«ХХІ ғасырдың самурайы» деген атпен танымал жапондық саяхатшы қазақстандықтар бір отбасы секілді дейді

28 Қазан 2019, 14:03 3641

Тамызда маңғыстаулықтарды таң-тамаша қалдырған жапондық жас саяхатшы есіңізде ме? Италияның астанасы Римге жаяу жетемін деген жиырма екі жастағы Рюзо Ямагамимен ғаламтор арқылы байланысудың сәті түсті. Қуырдақтың дәмі әлі де таңдайымнан кетер емес деген Рюзоны қазақ халқының сар даласы секілді кең пейілі таң қалдырыпты. Маңғыстаулық көлік жүргізушілері жол үстінде ас-суымен бөлісіп, әлеуметтік желілер арқылы «Рюзоға көмектесейік» деген ұран таратқан Рюзо Ямагами бүгінде мұхитты кесіп өтіп, Түркияға да табан тіреп үлгерген екен.


«Қазақстандықтар өмірінде бірінші рет көріп тұрған адамның өзін құшағын жайып қарсы алады екен. Жол үстінде кездескен кейбір қазақ достарыммен әлі күнге дейін хат жазысып тұрамыз. Халық өте мейірімді және қонақжай», - дейді қазақстандықтар «ХХІ ғасырдың самурайы» деп атаған жапон жігіті.

Арқасына дорбасын, мойнына фотоаппаратын ілген жаяу-жалпы жігітке жол үстінде кездескендер Ақтауға дейін жолдың ұзақтығын, жол бойында ел қарасының аздығын ескертеді. Далада ас-сусыз қалудан қорыққан ол бірден жергілікті дүкеннен қоларба сатып алып, оны су мен азыққа лық толтырып алады. Оның жол үстінде арба сүйреп жүруінің себебі де осында екен.


«Мен жаспын. Сондықтан уақытымды текке өткізбей, әлемді өз көзіммен көргім келді. Ол үшін уақытым да жеткілікті, университеттен 1 жылға демалыс та алған болатынмын», - дейді Рюзо Ямагами.

Рюзо әлі де жол үстінде екен. Ол ежелгі өркениеттің бай мұрасы сақталған Рим қаласына келесі жылдың ақпан айында жетуім керек дейді. Қазақстанның оңтүстігі мен батысын жүріп өткен Рюзо Ақтаудан теңіз кемесіне отырып, Бакуге жетіпті. Әзірбайжан арқылы Түркімен, Иран елдеріне маңдай тірепті. Қазір Стамбулға жетіп, ары қарай Болгария, София, Сербия, Хорватия, Словения арқылы Италияға жетсем дейді. Рюзо әлі де жаяу жүргенін айтады. Айтпақшы, ол әлемді тануға бел шешпес бұрын, өзінің туған елі Жапонияның ұшы-қиырын түгелге дерлік аралап шығыпты.  

Оның жолжазбасында Қазақстанның Алматы, Тараз, Шымкент, Бейнеу, Ақтау қалалары аталған. Әсіресе, батыс өңірінің көк алқапқа бай екенін айтады. «Бұл саяхатқа дейін мен Қазақстан туралы ештеңе білген емеспін. Алайда, ежелгі континент пен көшпенділердің тұрмысы, олардың дала тұрмысына төзімділігі қатты қызықтыратын», - деген саяхатшы Алматы әуежайында алғаш кездескен қазақ жігітінің оған ағылшын тілінде «Қазақстанға қош келдіңіз» деп айтқанын есіне алады.

«Көптеген елдерде болдым. Алайда, қазақ тағамының дәмі әлі де таңдайымнан кетпейді. Ұлттық ас ретінде қуырдақтан ауыз тидім. Шын мәнінде өте дәмді», - дейді қазақтың дастарханын мақтаған Рюзо. Рас, «қуырдақ» деген сөзді жөндеп жеткізе алмады, «Quildak» деді.


«Маған жол үстінде көмек көрсеткен барлық қазақстандықтарға алғыс білдіргім келеді. Олар менімен суымен, асымен бөлісіп қана қоймай, маған қамқор болды», - дейді Рюзо. Ол жол үстінде орналасқан елді мекендердің арақашықтығының ұзақтығы мен күннің ыстығы жолды қиындатқанын мойындайды. «Егер жол бойы кездескен мейірімді көлік жүргізушілері болмаса, менің аман қалуымның өзі мүмкін болмас еді», - дейді ол.


«Қазақстан халқына үлкен рахмет. Адамдар тек саяхатшыларға ғана емес, барлығына бірдей мейірімді қарайды. Барлық адамдар бір отбасы секілді. Бұл Жапонияда кездесе бермейтін дәстүр, құндылық деп ойлаймын. Тағамдарының дәмділігіне сөзім жетпейді. Мұндай дәмді ас әлемде бар ма екен деп ойлаймын. Сондықтан, Жапонияға қайтып оралғаннан кейін міндетті түрде Орта Азия халықтарының асханасын зерттеймін», - деп қазақстандықтардың қонақжайлығы мен мейірімділігін өз отандастарына дәріптеп, әлеуметтік парақшасында Қазақстанға арнап бірнеше пост жазған жапон жігітіне сәт сапар тіледік.

Нұргүл Қалиева 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.

Нұргүл Қалиева
Бөлісу: