Қараған айлағы жұмыс істеуін тоқтатады және ХХ ғасырдың басына дейін Жаңа Маңғышлақ деген атпен белгілі болған Түйесу жеріндегі Қошақ шығанағының түкпіріне көшіріледі. Маңғышлақ арқылы өтетін керуен саудасы туралы соңғы деректер осы ғасырдың 20-30 жылдарына жатады.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: