Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жақын шет елдердің бірінің 22 жастағы азаматы ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, оған ұялы байланыс абоненттік құрылғыларының идентификациялық кодтарын заңсыз өзгертіп, азаматтарды алдау мақсатында пайдаланған деген айып тағылды.
Тінту барысында дыбыс күшейткіш ретінде жасырылған арнайы құрал-жабдық тәркіленді. Бұл құрал Қазақстан азаматтарына банктер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, алдау және алаяқтық әрекеттер жасау үшін пайдаланылған. Күдіктінің жалдамалы пәтерінен 2100-ден астам sim-карта, екі ноутбук, екі мобильді телефон, планшет табылды. Тәркіленген құрал-жабдыққа қатысты 48 абоненттік нөмірден азаматтарға қоңыраулар жасалғаны анықталды, - делінген мәліметте.
Қазіргі уақытта күдіктінің басқа алаяқтық эпизодтарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті прокуратураның келісімімен қамауға алынды.
Тергеу жалғасуда.