ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзі 1-ші бөлім

14 Қазан 2020, 14:53 8336

Қазақ журналистикасы қалай қалыптасты, қалай дамыды? Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығыштары қандай басылымдар еді? Қазақ зиялылары қырдағы саяси сауаты аз оқырмандарына нені жеткізуге тырысты? Біз білетін алғашқы қазақ тіліндегі басылымдарда кімдердің қолтаңбасы қалды? Міне, осы және өзге де қазақ тілінде шыққан алғашқы ақпарат құралдары туралы білгіңіз келсе, «El.kz» сайты ұсынып отырған Қазақ баспасөзінің алғашқы қарашаңырақтары туралы мақалалар топтамасын оқыңыз.

 

Бүгінде Ақмола өңірінде шығатын газеттердің дені бұрынғы өлкелік газеттердің шекпенінен шыққандығы ақиқат. Қазір мұрағаттарда сақталған сол кездегі өлкелік газеттердің сарғайған, уақыт мүжіген беттерін парақтай отырып, бұл басылымдарда жарияланған мақалалар арқылы сол кезеңнің тарихи болмысының шындығымен қайтадан бетпе-бет келгендей боламыз. Газет өз кезеңінің үнпарағы. Мәселен, мұрағаттарда сақталған Ақмола облыстық газет басылымдарының бір парасында 1900-1917 жылдар аралығында орын алған оқиғалар бойынша көптеген материалдар сақталып қалыпты. Мұнда әсіресе, өлкедегі тарихи оқиғалар мен Мемлекеттік Думаға қатысты жалпы қоғамдық саяси ойлар көрініс тапқан. Газет қай уақытта да оқырман сұранысына сай жауап беруге тырысады ғой. Сол уақыттағы қазақтілді басылымдарда қазақ зиялы қауым өкілдерінің Мемлекеттік Думада сөйлеген сөздері тұрақты беріліп отырыпты. Жалпы бұл уақытта Мемлекеттік Думаға қазақ зиялыларының қатысуы саяси толқынның, өз идеясы бар топтың өмір сүріп жатқандығының көрінісі еді. Сондықтан Мемлекеттік Думада өткен әрбір басқосуды қазақ баспасөзі жарыса жазды.

Олардың арасында саяси қозғалыстар туралы көптеген мақалалар жазылған 1913 жылы жарық көрген «Есіл даласы» газетін айрықша атап өтуге болады. Өкінішке орай, газеттің сол уақыттағы редакторы кім болғаны туралы мәлімет жоқ. Мұрағат деректерінде газет мақалаларының қиындылары ғана сақталған. Газеттің бір қиындысында сайлау қарсаңында өткен Мемлекеттік Думаға іріктеу кезінде сайланған депутаттардың есімдері мен ұсынған кандидатуралары берілген. Онда: «Қазақ өлкесіндегі алғыр азаматтардың бірі ретінде топтан озып шыққан Торғай облысының азаматы А.Бірімжан Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Сонымен бірге, Семей облысынан келген Ә.Бөкейханов, Бөкей ордасынан келген Б.Құлман, Орал облысынан келген А.Қалменұлы депутат болып сайланды» деп жазылған.

Жасыратыны жоқ, жетпіс жыл бойы бодандықтың қасіретін тартқан еліміз тарих көшінде небір сындарлы кезеңдерді бастан өткерді. Қазақтың басына түскен талай қиындықты бір ғана ғасырдың ширегіндегі шеңбермен алып қарауға болмайды. Десе де, тарихи кезеңдеріндегі батыл қадаммен, тәуекелдіктің көрінісін іздесесек, қоғамның жаңа заманға бетбұруға талпыныс ниетін көргіміз келсе, әрі бармай-ақ қоюға болады. Яғни, бізге беріректегі атап айтқанда 20 ғасырдың бірінші жартысындағы уақыттың өзі де жетіп жатыр.

Бұл ғасыр кезеңінде еліміздің түкпір-түкпірінде сан түрлі жағдайлар орын алды.

Осы кезеңде жарық көрген қазақтілді басылымдардың бірі Көлбай Тоғысовтың басшылығымен Ақмола облысында шыққан «Үш жүз» газеті болатын. Газетте елдегі жаңалықтар, ауылшаруашылығы, экономика, аграрлық мәселелер төңірегіндегі проблемалар жиі көтеріліп отырған.

Жалпы облыстық және аудандық басылымдардың қай-қайсысын қарасақ та, сол кезеңдегі оқиғалар шындығы туралы көп мәліметтер бермеген. Оның себебі де түсінікті еді, бұл цензураның қылышынан қан тамып тұрған, кезең болатын. Тарихқа үңілер болсақ, әкімшіл-әміршіл патшалық Ресей үкіметі елімізге өздерінің орталық аудандарынан, сырттан шаруаларды қоныстандыру үшін, оларға қазақ өлкесінен жер алып беру және шаруаларға айлық беру үшін небір құйтырқы әрекеттерге барған. Өз реформаларын жүзеге асыруда қоластындағы елдердің бай жерлерін иелену мақсатында бас-аяғы 15 жылға жуық уақыттың ішінде империяның шығыс бөлігін қазақ жеріне жаппай қоныстандырып үлгерген еді. Қазақ жерін аграрлық дамыту мәселесі өз алдына бір бөлек шешімін таппаған мәселе болып қалды.

Ақмола облысы көлемінде орыс тілінде жарық көрген «Наша деревня» газетіде осы саяси оқиғалар жөнінде азды-көпті мәліметтер жарияланған. Газетте қазақ өлкесіне келген шаруаларды бір жүйеге бағындыру, шаруалардың нақты саны туралы аз-мұздаған мәліметтер бар. Алайда, газеттің ескілігі сонша, ондағы жазуларды ажыратып, нақты мәліметтерді оқу мүмкін болмады. Ақмола өлкесіне келген немесе басқа да қазақ өлкелеріне келген шаруаларды шашыратпай, бір жүйемен бағындыру мақсатында үкімет учаскелер құрып, сол арқылы ауыл-аймақтарға нақты қанша тұрғыннан қоныстандырылғанын анықтауға көшті. Әр ауыл-аймаққа орналастырылған шаруалардың нақты саны ауыл тұрғындарының санына қарағанда, басымырақ болуды қалаған үкімет өлкелердегі бос жатқан жерлерді былай қойғанда, сыймай қалған шаруаларға да қазақ тұрғындарының тұрып жатырған жерінен жырып жер алып берді.

Жоғарыда айтып өткен ойымызға дәлел келтіру үшін мұрағат қорынан табылған мына бір дерекке көз жүгіртіп өтуімізге болады. «ХІХ ғасырдың аяғына таман, яғни, 80 жыл кезеңінде қазақ жеріне қоныс аударған шаруаларға жер беру мақсатында патша үкіметінің бас ал десе шаш алатын шабармандары өлкедегі азаматтардың қоныстарын ығыстыруды міндет етті. Бұған көнбеген ауыл тұрғындарына қарсылық танытып, күш көрсету үшін қазақтардың жерлерін тартып алу болып табылатын ұйымдар мен органды құрды. Олар жұрттың қарсылығына қарамастан, өз күшім өзімде деп, қарсыласқандарды аяусыз жазаға тартты. Кейбірінің салығын одан әрі көтеріп жіберді. Ал бастарының амандығын ойлаған тұрғындардың басым бөлігі амалсыздан өздерінің кішкентай жерлерінен көршісіне жер беруді әдетке айналдырды. Шарасыздықтан әрекетке барғандар үкіметке өзінің зарын айтып, талай мәрте хат та жазды. Бірақ, өкінішке орай қазақ ұлтының мұңын жоқтайтын дәл сол кезде әділ үкім шығарушы билік болмады».

Алдымен жерді, сосын салықты өсіруді көздегендердің үзіліссіз орындалып тұрған жұмыстарын есептемегенде, әр қазақ отбасы үкіметке мал өткізуге міндеттелген. Бірақ, ол салық тізімінен бөлек еді, бұл туралы тіпті, арнайы жазба да жүргізілмеген. Сәл артық қимылдаса, «жазаға тартамын» деп қорқытқанның айтқанына сенген қазақтар талай мәрте орыс шабармандарына жем болды. Бір ғана емес, тұтас бір отбасы болып үйіндегі бар жиған- тергендерінен айрылып, айдауға кеткендер болды. Ал бұл қазақ жұртына ескертілген жазалаудың бір түрі еді.

«Степная звезда» газетінде Ресей үкіметі туралы мақалалар бар. Олардың басым бөлігі мақтау-мадақтауға негізделген. Газет саяси бағыттағы ойларды көп жазған. 1900-1917 жылдар аралығы Ақмола өлкесіндегі тұрғындардың мазасын қашырды. Өйткені, қазақ жеріне қоныс аударған шаруалардың басым бөлігі еліміздің солтүстік өлкесіне көптеп қоныс аударды. 1913 жылдар шеңберінде халық алғашқы ашаршылықты бастан өткерді. Бұл уақытта екі миллионға жуық босқындар мен жер аударылғандар Ақмол өлкесіне жаппай қоныстанған еді. Әрбір қоныстанған шаруа отбасы қазақ отбасыларының үйіне бөлініп берілді. Үйінде екі малы барлар оның бір басын келімсектермен бөлісті. Өйткені, патшалық жүйе талабы солай болды. Заңға бағынбағандар патшалық әкімшіл-әміршіл билік тарапынан қатаң жазаланды. Еселенген салықтарды төлеуге мәжбүр болды.

ХХ-шы ғасырдың бас ширегінде басынан өткерген қиындықтарға байланысты қазақ елі соның ішінде Ақмола өңірі күрделі өзгерістен өтті. Ертеден келе жатырған шаруашылық түрі біржолата құрдымға ұшырап, енді жартылай көшпелі және көшпелі һәм отырықшылық шаруашылық жүйесі жаңғырды. Егіншіліктен гөрі мал өсіруге бейімделген отырықшылық түрі халықты мал бағып күнкөріс көру шеңберінен әрі асырмады. Шаруашылықтың ішінде ең кең өріс алғаны экстентивті жартылай көшпелі мал шаруашылығы еді.

Жоғарыда айтып өткен экстентивті жартылай көшпелі мал шаруашылығы деген ұғым көпке таныс болмауы мүмкін. Бұл дегеніміз өзінің негізгі анықтамасында – малды жартылай үйде ұстап бағу және малды қолға алып, жартылай үйде бағу тәсілі. Одан қалды егіншілікпен, маз азығын дайындаумен айналысу. Жылдың қай мезгілі болмасын, малды жартылай үйде ұстау және жартылай жайылымға жіберіп бағу тәсілі. Мұндай мал бағу тәсілін патшалық әкімшіл-әміршіл билік ойлап тапқан еді.

Мал салығының салмағын арттыру үшін ойлап табылған мал өсіру ережесі қазақ елінің жұртын малдан бас алмауға ойластырылған амал еді. Өлке адамдарының қолы кілт етсе оларды шөп шабуға жіберуі. Сөйтіп, халық батыстық сарындағы шаруашылықты өз қабілет-қарымына қарай игере бастады. Алдымен, мал өсірді, одан соң егін екті, бірті-бірте ол малды жартылай қолда, жартылай далалықта ұстады. Балық өндірісін қолға алды, бара-бара тауық өсірді. Кейін осыдан барып құс пен егіншілік шаруашылығында тауарлық сипат өріс ала бастады. Оның ішінде шаруашылықта тауарлық сипатта ең көп кәсіпке айналып, билікке пайда түсірген бұл егіншілік кәсібі болды. Малды қанша баққанымен бұл кезеңде малға қарағанда егіннің салығы өте жоғары болды. Өйткені, халықта мал көп еді. Сондықтан малдың қадірі білінбегендіктен, қолға үйретілген отар - отар, үйір-үйір төрт түліктің құны – құнсыз еді.

Егіншілік шаруашылығы жартылай көшпелі және көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланыста болды. Ол туралы Ақмола органына қарасты «Акмолинский ударник» газетінде мақалалар көп кездеседі. Ақмола өңіріндегі егіншілік шаруашылығындағы ең күрделі деген мәселеге 1917 жылдары жерді дұрыс игере алу, жерді дұрыс пайдалану мәселесі жатты. Патша үкіметінің қаржылық, экономикалық қорларын көбейту қазақ өлкесінде тартылып алынған, күштеп алынған жерлердің тигізген пайдасы зор болды. Жер осылай алып қаншама бос жатқан жерге егін егіп, одан шыққан өнімді ел игіліне жарату арқылы халық еңбек көзінің не екендігін ұғынды. Әттегең-айы сол, бірақ, түскен пайданың 100%-ның әрі кетсе, 1 немесе 2 пайызы ғана халыққа үлестіріліп беріліп отырды. Ал қалғаны патшалық биліктің қалтасына түсіп отырды.

Сол уақыттағы ақпарат құралдары өлкелік жұмыстарға белсене кірісіп, жалпы Ресей аймақтық ұлттық қозғалыстарға, саяси қозғалыстарға қатысып тұрды. Бұдан да бөлек әлеуметтік тұрмысты көтеретін сол кезеңдердегі актуальды саналған тақырыптар мен мәселелерге қалам сілтеді. Зиялы қауым өкілдерімен тіпті етене араласа бастады.

Бұл уақытта қазақ зиялылары ресейлік мәдениетті игеріп, еуропалық білім алуға ұмтылыс жасаған еді. Олардың ішінде саны жағынан келгенде өте-мөте аз болса да, еуропалық білім алып үлгерген қазақ зиялы қауым өкілдері – халыққа, жұртшылыққа білім беріп, ілім үйретудің ең кіші және орта деген мемекелерінде, әкімшілік мекемелерінде қызмет атқара бастады. Яғни, орта немесе санаттық жағынан келгенде 2-ші дәрежелі лауазымды мекемелерде түрлі ведомствалық қызметтерді белсене атқарып, көзге түсті, бақылаушылардың көңілінен шықты.

Бұл осынау аталмыш қиын-қыстау кезеңде отарлықтың жаңа сатылы баспалдағынан өтіп бара жатқан бұратана халықтар үшін – үлкен жеңіс, ұлттық идеологиялық өсу өзгерісі еді. Санаткерлік еңбек ету саласында сан түрлі қысымға ұшырап, қиындыққа, езгіге ұшырап, түрлі ауыртпалықты бастан өткеріп жатқан халықтарға тән сипаттағы процесс болатын.

Осылайша, орыстық мәдениет пен Еуропалық мәдениетті қатар қабылдап, оның екеуінің де ілімін бойға сіңірген қазақ ұлтының зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары 1907-1917 жылдар шеңберіндегі қоғамның әлеуметтік мәселелері мен халықтың саяси көзқарастарын жеткізуші жаршылар болды. Олар әрбір мақала, публицистикалық туындылары арқылы халықтың санасына сәуле шашып, ұйқыдағы халықты оятып отырды және олар бұл кезеңде Еуропалық мәдениетті қабылдап үлгергенімен еуропалық саяси ойларды енді ғана ой шеңберінен өткізіп, сүзгіден өткізіп қабылдай бастаған толқын еді. «Акмолинский ударник» газетімен бірге таратылып отырған «Дело Сибири» газетінде осы мәселелер көтерілген еді. Бұл толқынның саяси ойындар мен саяси идеология шеңберінен әлемдік дәрежеде тәжірибесіздігі мен сан жағынан аздығы кез-келген ортада лап етіп шығып, өздерін көрсетуіне, өздерін мойындатуына кедергі етті.

Ал қазақ ұлтының азаматтарынан бөлек қазақ мүддесін қорғаған өзге көршілес мемлекеттердің де депутат өкілдері болды. Қазақ өлкесінде тұратын орыс депутаттары да кездесті. Барлығы бір ауыздан қазақ өлкесіндегі, Ақмола өлкесіндегі мәселелерді көтергенімен, оған аса қатты мән бергендер аз болды.

Мемлекеттік Думаға қазақ зиялы қауымының арасынан – Орал облысынан А.Қалманұлы, Семей облысынан Ә.Бөкейханов, Бөкей ордасынан Б.Құлман, Орал облысынан А.Қалменұлы депутат болып сайланды. Ақмола облысындағы өңірден сайланған Ш.Қосшығұлов орыс тілін білмейтіндіктен, Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлану құқығынан айрылды. Яғни, сайланғандардың бәрі де жаппай орысша білу керек болды. Егер тарихи идеологиялық тұрғыдан алып қарасақ, мұндай келеңсіз жағдай Ақмола өңіріндегі адамдардың ұсыныстарымен санаспай шешім қабылдау және бір адамның өзге тілді білмегені үшін абырой-беделін кемсітіп, азаматтығына нұқсан келтіру еді. Ғылыми тұрғыдан қарағанда - адамзат құқығы мен мәртебесін аяқ-асты ететін факторлардың бірі.

Алғаш рет өткен Бірінші Мемлекеттік Думада заңгер, зиялы қауым өкілі А.Бірімжанов пен қазақ ұлтының жетекшісі атанған Әлихан Бөкейханов белсенділік танытып, өз қатарынан алға суырылып шықты. Бір өкініштісі, аталмыш Думаның нақты қажетті, қорытынды шығар тұсында тарихи күнтізбе бойынша 1906 жыл шеңберінде қазақ жерінде Дала өлкесі бойынша қауырт жайлар орын алып, төтенше жағдай жарияланғандықтан, қазақ зиялы қауым өкілдері аталмыш жиынға қатыса алмады.

Қазақ өлкесіндегі сайлау кешіктіріліп өткізілді. Тіпті, қазақ өлкесінің Жетісу, Сырдария, Ақмола өңірлерінде сайлау уақыты мүлдем кейінге қалдырылды. Ал мемлекеттік Думаға қазақ зиялы қауымы арасынан А.Бірімжанов пен А.Қалменов 1906 жылдың шілде айының ортасында ғана келді. Қазақ ұлтының жетекшісі Әлихан Бөкейханов болса, Петербург қаласына Мемлекеттік Думаны таратқалы жатқан күндер аралығында ғана жетті.

Қазақ зиялылары өздерінің кешігіп келгеніне қарамастан, білгір, алғырлығымен көзге түсіп мемлекеттік маңызы бар актілерге қол қойып үлгерді. Атап айтқанда, Әлихан Бөкейханов «Выборы» үндеуіне қол қойса, А.Бірімжанов өзінің аграрлық ескертпе жөнінде мәлімдемесіне нақты жауап алды.

Мемлекеттік Думада қазақ зиялылары «Мұсылман фракциясына» ұсыныс тастады. Өз мүмкіндіктерін пайдалана білуіне қарай, Думадағы «Мұсылман фракциясына» қатысып та үлгерді. «Мұсылман фракциясы» жиынында қазақ зиялылары өзге ұлт өкілдерінің зиялы қауымымен біріге отырып, 1907 жылдан жылдан ары қарайғы қазақ өлкесіндегі «Жер Реформасы» мәселелерін талқылады. Талқыда «Жер рефомасының» басым бөлігі патшалық үкіметтің шешімімен қолға алынғандығы, бөлінгендігі расталды және қазақ өлкесіндегі жұртшылық үшін, олардың өз жерлері жайында шешім қабылдау құқығынан айырылғандығы үшін өзге ұлт өкілдерінің зиялы қауымы іштей қынжылған сынай танытты. Алдағы күндері жерге қатысты мәселенің шешімін табамыз деп дүрлікті.

Мемлекеттік Думада қазақ өлкесіндегі «Жер реформасына» қатысты мәселеге күрделі түрде көтерілгеннен кейін Ақмоладағы басылым «Сарыарқа» газетінде Ә.Бөкейхановтың «Мен кадет партиясынан не үшін шықтым?..» деген мақаласы жарық көрді. Онда Ә.Бөкейханов: «Кадет партиясының ережесінде «Жер адам баласына меншікті болып берілсін» деген ереже бар. Ал соған сай қазақ жер алса, оны башқұрт сатып алады, немесе, патша билігі тартып алады. Сөйтіп, мұжыққа сатады, не тегін береді. Бас-аяғы бір жылдың ішінде жалаңаш болып шыға келеді. Бұдан сонда қазақтың ұтары не, қорадағы малы мен сандығындағы дүниесін айтпағанда, өз жерін қазақтың өзіне бермеу – барып тұрған қасірет. Оның үстіне салық салымының көп болуы байғұс қазақтың жұмыс істемегенінен дейсіз бе?.. Жоқ, бұл жолы да қателессеіздер. Қазір жағдай еш күлетіні, не мақтап айтатыны жоқ – дәл осылай... Мен айтқандай, қателікті қазір кадет партиясы күнбе-күн жасап отыр. Олай болса атына-заты сай болмайтын партияда мен қалай қызмет атқара алам... Сондықтан мен бүгіннен бастап Кадет партиясының мүшесі емеспін. Кадет партиясынан халқыма адал берілгендігім үшін шығамын деп шешім қабылдадым» деп жазған еді.

ХХ-шы ғасырдың бірінші ширегінде көтерілген бұл мәселелердің кейбірі әлі күнге дейін өз маңыздылығын жойған жоқ. С.Жантөре атты Уфа губерниясына сайланған қазақ жігіті Ақмола өлкесіндегі әлеуметтік мәселелерге келгенде қазақ жерінен келген депутаттармен бір көзқараста болды. Қазақ зиялы қауымына тағы да пікірлес болып, қолдау көрсеткендердің арасында өзге ұлт депутаттары болды. Олар қазақ жеріндегі аграрлық мәселелерге қолдау білдірді. Сондай-ақ, аты аталған өзге ұлт өкілдерінен құралған депутаттар арасында Т.Седельников, Ш.Сыртыланов, Н.Бородин, В.Недоносков сынды депутаттар белсенділік танытты.

Жиналған депутаттардың ішінде қазақ жеріндегі аграрлық мәселеге байланысты Т.Седельников дәйекті ұсыныстар айтып, салмақты пікірлер білдірді. Седельниковтың маңызды мәселе қозғайтындай да орны бар еді. Өйткені Т.Седельников жет жыл бойы қазақ өлкесінің аграрлық салалардағы мәселесін жазған болатын. Енді жиында ой қорыта келе, өлкедегі әрбір жыртық-тесікке дейін қозғап өтті.

Ақмола өлкесіндегі «Степная звезда» газеті 1907 жылғы Мемлекеттік Дума бойынша сан түрлі көзқарастағы ойларды мақала қылып газет бетіне түсірді. 1907 жылдың ақпаны және маусым айларында тынғылықты жұмыс атқарған Думаның 2-ші жиынында Б.Қаратай есімді қазақ азаматы белсенділік танытты. Б.Қаратай да мамырда өткен жиынның пленарлық жиынында баяндама жасап, жер мәселесіне байланысты шешім шығарған патша үкіметінің аграрлық саясатын қатаң сынға алды: «Еңбекті істен өнім алу үшін, қазақ өлкесіндегі жұртшылықты құнарлы жерлерінен айырып, ол жерлерді патша мұжықтарына бөліп беру отарлаудың ашықтан-ашық түрі» деді.

Сонымен қатар, Б.Қаратай тағы бір сөзінде: «Біз жиналып әлеуметтік, экономикалық, саяси тақырыптарды «Мемлекеттік Дума» Ресей өкіметін заңсыз жер иеленушіліктерін мұқият қарайтын, сараптайтын болсын. Өйткені, Патшалық Ресей өкіметі өздерінің помещиктерінің мүддесін қорғау жолында шаруаларды қазақ жеріне қоныстандырды. Қоныстанған помещиктердің саны адам басына шаққанда, шамамен – 130 000 адамға жетіп жығылады. Бұлардың мүдделерін қорғау жолында қырғыз-қайсақтардың отырған жерлерін тартып, күштеп алып беру әділетсіздік. Билік қашанда жерге мұқтаж жандарының әлеуметтік мәселелерін қанағаттандыру мақсатында қымзет еткені дұрыс. Бірақ, бұл жерді күштеп тартып алып беру деген сөз емес. Барлық оппозициялық фракциларға аянышпен қарап, өтінімдерін қараусыз қалдыратын билікке алдағы күндері мұндай бассыздықтарға жол берсе, біз де ашық митинг жариялауға, билікке қарсылық білдіруге жол береміз...» деп жазды.

В.И.Лениннің Б.Қаратайдың сөзіне назар аударуы тегін емес еді. Себебі, азаматымыздың бір адамның ғана мәселесін емес, бір ұлттың басына төңген қиындықты еш қорықпастан әшкерелеп айтты. Жеке адамның басындағы әлеуметтік қиындық асатын уақытта батыл қадам жасап, ұлттың басындағы әлеуметтік қиындықты айта білу ұлт интеллигентінің қолынан келетін іс екендігін дәлелдеді.

Қорыта айтқанда, 1900 жыл мен 1917 жыл аралығындағы жер мәселеріне қатысты қиындықтардың соңы қазақ ұлтын ашаршылыққа әкеліп соқты. Енді бірде керісінше, күш жинап халықтық толқуларға шығуға мәжбүр етті. Яғни, қазақ ұлты ашаршылыққа, уақыт ережесі тым ұзақ шаруаға жегілуден, жерлерінен айырылып қалудан шыдамай, ақыр соңы халықтық жанжалдар мен көтерілістерге әкеліп соқты. Бірақ, ғылым тарихында бұл әзірге халықтық толқулар деп қана аталып жүр. Ал негізінде нағыз революциялық төңкеріс нақ осы кезеңде болған болатын.

Қатты азап көрсетудің арқасында енді-енді жанданып келе жатқан Патша өкіметінің большевиктік тотаритарлық жүйесі, өз өміріне өздері балта шауып, халықтың сенімінен айрылып қалды. Яғни, большевиктік тоталитарлық жүйені бір жолата жоғалтып алды. Ол туралы сол уақытта шыққан Ақмола басылымдарының қай-қайсысынан болса да көруімізге болады.

Орал облысына Депутат болған кездерде Бородин Ақмола өңіріндегі депутаттармен де өте жақын қарым-қатынаста болды. Ақмоладағы халықтың басынан өткерген ашаршылықты, баспасөздің жарыса жазғандығын да біледі. Мемлекеттік Думада сөйлеген сөзінде де Ақмола өңіріндегі әлеуметтік мәселелерді, тарихи оқиғаларды, жер реформасына қатысты шешімін таппаған дүниелерді еш жасқанбастан айтып берді. Ол туралы «Целинный край» газеті де жазған. Ол: «Қандай ұлт өкілі болса да, бір жер бетінде өмір сүріп жатқандықтан, олардың бір-біріне деген көзқарасы да бірдей болуы керекі. Сен отарсың, сен құл мемлекетсің деп, қоныс аударып келген шаруалардың – қазақ өлкесінің азаматтары мен тұғындарын кемсітуіне, қазақ өлкесін бүлдіруге, қазақ ұлтының тыныштығын құртуға қақысы жоқ екендігін жеткізді. Бос жатқан жерлер болса ғана, оларды егіншілікке, аграрлық шаруашылыққа берсін. Бірақ басқалай мақсатта жерді иемденіп алуы отар елдің құқығын таптау. Мұндай келеңсіздіктер орын алса, сіздер өздеріңіз бірігіп, қарсылық танытуларыңыз керек... Әйтпесе, іс насырға шапқалы тұр...» деп ашықтан-ашық жеткізді. Мемлекеттік Думада Бородиннен дәл осындай қазақ ұлты үшін жанашырлықпен оқылған баяндамасына құрмет көрсеткендердің саны көп болды. Өйткені, орыс ұлытының азаматы бола тұра, қолында билік бола тұра, бұлай айту екінің бірінің қолынан келмеді.

1900 жыл мен 1917 жылдар аралығында өткен 1-ші Мемлекеттік Дума мен 2-ші Мемлекеттік Дума ешқандай мәселелерді шеше алмады. Жер реформасына қатысты мәселелердің шешілмеуіне сол кезеңдердегі түрлі объективті және субъективті жағдайлар бірден-бір әсер етті. Дегенмен, бір әттеген-айы, аталмыш Мемлекеттік Думалардың алғашқылардың қарабайырлыққа жол беріп қойғандықтан, кейінгі Мемлекеттік Думаларда да мемлекетке қатысты өзекті мәселелер шешілмеді. Тек Ресей өкіметі тарапынан жер реформасына сай қоныс аударушылардың мәселелері ұдайы шешіліп отырды. Ал көршілес ұлттардың, патша өкіметінің қол астындағы ұлттардың шешімін табудағы сәтсіздіктер – әр түрлі саяси және әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты болатындығын Ақмола өңіріндегі басылымдар сан мәрте ашып жазса да, әлеуметтік тұрмыстық сана шеңберінде тарихи мәселелер ескерілмей қала берді. Бұлардың бәрі сайып келгенде баспасөз құралдарының көптеген мәліметтерді жауапсыз қалдырып, кейбірін жарияламай, басқарушы күшті мақтап жазғаны байқалады. Мақалалардың басым бөлігі бүркеншік атпен жарияланған. Тек бірен-саран мақалалар ғана тарихи оқиғалармен сәйкес келеді. Бұдан шығар қорытынды Патшалық үкіметтің қыспағы, биліктің цензураға шектеу қойғанын аңғартады.

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: