Киелі үкілі домбыра. Гиннес кітабына енетін домбыра сабағы қалай өтті?

25 Мамыр 2022, 12:55 51514

Елордада физика-математика бағытындағы зияткерлік мектебінің 7 және 9-сынып оқушыларының домбыра сабағы өтті. Бұл сабақты Гиннесстің рекордтар кітабына енгізу жоспарланып отыр.

Рекорд «Ең ауқымды домбыра сабағы» атауымен онлайн тіркелді. Ерекше домбыра сабағының қалай өткенін бүгінгі материалдын оқи аласыздар.


Сабақты қосымша білім беру педагогы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған өткізді. 

Сабақта оқушылар «Сарыарқа», «Балбырауын», «Еркем-ай», «Кеңес», «Жастар биі» сияқты танымал күйлерді орындады. Сонымен қатар олар күйлердің шығу тарихын да баяндады.

Домбыра – ол дала шежіресі

Қымбатты оқушылар! Сіздер жыл бойы біраз шығармалармен таныстыңыздар, соның ішінде әнді де, күйді де, биді де үйрендіңіздер. Енді сол үйренген шығармаларымызды бүгінгі сабақта бекітеміз. Домбыра – ол дала шежіресі. Бабаларымыз өнерді «арғы әлеммен» сырласудың құралы ретінде ұғынғандықтан оны үнемі тылсыммен, сиқырлықпен байланыстырып, киелі сипатта ұғынған. Байырғы танымда өнерді өмірдің жалғасы, шексіз, мәңгілік, адамның қайта жаралуының құралы ретінде рәміздеген, - деді домбыра сабағының мұғалімі.


Айтжан Тоқтаған атап өткендей, қазақ халқы  басынан кешірген қайғыны да, қуанышын да үкілеген домбырамен жеткізген.

Сабақта оқушылар қазақ халқының күйлері мен әрдерін орындауға кірісті.

«Еркем-ай»

«Еркем-ай» – қазақ халқына ең көп тараған және тез үйренуге болатын халық әні. Қағысы төмен,  жоғары, жеті буыннан тұратын ән. Әуені қарапайым, сөзі түсінікті, ырғағы қонымды, диапазоны кішігірім, тез арада есте сақталатын әуен. Бұл әнді домбырамен орындап үйренуге де, дауыспен қосып айтуға да болады. Бұл тәсіл әнді тез меңгеруге мүмкіндік береді. 

Енді осы әнді іс жүзінде орындап, айтып көрейік. Алдымен әнді домбырамен орындаймыз, - деді ұстаз.


Өз кезегінде оқушылар «Еркем-ай» әнін домбырамен әрі әнмен орындап берді.

«Жастар биі»

«Жастар биі»  – халық арасына кең тараған, тез ұғылатын, жеті буынды музыкалық әуен екені сіздерге мәлім. Бұл – би әуені, яғни би мен аспаптық әуеннің қосындысы. Бір әуен домбыраның екі буынында орындалады. Әуелі 10-пернеден басталып, сол тұғырда сол әуен 5-пернеге ауысып, орындалады. Соңында қайтадан 10-пернедегі тұғырды қайталап барып аяқталады. Бұл шығарма ен далада еркін өскен халқымыздың кішігірім дала театры іспеттес көрінісін еске түсіреді. Ән – сезім, сөзбен жеткізе алмағанды әуен де, күй жеткізе алады. 

«Кеңес» күйі

Келесі орындайтын күй – «Кеңес» күйі. 

«Кеңес» атты халық күйлері кең-байтақ еліміздің қай түкпіріне барсаң да көп тартылатын күйлер тобына кіреді. Ел ішінде ағайынның арасында болып тұратын небір жағдайларды «ақсақалдар кеңесі» деп аталатын топ шешіп, ақыл-кеңестерін беріп, үйлестіріп, келістіріп, үлкен дауға жібермей, басып отырған. Осындай отырысқа жиналар алдында ақсақалдар басшысы қолына домбырасын алып, алдағы болатын әңгіме туралы толғанып, ортақ шешім қабылдау үшін, не істеу керектігін ойланып отырып, бір күйді тартады екен. Бұл күй сол кеңестегі шығатын шешімнің музыкалық баламасы болса керек, - деп тарихын айтты Айтжан Тоқтаған.

«Кеңес» күйі – қарапайым, орындауға ыңғайлы, екі ширекте жүреді. Бұл күй  домбыра мойнының (гриф) екі буынында орындалады. 


Өздеріңіз білетіндей, біз сабақта күйдің әуелі 5-пернеден басталатынын бірінші буынында, сосын 10-пернеде жалғасатын  орта буынында орындалатынын үйрендік. Бір ескеретін жағдай, алғашқы буыннан қысқа қайыратын бас буыннан кейін келетін әуенді екі төмен, екі жоғары қағыспен алғандарың жөн. Жалпы күйдің қағысы күйдің тілі болып естептелетінін естеріңізден шығармауларың керек. Себебі осы күйдегі екі төмен және екі жоғары қағыстарды міндетті түрде орындаған дұрыс, сонда бұл күй өз мазмұнын толық ашады, - дейді домбыра сабағының мұғалімі.

«Сарыарқа» күйі

Қазақ халқының мақтанышы, күй атасы Құрманғазы өзінің жалынды күйлерімен туған халқына жігер беріп, артына өлмес мұра қалдырған тұлға.  

Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдаған жанның көз алдына қазақ даласының кең байтақ өлкесі елестейді. Күй сарыны бірде даланың еркін өскен ерлерін елестетсе, бірде терең толғанысқа бойлатып, сайын далада мекен еткен қазақ тағдырын домбыраның қос ішегімен жырына қосады, - дейді Айтжан Тоқтаған сабақта.


«Сарыарқа» күйінің кіріспесінің өзі кім-кімді де елең еткізетіндей әсерлі естіледі. Күй үздіксіз алға ұмтылған қуаттылығымен қазақтың дүбірлі кең даласының бүкіл тіршілік-тынысын, елдігі мен еркіндігін, қайтпас қайсарлығы мен ерлігін, құдіретті жойқын күшін танытқандай. Күй толассыз ілгері ұмтылуы арқылы дала төсінде кеудесін желге қарсы тосып, ат құлағында ойнап, құйғыта құйындатып шапқан, ертеңіне сеніммен бет түзеген, өмірсүйгіш қазақтың батырлық мінезінің образын бергендей болады. Былайынша жайбарақат жатқан жомарт тірлікті қазақтың сары даласында тынымсыз өмір өтіп жатқанын және ол халқымыздың елдігі, ар, намыс, абыройы үшін, өмір үшін күреспен өтіп жатқанын білдіретіндей.

«Балбырауын» күйі 

Енді оқушылар күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» күйін орындауға кірісті.

Алдымен домбыра пәнінің мұғалімі Айтжан Тоқтаған күйдің тарихына тоқталды.


Құрманғазының «Балбырауын» күйі  – 19 ғасырда күй шығарудың авторлы кезеңінде дүниеге келген шығарма екенін сабақ барысында қарастырдық.  ХІХ ғасыр елімізде өнер саласында алтын ғасыр болып есептелді десек қателеспейміз. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Абыл, Адай, Байсерке секілді небір дала дүлділдері арқылы керемет музыкалық туындылар дүниеге келді. Осының бәрін зерттеп, түбегейлі ғылыми айналысқа түсірген, халық игілігіне айналдырған этномузыка танудың атасы академик  А. Жұбанов болатын, - дейді ол.

 

Сөзінше, бүкіл дүние жүзінде жер көлемі бойынша 9-орында тұрған кең-байтақ өлкемізде көптеген домбырада орындаушылық мектептер қалыптасқан.

Әр өңірдің өз алдына домбыра орындау үлгісі, мектебі болған. Сол үлгі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Қазіргі музыка зерттеушілеріміздің  пікірі бойынша, бұл күйдің мәні мен мағынасы күйдің атауында тұр. Балбырауын бал (мед) бұрауын (настрой), яғни бал бұраудағы әдемі, көңілді күй. Домбыра бірнеше бұрауға келтіріледі. Оң бұрау (кварта), теріс бұрау (квинта), қалыс  бұрау (терция), шалыс бұрау (секунда), тел немесе егіз бұрау (прима) деп атайды. Оң бұрауды тәтті немесе бал бұрау деп те атайды. Бұл күй домбыра мойнының үш буынында орындалады. Бас буын, орта буын және сағада. 

   Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар

Қорыта айтқанда, әлем­нің бір мем­лекетінде жоқ бұл өнер­мен қазақ қана мақтана алады. Себебі күй өнері –  қазақ халқына тән өнер. Домбыра - өткенді оралтып, өлгенді тірілтетін құдіретті аспап. Домбыра барда – күй, күй барда – домбыра бар. Ал жер бетінде қазақ деген ұлт барда – қасиетті, киелі үкілі домбыра да, сан ғасырлардың куәсі – баға жетпес мол мұрамыз – күй де, мәңгілік жа­сай береді, - деп сабақты қорытындылады Айтжан Тоқтаған.

Осымен домбыра пәні бойынша оқушылардың биылғы сабағы аяқталды.

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Фото: Артём Чурсинов

Baq.kz



 

 

 


Бөлісу: